Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ КӨЗІ – СУ ҚОЙМАЛАРЫН САЛУ

ТҮРКІСТАН: СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ КӨЗІ – СУ ҚОЙМАЛАРЫН САЛУ

Мемлекет басшысының Жолдауында кемінде 3,5 мың шақырым арнаны жаңғырту және цифрландыру міндеті қойылған, ол үшін қаржы ресурстары ғана емес, сонымен қатар су шаруашылығы инфрақұрылымының нысандарын жобалау мен салуды сапалы орындай алатын мамандандырылған ұйымдар да қажет. Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың га кеңейту туралы тапсырмасы өте маңызды болып табылады. Тапсырма өте өзекті, бірақ бұл оңай шаруа емес. Себебі  бүгінде суды үнемдейтін технологиялармен қамтылған суармалы жерлердің ауданы жалпы суармалы егістіктің 280 мың гектарын ғана құрайды, бұл  – 1470 мың гектар, немесе 19%.

Қазіргі қордаланған мәселе су шаруашылығы саласындағы жылдар бойғы үздіксіз реформаларға байланысты да күрделене түсті.  Мысалы, Су ресурстары комитеті бір ведомстводан екінші ведомствоға 6 рет көшті, бұл су шаруашылығын басқару жүйесіне де, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға да кері ықпалын тигізді.

Суармалы сумен қамтамасыз етудің маңызды көздерінің бірі – еріген және тасқын суды жинақтау бойынша су қоймаларын салу. Еріген суды жинақтау жөнінде осындай міндет бұрын да қойылған болатын, бірақ ол жүзеге асырылмады. Жылдар бойы ауылдағы су пайдаланушылар үшін тарифтерді көтеруге «тыйым» салынды. Суды суару қажеттіліктері үшін қолдану барысында оны табиғи ресурс ретінде де, егістікке су беруде де болмашы құнмен есептеліп пайдаланылды. Бұл оның талан-таражға салынуына, суды үнемді пайдалануға деген ынтаның жойылуына әкеп соқты, яғни Президент атап өткендей, судың көлеңкелі нарығы пайда болды. Тариф белгілеудің жаңа тәсілдерін енгізу су пайдалану қызметкерлерінің жалақысын арттыру, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың техникалық жай-күйін жақсарту бойынша көптеген мәселелерді шешуге, жоспарлы жұмыстар жасауға мүмкіндік береді. Тарифтік саясат су көзіне қолжетімділік, оны пайдалану мүмкіндігі деңгейінде құрылуы тиіс. Әрбір өзен бассейні үшін судың нақты құнын анықтау қажет. Онсыз суды үнемді пайдалану мүмкін емес. Бүгінгі күні «Қазақ су шаруашылығы» РМК белгілеп берген суармалы бөліністегі судың бүкіл республикаға бірыңғай тарифі – ақылға қонымсыз. Бұл тәсіл өте қолайсыз және әлемдік тәжірибеге қайшы келеді.

Мұндай ысырапшылдыққа жол беру – мемлекетке өте тиімсіз екені белгілі. Өзендер ағынының жартысы көрші елдерге байланысты екенін және олардың да өз суармалы жерлерін қарқынды дамытып отырғанын ескеруіміз қажет.

Бұл жағдай қазіргі кезде кеңінен қолданылатын жер үсті суару әдісінің орнына суарудың заманауи әдістерін (бүрку, тамшылату, топырақ асты) енгізуді талап етеді.

Сондықтан суармалы егіншілік саласында мемлекеттік қолдау саясатын өзгерту қажет. Мемлекеттік қолдау тек суды үнемдейтін технологияларды енгізетіндерге ғана көрсетілуі тиіс.

Су үнемдеу технологияларын енгізу және суды оңтайлы тұтынуды экономикалық ынталандыру шараларын қолданумен қатар су шаруашылығы инфрақұрылымын цифрландыру, оның ішінде суды пайдалануды есепке алу, мониторингтеу және болжаудың өзектілігі артып келеді.

Климаттың аридизацияға (құрғақшылыққа) ұшырау жағдайында жер асты сулары біздің стратегиялық қорымыз болып табылады. Ең алдымен, олардың қорлары мен сапасын объективті бағалап, жер асты суларының нақты дәлдік картасын жасау қажет. Мұндай іргелі зерттеулер ғалымдар мен гидрогеологтардың қатысуымен мемлекеттің қатаң бақылауымен жүргізілуі керек. Өкінішке қарай, бұл жұмыс қазіргі таңда көп жағдайда жеке ұйымдарға берілген. Еліміздегі мыңнан астам ауыл жергілікті сумен жабдықтау жүйелері есебінен (ұңғымаларды бұрғылау және блок-модульдерді орнату арқылы) сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп жоспарлап отырмыз, бірақ қазірдің өзінде онда жер асты суларының бекітілген қорларының дұрыстығы күмән туғызады.

Тағы бір мәселе, елде өздігінен ағатын иесіз 2200-ден астам ұңғыма бар. Қуаттылығы тәулігіне 50 м3  дейінгі су тартқыштарды салу үшін қазір арнайы су пайдалануға рұқсат алудың қажеті жоқ, яғни мұндай ұңғымаларды кез келген адам бұрғылай алады. Осылайша, біз стратегиялық ресурсымыз –  жер асты тұщы суын біржола жоғалтып жатырмыз.

