Тіл – ұлт пен ұлтты жақындастыратын ең үлкен қатынас құралы. Адам тіл арқылы бір-бірімен байланыса алады. Мемлекет басшысының жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Кейінгі кездері мемлекеттік тілге деген мәртебе күн сайын артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы халыққа Жолдауында ана тілге басымдық беріп, барлық сала қызметкерлеріне міндеттеді. Сондықтан тілге деген құрмет қашанда бірінші орында тұруы тиіс.
XX ғасырдың басында ғұлама-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп еді. Еліміз тәуелсіздік жолының жиырма жетінші жылына қадам басқан тарихи шақта, басқа елдермен иығын тең тіресер кезеңде тіліміздің қазіргі жайы кімді болмасын толғандырмай қоймайды. «Ұлттың сақталуына да, жоғауына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Отбасы өзіміз де, тәрбие тілден басталады дейді.
Қай қоғамда да тіл мәселесі өзекті мәселе болатыны белгілі. Біздің ұлтта да тіл өзекті мәселе болып отыр. Қазақстанда қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Солай бола тұрса да бізде қазір көптеген қандастарымыз үй ішінде, сыртта, қоғамдық орындарда өзге тілде сөйлеп, қазақ тілінің сөйлеу өрісін тарылтып, қолданылу аясын әлсіретеді, тіпті жоғарғы жақтағы басшылардың өздері өзге тілде сөйлейді, қазақша сөйлегеннің өзінде шұбарлап сөйлейді. Шынында қазақ пен қазақтың, әке мен баланың, әріптестердің жұмыста қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз-ақ жәйт. Басты кемшілігіміз – осы.
Қазіргі таңда елімізде қазақ тілі мен орыс тілі қатар қолданып келеді. Еліміздегі ірі қалаларда орыс тілінің басымдылығы бар екені жасырын емес. Біз бұл көрсеткішті көтеру үшін әр қайсымыз ана тілімізде сөйлеп, ана тілінде қарым-қатынас жасауымыз керек. БАҚ құралдары мен қоғамдық орындағы іс-шаралар қазақ тілінде өтер болса, тілімізге сұраныс артар еді.
Ғалымдардың зерттеуінше, әрбір екі апта сайын әлемде бір тіл жер бетінен жойылып кетіп жатыр. Ал ХХІ ғасырдың аяғына қарай қазіргі 6 мыңнан астам тілдің тең жартысы мүлдем қолданылмайтын болады. Онымен бірге сол ұлттар да тарих қойнауына еніп кетеді. Бұл қорқынышты сценарийдің кейіпкері болып кетпеу үшін билік те, халық та басты құндылығын дәріптеп, өз шыңында ұстап тұруға атсалысу қажет.
Қазақ тілі сөйлейтін адамдарының саны жағынан әлемдік тілдер арасында 70-ші, тіл байлығынан үшінші орында. Сену қиын десек те деректер осылай. Ең бай тіл саналатын араб тілінде 12 миллион 300 мың сөз болса, бұл көрсеткіш ағылшын тілінде 750 мың, қазақ тілінде 600 мың, ал испан тілінде 300 мың, орыс тілінде 150 мың екен. Ал қытайлар болса 87019 иероглифті қолданады
Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Мемлекеттік тілді құрметтеу – Қазақстан азаматтарының міндеті болып саналады. Мемлекеттік тілді менсінбеушілік, сыйламаушылық және оның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін басқа да іс-әрекет жасаған азаматтар мен ұйымдар мемлекеттік мекемелер заң бойынша жауапқа тартылады.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,-деп қазақ атамыз тегін айтпаған. Тіл – ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. Сондықтан тіл әлемдегі ұлттық мәдениеттің ара қатынасында аса маңызды рөлге ие. Адамды биікке көтеретін ана тілі мен ата дәстүрі. Ана сүтімен бойымызға дарыған өз тіліміз біз үшін қашан да жоғары орында тұрмақ. Қанша тіл үйреніп, ой-санамызды кеңге өрістетсек те, өз тілімізді ұмыту мүмкін емес. Келешек жас буынға да осы үштілділікті үлгі етіп қалдырайық. Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін есте сақтағанымыз абзал.
Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл‑мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» делінген.
Қазіргі таңда сот өндірісіндегі құжат айналым бойынша шығыс және ішкі құжаттар мемлекеттік тілде жүзеге асырылуда, оны 100% жеткізіп, сапасын арттыру әрбір маманның міндеті.
Жалпы, мемлекеттік тілдің дамуына бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілер, яғни мына біздердің тигізер көмегіміз бен ықпалымыз зор.
Яғни, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігіне қарап, ер жетіп келе жатқан жастар өз болашағына қатысты бағыт-бағдарын таңдайды. Сол себепті, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілде жетік сөйлеп, қызмет көрсетсе, қоғамда да мемлекеттік тілге деген құрмет пен қажеттілік арта бермек.
Тілді қорғау әрі дамыту ең алдымен өзімізден бастау алынып, мемлекеттік деңгейде іске асырылуы қажет.
Мемлекеттік тілдің қолдану деңгейін одан әрі жетілдіріп, оны сот саласында дамытуға ерекше мән беріп, тіл тазалығына қамқорлық танытылу қажет.
«Тілі жоқ халық‑балық» ‑деп қазақтың дүлдүл ұлы Шерхан Мұртаза атамыз айтқандай, Тіл‑халық жаны хәм қазынасы. Ұлттың болмысы. Әп санаға үңілсек дамыған қоғамда сөйлейтін халық бар. Алайда Шераға өзінің ана тілі бола тұра, оны жоқ еткендер жайлы айтып тұр. Сондықтан ана тілдің тағдыры мемлекеттік тұрғыдан қорғалуы қажет.
