Бүгін, 1 мамыр Қазақстан Халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында Қазығұрт ауданы Сарапхана ауыл округінде орналасқан «Мәңгілік Ел» саябағында тазалық акциясы болып өтті. “Өнегелі ұрпақ” деп аталатын сенбілік жұмыстарына Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішев, Қазығұрт ауданының әкімі А.Исмайлов, облыстық мәслихат депуттары Н.Әжіметов мен Н.Аширов қатысты.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барысында ұйымдастырылған сенбілікте саябақ ішіне гүл отырғызылып, ағаш көшеттердің түптерін қопсыту, ақтау және шөптерін ору секілді жұмыстар атқарылды.
Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әлмаханұлы барша өңір тұрғындарын республикалық акцияға белсене қатысуға шақырды.
– Әр бір ел тұрғыны өз ауласынан бастап, туған жерімізге жанашырлық танытып тазалық жұмыстарын жасайық. Аталмыш акция тоқтаусыз жалғасатын болады. Таза Қазақстан-таза қаладан, ал таза қала-таза ауылдан басталады. Демек, әрбір азамат шараға өз үлесін қосып, жұмыла атсалысуымыз тиіс,- деді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен басталған сенбілік жұмыстарына бүгінде халық қалаулылары белсенді бой көрсетіп келеді. Жер-жерде депутаттар сайлаушыларымен бірге тазалық жұмыстарын жасап, өскелең ұрпақты игі іске жұдырықтай жұмылуға шақыруда.