Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТЫҚ БАТАГӨЙ ҚАРИЯЛАР БАТА БЕРУДЕН ӨЗАРА МЫҚТЫНЫ АНЫҚТАДЫ

ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТЫҚ БАТАГӨЙ ҚАРИЯЛАР БАТА БЕРУДЕН ӨЗАРА МЫҚТЫНЫ АНЫҚТАДЫ

Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Ұлы Наурыз мерекесіне орай карантиндік талаптарды сақтай отырып аудандық мәдениет үйінде батагөй қариялар арасында бата беруден аудандық байқаудың ақтық сайысы өтті. Шараның мақсаты дәстүрлі баталарды кейінгі ұрпаққа насихаттау, ежелгі салт-дәстүрді жаңғырту. Байқауға ауданға қарасты 15 ауылдық округ, кенттерден 9 батагөй қарияларымыз іріктеліп, ақтық сынға жолдама алған болатын. Солар бас жүлдені сарапқа салды.

«Бабаларды еске алу және бата күніне» орайластырылған салтанатты шарада сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қасымбек ісшараның бар маңыздылығын айтып, байқауға қатысушы батагөй қарияларға сәттілік тіледі.

Тарих тақтасына жазылған көсемдер мен шешендердің тапқыр сөздері бүгінгі ұрпақтың сана-сезіміне ұялап, келешегіне бағыт – бағдар беретін, арман – мақсаттарына жетелейтін өсиет. Оны жеткізушілер сол өнердің қаспағын қырып, сарқытын ішкен аталар. Бабалар өсиетін, сөз саптасын, даналық ұғымын ұрпағына үлгі еткен қариялар аудандық байқауда өз шеберліктерін ортаға салып, 2 бөлім бойынша сайысқа түсті.Сайыс қорытындысымен бас жүлдені – «Ең батагөй қария» атағын және бас жүлдені:

І- орынды Мичурин ауылдық округінің атынан шыққан Бекжанов Жарылқасын атамыз;

ІІ- орынды Майлыкент ауылдық округінің батагөй қариясы Келімбетов Аспандияр атамыз иеленсе;

ІІІ-орынды Түкібас кентінен Даулетов Ермахан мен Кемербастау ауылдық округінен Абдыхалықов Ержан атамыз қанжығасына майлады. Жүлделі І-орынға 25 мың теңге, ІІ-орынға 20 мың теңге, ІІІ-орынға 10 мың теңгенің сертификаттары мен арнайы дипломдар табысталды. Ал, қалған қатысушыларға 7 мың теңгенің ынталандыру сертификаты берілді.