Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі бағыттардың бірі – құс етін өндіру ісі. Тиісінше, елімізде азаматтар күн сайын тұтынатын тауарды шығару ісі де, мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайлар да жақсы деігейде деп айта аламыз. Осы орайда, Түркістан облысының тұрғындарына түсіндіру жұмыстары бойынша ақпаратты ұсынамыз.
Осы ретте Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталып, жобаларды жүзеге асыру мақсатында құрылған «Сүлеймен ата» шаруа қожалығының жұмысымен танысқан болатын. Аталған өндіріс орны – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңір тұрғындарын құс етімен қамтуды көздейді. Құс фабрикасында «Бройлер» тауығының балапандары өсірілуде.
Алдағы уақытта жобаны кеңейту арқылы өнімді 120 тоннаға ұлғайту жоспарлануда. Тауарға сұраныс күн сайын артып, Түркістан қаласын толықтай қамтамасыз етіп отыр. Жобаның құны – 400 млн теңге. Сонымен қатар, фабрика жанында арнайы камбикорм бар. Онда күніне 8 тонна жылқы және құс азықтарын өндереді.
Фабрика барлық стандарттарға сай жасақталған. Құстарға жем, су беру толық автоматтандырылған. Онда халыққа сапалы, жоғары сұрыпты құс өнімдерін ұсынуда. Фабрикада құстар гармондық қоспаларсыз, өсу стимуляторлары қолданылмай, генетикалық түрлендіргіш заттарсыз өсіріледі. Алдағы уақытта фабриканы үлкейтіп, бірнеше кезең бойынша өнім санын да арттыруды көздеуде. Қазіргі таңда 12 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан төрт жыл бұрын Ауыл шаруашылығы министрі елімізде 155 мың тонна құс етіне арналған 12 жоба жобалау және іске асырылу кезеңінде тұрғанын мәлім етіп: «Салаға инвестициялар салынуда, жаңа қуаттылықтар іске қосылуда және қолда бар қуаттылықтар кеңейтілуде. «Макинск құс фабрикасы» (қуаты 25 мың тонна – бірінші кезең) пайдалануға берілді, «Әулие-ата Феникс» құс фабрикасында кеңейту (5 мың тоннаға) жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде, өндіріс 3 жыл ішінде 24 пайызға ұлғайып, 222,9 мың тоннаны құрады. Тиісінше, импорт үлесі 50 пайыздан 44,6 пайызға төмендеді», – деген Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында. Оның айтуынша, бұл жобалардың арқасында тұрғыдарды құс етімен қамтамасыз ету үшін жалпы қуаты 200 мың тонна болатын құс фабрикасы қосымша пайдалануға енгізілетін болған.
Сондай-ақ, 2023 жылдың орта тұсында сол жылдың басынан бері елімізде құс етінің өндірісі 2019 жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға өскені анықталды. Көрсеткішке сәйкес, аталған жылы қаңтар мен мамыр аралығында 100 мың тоннаға жуық өнім өндірілген.
Тиісінше, сол кезде Қазақстанда құс етін 24 құс фабрикасы шығарып, күн сайын олар 800 тоннаға дейін өнім өндіріп отырған екен. Бұл тұрғыда Ақмола облысында – 200 тоннадан астам, Алматыда – 350-ге жуық, Ақтөбе мен Атырауда – 7 тоннаға, Шығыс Қазақстан облысында – 130, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарында – 20-дан астам, Қостанай және Павлодар -14, СҚО – 6, ОҚО – 45 тоннаға жуық тауар өндіріп отырған.
«Айта кету керек, 2023 жылы республикада 223 мың тонна құс еті өндірілді, ал 2018 жылы 192 мың тонна . Өндірістің тұрақты өсуіне байланысты құс етінің импорты 4% -ға азайды. 2018 жылы 49% болса, 2019 жылы 45% -ға түсті. Ет өндірісін дамыту бағдарламасын жүзеге асырумен, сонымен қатар құс етін өндіруді мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі жүргізілгендіктен құс шаруашылығы өзінің тиісті нәтижесін берді. Атап айтқанда, құс етін одан әрі импортты алмастыруға арналған құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында жаңа құс фабрикаларын салу және қолданыстағы модернизацияны қаржыландыру шаралары қабылдануда. Бүгінде Қазақстанда 5 құс фабрикасының құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ, Алматы, Атырау және Қостанайдағы құс фабрикаларын жөндеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Еліміздегі жоғары сапалы өнім өндіретін қазіргі заманғы құс фабрикаларының бірі Шымкент қаласында орналасқан. «Шымкент құс» ЖШС 14 жылдан бері жұмыртқа мен бройлер етін өндіріп келеді. Зауытта жылына 115 млн жұмыртқа және 2 мың тонна ет өндіріледі. Қазір құстардың жалпы саны 600 мыңнан асады, олардың ішінде 400 мыңға жуығы тауықтар, 92 мыңнан астам бас жануар мен 115 мың бройлер бар. Компания 320 адамды жұмыспен қамтып отыр, олардың орташа жалақысы 105 мың теңге», – делінген сол кездегі мәліметте.
