Home Әлеумет ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҮЛЕКТЕРІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ПЕН ИМАНДЫЛЫҚТЫ ҰШТАСТЫРУДА

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҮЛЕКТЕРІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ПЕН ИМАНДЫЛЫҚТЫ ҰШТАСТЫРУДА

Мектеп бітірген түлектер арасында баспанасыз жандарға қол ұшын созып жатқандардың қатары артқандай. Осындай түлектердің қатарында Түркістан қаласы, №16 Т.Бигелдинов атындағы жалпы орта мектебін 20 жыл бұрын бітірген түлектер барша қайырымдылық істері мен басқосуларын имандылық жолмен ұштастырмақ.

Атап айтатын болсақ, мектеп түлектері қайырымдылық істі өздерінің мүмкіндіктеріне қарай жоспарлап қойған. Соның алғашқысы өздері оқыған білім ұясының ауыз су тұтынатын орнын заман талабына сай етіп қайта қалпына келтірді. Сонымен бірге, мектеп маңында аймақ жастарын спортқа баулу мақсатында осындағы тұрғындардың қолдауымен спорт үйірмесіне арналған ғимараты ашылған. Түлектер жиған қаржысының бір бөлігіне осы ғимараттың жуынатын бөлмелерінің құрылысын жүргізбек. Оған қоса, түлектердің қайырымдылық бағдарламасының ішінде «А.Ясауи» атындағы жасөспірімдер кешенді оқыту орталығының (медресе) ғимаратында жылу жүйесінің ақауларын қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған.

Осындай шараларды іске асыруды көздеген түркістандық түлектер 25 мамыр – «Соңғы қоңырау» шарасынан соң күндіз сыныптастармен арнайы естелік суретке түсіп, кешкісін имандылық асханасында қаладағы «Шавгар» мөлтек ауданы тұрғындары мен аталмыш медресе шәкірттеріне арнап, ауызашар рәсімін өткізді. Оған дейін бақилық болған сыныптастар мен ұстаздардың рухтарына (Талғат Жабашев, Даугелдиев Нұрлыхан, Талғат Досов, Жалғасбек Құралбайұлы, Жәнібек Асылбеков, Раев Нұрсұлтан, Нұрсұлтан Жамалбекұлы, Камалов Мамадрасул,Қалымбетова Сауле ,Момбекова Тұмаркүл)  бағышталып «Хатым Құран» оқылғанын да айта кеткен жөн.

Енді мектеп бітіргеніне 20 жыл толған сыныптастар 16 маусым күні түлектер кешін ұйымдастырмақ. Шамамен 200 адамға жоспарланған басқосу да ішімдіксіз өткізіледі. Бұл жөнінде өз ойларын білдірген, осы шараны ұйымдастырушылар Мақсат Әлімбетов пен Әділхан Әбішев: «Атаулы күндегі барлық қадамымызды «халал» болсын деген ниетпен жасап отырмыз. Иә, күліп-ойнап жиған қаржымызды ойын-сауыққа арнасақ та бізге ешкім қой деп жатқан жоқ. Біздің негізгі мақсатымыз – артымыздан өсіп келе жатқан түлектерге осындай дәстүр болып қалыптасса деген ниеттен туындап отыр. Сонымен бірге, бізбен қатар Т.Бигелдинов мектебін бітіргеніне 10 жыл толған азаматтар да бар. Кешегі ауызашар, алдағы айда салауатты өмір салтын насихаттау мақсатындағы шағын футболдан өтетін жарысты осы інілерімізбен бірлесіп атқарып жатырмыз»,-деп барша бітіруші түлектерді құттықтады.

Қорыта айтқанда, Т.Бигелдинов атындағы жалпы орта мектебі түлектерінің қайырымдылық іспен қатар имандылыққа да шынайы бет бұрғанын аңғару қиын емес. Ендеше, осы бір түркістандық түлектердің ісі көпке үлгі болса екен дейміз. М.ӘЛМАХАН.