Home Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ 4 КӨПІР ЖӨНДЕЛІП, 100 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ 4 КӨПІР ЖӨНДЕЛІП, 100 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

Төлеби ауданында жыл соңына дейін 100 шақырымға жуық жол жөнделеді. Яғни, 45,8 шақырымды құрайтын 4 облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына облыстық бюджеттен 1 млрд. 74 млн. теңге және 44,9 шақырым құрайтын 27 көшеге аудандық бюджеттен 577 млн. теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Жалпы аудандағы асфальталған жолдардың көрсеткіші 50 пайызға жақындаған. Қорыта айтқанда, жолдардың қанағатанарлық көрсеткіші 80 пайызды құрайды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің ауданға ұйымдастырған пресс-туры барысында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлан Оспанов мәлімдеді.

Оның сөзінше, жолдан бөлек ауданындағы 4 көпірге жыл соңына дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

«Қазіргі таңда аудандық маңызы бар KXTL-20 «Екпінді-Ақмешіт» жолындағы көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарын мердігер мекеме «Бек-Шын Холдинг» ЖШС-і жүргізуде. Нысанды тапсыру маусым айында жоспарланып отыр. Одан басқа, Қаратөбе ауылындағы Балдыберек өзені арқылы өтетін көпір, Ханарық елдімекеніндегі Балдыберек өзені арқылы өтетін көпір және Ленгір қаласы Шахта Тоғыс ауылындағы Тоғыс өзені арқылы өтетін көпір күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне тапсырылатын болады», – деді Нұрлан Өксікбайұлы.

Сонымен қатар, алдағы уақытта елдімекендердің арасындағы көлік қатынастарын реттеу мақсатында 3 көпір де жөнделетін болады. Атап айтқанда, Султан Рабат елдімекені Жыланбұзған көшесіндегі, Султан Рабат Қарауылтөбе көшесіндегі, Алшалы ауылындағы көпірдің сараптама қорытындысы алынып, салалық басқармаға қаржыландыруға ұсыныс берілген. Сондай-ақ, Киелітас ауылдық округі Ақайдар елдімекеніндегі көпірді күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысын алуға тапсырылды.