Келесі бір өзекті мәселе – халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша мамандандырылған пайдаланушы ұйымдар жоқ. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша еліміздегі 235 орталықтандырылған және 483 жергілікті сумен жабдықтау көзі иесіз болып табылады.

Бізде сумен жабдықтау нысандарын салуға сұраныс бар, бірақ оларды күтіп ұстауға тиісті сұраныс жоқ.

2010 жылы құрылған «Қазсушар» РМК жұмысына көп сын айтылуда. Ғалымдар мен мамандар осы құрылымның қызметін талдай отырып, басқарманы («Қазсушар» аппараты 70-тен астам адамнан тұрады) шамадан тыс орталықтандыру облыстық буынның әлсіреуіне алып келді деген қорытындыға келді. Сонымен қатар кейбір аудандарда мамандар мүлдем жоқ, бұл гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігіне байланысты өзекті проблемаларды туындатып отыр.

Су мәселелерін шешу осы салаға қажетті кадрларды дайындаудан басталатыны анық. Сондықтан Президент Үкіметке ғылыми және кадрлық әлеуетті нығайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Су саласында білікті кадрлардың – гидротехниктер, гидротехникалық құрылыстардың инженер-құрылысшылары, гидрогеологтар, гидрологтар, гляциологтардың тапшылығы байқалады. Атап айтқанда, Су ресурстары комитетіндегі қызметкерлердің көпшілігінің осы салада практикалық тәжірибесі жоқ, 38 адамның тек 18-і ғана су шаруашылығының мамандары. «Қазсушар» РМК жүйесіндегі 7010 адамның тек жартысының ғана тиісті бейіндік білімі бар, бос жұмыс орындарының саны 652 бірлікті (немесе қызметкерлер штатының 9,3%-ын) құрайды. 8 бассейндік басқармада 182 адам жұмыс істейді, ал мамандардың айтуы бойынша әлі де 420 қызметкер қажет.

Ерекше назар аударатын жайт, жаңа су нысандарын дұрыс жоспарламау және салу – мемлекеттік қаражаттың тиімсіз пайдаланылуына ғана емес, сонымен қатар судың тиімсіз жоғалуына әкеп соғады.

Гидротехникалық құрылыстар мен бөгеттердегі апаттар көбінесе сол жердегі қызметкерлердің кәсіби маман болмауынан туындайды.

Бүгінде су шаруашылығы үшін кадрлар дайындау Қазақстанның 8 жоғары оқу орнында жүргізіледі. 2022 жылы еліміз бойынша су ресурстары және су пайдалану, гидрология, гидрогеология сияқты мамандықтарға 334 білім гранты бөлінді, оған тек 217 талапкер қабылданды. Яғни, бөлінген білім беру гранттарының 35%-ы игерілмей қалды. Егер, елде жыл сайын 200-ден астам су маманы ғана дайындалса, онда бұл саланы тиімді басқаруды қалай қамтамасыз етеміз?

«Қазіргі жағдайды талдай отырып, біз осы мәселені тудырған бірқатар факторды анықтадық. Талапкерлердің «беделді» деп саналмайтын осы мамандықтарды таңдауға ынтасы жоқ, себебі олардың көпшілігі ауылдық жерлерден келеді, олар аз стипендияға, төмен жалақыға және т.б. қанағаттанбайды. Сондықтан біз су саласы үшін кадрларды дайындау жүйесін шұғыл түрде қайта қарауымыз керек. Ең алдымен, жастардың осы сұранысқа ие мамандықтарды игеруге деген ынтасын арттыру қажет. Ол үшін бакалавриат білім алушыларының стипендиясын «Педагогикалық білім беру» және «Денсаулық сақтау» бағыттары бойынша стипендия деңгейіне дейін, яғни  36 660 теңгеден 58 800 теңгеге дейін ұлғайту қажет. Кадрларға сұранысты анықтау мониторингінің тетіктерін жетілдіруіміз қажет. Сондай-ақ ауыл мектептерінің түлектеріне ауылдық квота бөлу тетігін жетілдіру, ауыл шаруашылығы, оның ішінде су мамандықтары бойынша оның көлемін 35%-дан кем дегенде 50%-ға дейін арттыру қажет», -дейді А.Күрішбаев.

Мамандарды дайындау мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша, су шаруашылығы саласындағы жұмыс берушілердің өтінімдері және еңбек нарығының сұранысы бойынша жүргізілуі тиіс.

Жоғары оқу орны, кәсіпорын және студент арасында  үшжақты шарт жасасу қажет. Бұл ретте, жұмыс берушілер өз кәсіпорындарының базасында студенттердің практикасын, тағылымдамасын ұйымдастыруды міндетіне алады. Ал жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін түлектердің сонда жұмысқа орналасуына тапсырыс берушілер кепілдік береді.

Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25% өсетіні хабарланған болатын.

Сонымен қатар Қазақстанның әр аймағында су ресурстарын бөлумен және олардың пайдаланылуын бақылаумен айналысатын басқармалар пайда болады.

«Су саласында жұмысты тартымды ету қажет, жалақыны арттыру осы бағыттағы қадамдардың бірі болып саналады. Әрине, бар кадрларды сақтап қалу ғана емес, заман талабына сай жаңа кадрларды дайындау маңызды. Министрлік тиісті ұсыныс енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», деген болатын Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.