Егер әлдебір шаруаңызбен Шымқалаға қарай көгілдір көктем, жаддыраған жаз мезгілдерінде сапарлай қалсаңыз Шілікке жеткеннен-ақ жолдың екі жанындағы көкорай шалғын жасыл желекті көргенде көңіліңіз шаттанып сала береді. Өздігінен өсіп-жетілген әралуан шөптерін сөз етпегенде шіліктік еңбексүйгіш жандардың өздерінің тиесілі жерлеріне жүгері мен жоңышқаны, әртүрлі жеміс ағаштары мен бау-бақшаларын ерінбей-жалықпай жайқалта өсіріп отырған елеулі ерен еңбектеріне еріксіз сүйсінесіз. Ия, баптай білсең жер жомарт. Қасиетті Жер-Анаға сіңірген бір дәніңіз уақыты келгенде жүздеген дән болып еселеп қайтып, қырманды тасытып, қамбаны толтыру үшін ала жаздай аянбай еңбек етіп, еккен дақылдарын агротехникалық талаптарға сай ойдағыдай күтіп-баптау қажет екендігін ауданымыздағы өзге де ауылдардағы сияқты шіліктік шаруақор ағайындардың өте жақсы түсінетіндігіне жуырда осы ауыл округіне арнайы сапарлау барысында айқын көрсетілдік.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздықтың жолбасшылығымен алғашқы табан тіреген жеріміз тек адал еңбекпен ғана тапқан бір үзім нанның тәтті де сіңімді болатындығын ізгілікті істері арқылы ұрпақтарына ұғындырып келе жатқан аяулы ана Роза Киізбаева жетекшілік ететін «Дәурен» шаруа қожалығының егістік алқабы болды. Ауыл әкімі мен оның іс басқарушы бас маманы қарсы алған қожалықтағы 5 гектар алқаптың 2 гектарына ақ жүгері, 1 гектарына қияр, 2 гектарына қарбыз бен қызанақ өсірілуде екен.
Мұндағы егілген дақылдарды қажетті талаптарға сай ойдағыдай күтіп-баптау міндеті жер қадірін жақсы білетін білікті дихан жігіт Файзулла Пернебайұлы Рахымовқа сеніп тапсырылғандай. Қимыл-қозғалысы ширақ, ісі тындырымды Файзулламен қай дақылды қалай егіп, қалай күтіп-баптау қажет екендігі жөнінде сыр шертісер болсаңыз біршама пайдалы мағлұматтарға, кеңестерге қанығатыңыз айтқан аз-кем әңгімелерінен айқын аңғарылса, тындырымдылықпен атқарылған тиянақты тірліктері одан әрі дәлелдей түсетіндей. Үш-төрт мәрте әбден қандырыла суарылып, кісі бойындай болып жайқала өсіп тұрған жүгеріліктің шашақтары салалы собықтары білектей-білектей болмыстары мен көз тартады. Барлық дақыл түрлері өз дәрежесінде күтіп-бапталып отырған қожалықта қазір жүгері мен қиярдың алғашқы өнімдері сауда дүкендеріне өткізіліп жатқанын естідік.
Біз бұл жерден облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының істі ұтымды үйлестіре отырып, бір алқаптан екі-үш рет өнім алу жөніндегі тапсырмасының мүлтіксіз орындалып жатқан озық үлгісін ұшырастырдық.Бұған дейін өнімі жиналып алынған алқапқа егілген жүгері мен қарбыздары әжептеуір көзге көрініп қалыпты.
Файзулланың қонақжайлық пейіл танытып, кішігірім қанжардай келетін пышағымен дәл ортасынан қақ бөле жарған дәмді қарбызынан дәм татып, берекелі істерге сүйсініс білдіріп, «қырмандарыңыз тасып, қамбаларыңыз дәнге тола берсін!» деген ізгі ниетті ақ батамызды берген біздер тамшылатып суару арқылы үйіргелік жерін гүлдендіріп, жайқалған бау-бақшаға айналдырып отырған Алтын алқалы ардақты ана Зәбира Ибрагимованың құтты шаңырағына атбасын бұрдық. Биімбет Оспанов сынды алтын қолды азаматпен бір шаңырақтың астында бірге түтін түтетіп келе жатқан жылдарында жеті ұл-қызды жарық дүниеге әкелген Зәбираның үйіргелік жерін игерудегі ісі кім-кімге болса да үлгі етерліктей екен. Ұл-қыздарын жастайынан ерен еңбекке баулыған отбасының ұқыптылықпен атқарылған тірліктері сүйсінтті. Арақашықтығы талапқа сай сақталып, қатар-қатар жүргізілген шлангалар арқылы суарылатын қызанақтары түгелдей түйнектеп, енді шамалы күндерден кейін көздің жауын алып қып-қызыл піскелі тұр. Жайқалып өсіп тұрған әртүрлі жеміс ағаштары да көңіліңіздің түпкіріндегі ризашылық сезіміңізді сөзсіз оятатын сияқты.
Шілікке сапарлау барысында біздер Сырлыбай Наурызбаев, Қабылбек Шадинов секілді еңбексүйгіш диқандардың престелген жоңышқаларын тасымалдап жатқдарына куә болдық. Ауылдастарының құлшына қимылдап жатқан тірліктеріне Айдархан әкім де, Берік «хатшы» да дән риза сияқты. Қос азамат бізге Жер – Ананың төсін идіріп, бұйырған нәпақаларын адал еңбектері арқылы айыруды мақсат еткен диқандар жөнінде мол мағлұматтар беріп, онсыз да риза көңілімізді көтеріп тастады. Әрине, әңгіме осы төңіректе қозғалғанда әншейінде сабырлы кісідей әсер қалдыратын Батырбектің де «арқасы қозып» қоя беретінін байқадық. Мұның өзі бөлім басшысының өз ісін ұңғыл-шұңғылына дейін жетік білетіндігін көрсететін үздік қасиет болса керек.
Жалпы, шіліктіктердің бүгінгі өмір талаптарын өте дұрыс пайымдап, аңғарып алғандай. Біз кездесіп, аз-кем әңгімелескен азаматтардың бойларынан атойлап тұрған еңбекке деген қызығушылық пен құштарлықты ынта-ықыласты айқын аңғардық. Бұл дегеніңіз біздің шын мәнінде Шілікте жан жадыратып, көңіл көншітерліктей, қалың жұртшылыққа үлгі-өнеге боларлықтай өнегелі тірліктер бар екен деген түйінді ойымызды шегелей түсті. Әрине, мұндай игі істердің көре білсек өзге ауылдардан да көрініс табатындығына нық сене отырып, олардың өрістерін кеңге жая түсуін тілеген ниетімізді ортаға салғымыз келеді.