Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕГЕ КЕЗ-КЕЛГЕН ШАРУА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ АЛАДЫ

ТҮРКІСТАН: ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕГЕ КЕЗ-КЕЛГЕН ШАРУА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ АЛАДЫ

Көктемгі егін егу жұмыстарына бөлінетін пайыздық мөлшерлемесі төмен несиеге кез-келген шаруа қол жеткізе алады. Жеңілдетілген несиені «Оңтүстік» АИО және «Ырыс» МҚҰ арқылы алуға болады. Түркістан облысындағы диқандардың қаржыны дер кезінде алып, тиімді пайдалануларын қамтамасыз ету мақсатында Қазығұрт, Төлеби, Сарыағаш, Келес, Түлкібас, Сайрам аудандарындағы кәсіпкерлермен кездесу өтті. Тиісті мамандар жергілікті халыққа 5 пайыздық несиені қалай алуға болатындығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. «Көктемгі дала жұмыстарын несиелендіру , қаржыландыру талапқа сай іске асырылады. Тапсырылған құжаттар ешқандай комиссиялық шығындарсыз, мүмкіндігінше ең қысқа мерзімде қаралады. Несие алушы негізгі қарызды және несие бойынша пайыздарды мерзім соңында өтейді»,- деді «Оңтүстік» Аймақтық инвестициялық орталығының басқарма төрағасы Мұхтар Әлімханұлы. Егін егу, жиын-терім жұмыстарына бөлінетін қаражат – жеке тұлғалар, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғаларға басым бағытқа ие барлық дақыл түрлері үшін беріледі. Несиені барлығы бірдей ала алады. Бастысы, кредиттік тарихында олқылық болмай, бизнес-жоспары болуы шарт.