Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: «НҰР-СҰЛТАН -ТҮРКІСТАН» МАРАФОНЫ АЯҚТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: «НҰР-СҰЛТАН -ТҮРКІСТАН» МАРАФОНЫ АЯҚТАЛДЫ


Бүгін « Нұр-Сұлтан-Түркістан » жүгіру марафонының қатысушылары Түркістан қаласына жетті. Тәуелсіздік күніне арналған марафон елорда мен жаңадан құрылған Түркістан облысының спорттық-мәдени әлеуетін көтеру, отаншылдықты, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қолға алынған. Айтулы спорттық іс-шараны «Астана желаяғы» марафон клубы” қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТҚ, «Nur Otan» партиясы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бірлесіп ұйымдастырған. Сонымен бірге Түркістан облысы әкімдігі де лайықты қолдау көрсетіп, марафоншыларды сән-салтанатымен қарсы ала білді.
Бұл марафон 28 қарашада Нұр-Сұлтанның мемлекеттік рәміздер алаңынан бастау алды. Оның ашылу салтанатына белгілі спортшылар, депутаттар, «Nur Otan» партиясының өкілдері, қоғам қайраткерлері, елордалық кәсіпкерлер мен құрылысшылар қатысқан болатын.
Қатысушылар ауа райының суықтығына қарамай, бетпақ даладан өтіп, Ақмола, Қарағанды және Қызылорда облыстарынан 1400 шақырымдай жол жүріп, Түркістан қаласына келіп отыр. Олармен бірге тәжірибелі құтқарушылар тобы, медициналық қызметкерлер де еріп жүрді. Марафон барысында қатысушылар елді мекендерде аялдап, жұртшылықпен кездесулер өткізді.
Марафонның жабылу салтанаты Түркістан қаласындағы Есімхан алаңында түйінделді. Салтанатты жиында Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Калыйма Жантөреева құттықтау сөз сөйлеп, отансүйгіштікке, спортты сүюге шақырған бұл бастаманың мәні зор екенін жеткізді. Көпшілікті келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ марафонның жетекшісі, «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТҚ төрағасы Талғат Ерғалиев жаңа тынысы ашылған Түркістан қаласына келгеніне қуанышты екенін, қалада игі өзгерістер көп байқалғанын жеткізді. Қатысушылар құрамында талай сындарда шыңдалған, күніне бірнеше сағат бойы тоқтамай жүгіруге қауқарлы, мықты азаматтар топтасқанын айтқан ол жастарды отансүйгіштікке, туған жерді қадірлеуге, спортпен шұғылдануға шақырды.
Жабылу салтанатында осы спорттық іс-шараны өткізуге еңбек сіңірген бірнеше азаматқа арнайы алғысхаттар тапсырылды. Марапатталғандар арасында Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары А.Бердашев, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев және өзге де азаматтар бар.
Салтанатты жиынға «Jas Otan» жастар қанатының өкілдері, Түркістан қаласындағы спорт мектептерінің бапкерлері мен спортшылары да қатысып, Нұр-Сұлтаннан Түркістанға жаяу келген марафоншылармен естелікке суретке түсті.
Мың шақырымнан астам жол жүріп келген меймандар Түркістан қаласының көрікті орындарын аралап, облыс орталығының даму барысына оң бағаларын берді.