Сондай-ақ, 2023 жылдың күзінде Ауыл шаруашылығы министрлігі таяу жылдары республикада жалпы қуаты жылына 175 мың тонна өнім өндіретін 12 жаңа құс фабрикасы жұмысын бастайтынын айтып, бұл құс фабрикалары құс етінің импортына тәуелділік мәселесін түбегейлі шешетінін жария еткен.
«Қазіргі уақытта құс етінің импортына тәуелділікті қысқарту – Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі ең маңызды міндеттердің бірі. Байқалып отырғандай, өнім өндірісі артып келеді. Импортқа тәуелділік жыл сайын төмендеуде. Ауыл шаруашылығы министрлігі импортқа тәуелділік мәселесін жақын уақытта түбегейлі шешуді жоспарлап отыр. Сондықтан ет бағытындағы құс шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдауды арттыруға, оның ішінде жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларының қуатын кеңейтуге және жаңаларын салуға баса назар аударылады», – деп хабарлаған министрлік.
Сондай-ақ, жұмыртқаның әлеуметтік маңызы бар өнім екенін, оның құны көптеген тамақ өнімдері мен өндірістік тауарлардың өзіндік құнына әсер ететінін тілге тиек еткен ведомство ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқа өндірушілерді қолдауды және бір жұмыртқаны субсидиялау нормативін 3 теңгеден 1,5 теңгеге дейін азайта отырып, «тағамдық жұмыртқа өндірісін субсидиялау» бағытын сақтауды ұсынған. Бұл тұрғыда құс өсірушілерді қолдауға және сәйкесінше жұмыртқаның өзіндік құнын арзандатуға Үкімет 5 млрд теңгеден астам қаржы бөледі делінген еді. Сондай-ақ, жұмыртқа өндірушілерге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы айналым капиталын толықтыру үшін қаржыландырудың жеңілдетілген түрін алу мүмкіндіктері берілген.
«Дегенмен биыл жұмыртқа өсімі құс еті өндірісінің өсімімен алмастырылды. Осыған байланысты Қазақстандағы құс фабрикаларының барлығы дерлік жұмыртқа және ет бағыттарымен қатар айналысатынын айта кету керек. Бір бағытта ғана айналысатындар – құс шаруашылығында сирек кездесетін жағдай», – делінген хабарламада.
Осы ретте, Түркістан облысында өткен республикалық семинар-кеңесте ведомство басшысы әлемдік азық-түлік нарықтарындағы тұрақсыз жағдайға байланысты және отандық құс фабрикаларын қолдау, ішкі нарықтың тұрақтылығын сақтау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқа өндірушілерді қолдау көлемін ұлғайту туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Бұл тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрлігі асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына тағамдық жұмыртқаны субсидиялауды енгізу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізген. Осылайша, ереже жобасында жұмыртқа өндірісінің құнын арзандатуға арналған субсидиялар нормативін екі есе ұлғайту көзделген, ол құс фабрикасының қуатына қарамастан, бір данасына – 3 теңге болады. Бұл қолдау шарасымен еліміздің барлық жұмыртқа құс фабрикалары қамтылады және оларды субсидиялауға 6,5 млрд теңге бөлінген.
Сонымен қатар, былтыр жыл соңында Сауда және интеграция министрлігі елімізде тағамдық жұмыртқаны субсидиялауға 7,5 млрд. теңге бөлінгенін айтты. Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының мәліметінше, 2023 жылдың тоғыз айында ҚР құс фабрикалары 2 млрд 790 мың дана жұмыртқа өндірген. Бұл 2022 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 7,8 пайызға көп. Осылайша, Қазақстанда тауық жұмыртқасы өндірісінің көлемі артуда. Бұл көлем халықтың ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Мәлім етілгендей, күзде жыл сайын жұмыртқа бағасы қымбаттайды. Бұл маусымдық сипатқа ие, себебі сұраныс артады. Өндірушілердің айтуынша, қараша айының басында бағалар тұрақтанды және одан әрі өсуі күтілмейді.
«Жұмыртқа құс шаруашылығын дамыту үшін ауыл шаруашылығы министрлігі бір басына 60 теңге мөлшерінде тәуліктік тауық сатып алуды субсидиялайды. Субсидиялау қағидаларына толықтырулар енгізілді, оған сәйкес нақты өндіріс үшін жылына 5 млн данадан бастап данасы үшін 3 теңге мөлшеріндегі нормативпен жұмыртқа құнын арзандату үшін қолдау қалпына келтірілді. Биыл тағамдық жұмыртқаны субсидиялауға 7,5 млрд теңге бөлінді. Құс шаруашылығы ұйымдарының субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігі, салалық қауымдастықтар және Қазақстан құс өсірушілер одағы,»Азық-түлік корпорациясы «ҰК» АҚ арасында меморандум жасалды. Оған сәйкес Азық-түлік корпорациясы мал және құс шаруашылығы шаруашылықтарына ҚҚС-пен тоннасына 117,0 мың теңге бағамен 150 мың тонна астық сатады (бұл нарықтан 30% төмен)», – делінген министрлік хабарламасында.