Себебі тілдің мәртебесі‑елдің мерейі. Оны биікке көтеру, қолдану аясын кеңейту өзімізге байланысты.
Ана тіліміздің дамуы отбасынан бастау алады. Отан аясында дамиды.
Қазақ тілінің мәртебесін нығайту үшін барлық қазақстандықтар мен шетелдегі қандастарымыздың қазақ тіліне деген құрметін арттыру, қазақ тілінің табиғи қалпын сақтау қажет.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында, «Тіл туралы» Заңның 4-бабында: Қазақ тілі‑Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Сондықтан қазақ тілі тек қана қазақтар үшін емес, Қазақстанда мекен ететін әрбір отандасымыз үшін міндетті.
Демек тіліміздің мәртебесі Ата Заңымызда айшықталса, Заңда көрсетілсі, одан қалды анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыса, қазақ тілінің елімізде жүз пайыз салтанат құруына өзіміз басты себепкер екенімізді ұмытпауымыз керек.
Басқа мемлекеттік органдармен қатар еліміздің сот жүйесі де мемлекеттік тілдің аясын кеңейту, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізуде көбейту‑басты ұстаным ретінде қарастырады.
Тіл‑таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша тез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге, құрметтеу міндетті екенімізді ұмытпауымыз қажет.
«Ана тілін білмеген, анасын да сыйламас» демекші өз ана тілін білмеген жаннан, анасын сыйлайтын жанның шығуы неғайбыл. Халық үшін өзге тілде сөйлеу қауіпті емес, өзге тілде ойлау қауіпті. Қазақ пен қазақтың, әке мен баланың, әріптестердің жұмыста қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз-ақ жайт. Әрбір ұлттың ұлттық қадір-қасиетінің көрсеткіші – ұлттың мәдениеті мен тілі, салт-дәстүрі, сана-сезімі. Тіліміз – ең басты қазыналарымыздың бірі,байлығымыз.
Қазақстандықтар өз тілінде емес, өзге тілде сайрайды екен деген сөзге қалып жатқан жоқпыз ба? Осылай жүре берсек, біздің, күндердің бір күні тілімізден айырылу қауіпі бар. Тіл тағдыры ел тағдырымен бір болғандықтан, тілдің мәңгі жасауы халықтың ұлттық құндылықтарын біртұтас сақтай алуында. Қасиетті тіліміз бізге оңайлықпен жеткен жоқ, Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейханұлы сынды ұлт зиялыларының ерен еңбегімен келген ұлттық мұрамыз.
Заманның қысымына қарамай ұлт болашағын бұлыңғыр қылмау мақсатында, зиялыларымыздың ұсынған жолдары айрықша болды, дәл осы « тіл » бізге жеткен асыл мұра іспеттес. Егер де осы асыл мұраны аяқ асты етер болсақ, біздің, « қазақ » атымызға үлкен сын. Көлденең келген көк аттыға өз елімізде жүріп, оның тілінде сөйлесек біздің ұлттың, тілдің қандай қадір-қасиеті қалды. Қандай жағдайда болмасын « тіл »-ді сақтау, ұлттық құндылықты құрметтеу басты мақсат. Тілді құрметтейтін ел ретінде алдымен, қазақ тілін біліп, орыс және ағылшын тілдерін белгілі бір мақсаттар үшін меңгеруіміз керек. Оны күнделікті пайдалану қажет емес деп санаймын.
Еліміздің бәсекеге қабілеттілігі үшін елбасымыз «Үштұғырлы тіл» саясатын енгізген болатын. Ондағы мақсат елімізге ағылшын, орыс тілдерін үйретіп, қазақ тілін жерге көму емес. Тек заманның талабына сай халық болу, бір тілмен ғана шектелмей өзге тілді белгілі бір мақсатта пайдалану болатын.
Дана халқымыздың «өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген нақылы қазақ тілінің маңызын нақтылай түсті. Біздің халыққа орыс тілінің басымдығын сөз етсек болғаны, «қаншама жыл орыс құрсауында болдық» деген сылтаулар айтылады. Бұл артық әңгіме деп санаймын, себебі біз қазір жеке дара « Қазақстан » деген мемлекетпіз өзіміздің жеке тіліміз, дініміз, ұлттық құндылықтарымыз бар соны ескере отырып, өзге ұлттың тілін араластырып ұлттық тілді шұбарландыру қажет емес деп санаймын!
Қазақтың ұланғайыр атақонысында көзінің қарашығындай сақтап,келешек ұрпағына аманаттаған баға жетпес ардақты да асыл қазыналарымыздың бірі,ұлттық болмысымызды айқындаушы – ана тіліміз. Сондықтан да өз тілімізде сөйлеу басты парызымыз ғана емес, шұбарламай оны таза пәк күйінде сақтау азаматтық міндет деп ұғыну керек.
Қорыта келсек, қазір қазақ тілінің жағдайы аса күрделі жағдайда! Өз ана тіліміздің мәртебесін арттыру өз қолымызда екенін айта отырып, төл тілімізді жоғалтпай, оны тек төрге сүйрейік! Тіл мәртебесі – ел мәртебесі!
Әсел БЕРДІБЕКОВА,
«Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ақпараттық библиография бөлімінің бөлім меңгерушісі.