Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауына арналған маңызды жиын өтті. Бұл шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, облыстың бас имамы Ержан Сматұлы, ҚМДБ-ның Түркістан өңірі бойынша өкілдері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Жиында мемлекет басшысының Жолдауында айтылған басты реформалар мен жоспарлар, имамдардың қоғамның дамуына қосатын рөлі, мемлекеттің зайырлық ұстанымына қатысты мәселелер кеңінен талқыланды.
Президент кеңесшісі Түркістанның рухани және тарихи маңызына ерекше тоқталып, оның Қожа Ахмет Ясауи кесенесі арқылы киелі орталық ретінде танылғанын атап өтті. Мәлік Отарбаевтың пікірінше, Түркістанды идеология тұрғысынан дамыту – тек мәдени мұраға ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға да негізделуі тиіс. Ол бұл өңірдің рухани және ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі ерекше рөлін айрықша атап, Түркістанның ел бірлігі мен дәстүрлі құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудегі маңызын баса айтты. Сонымен қатар, жиын барысында Ұлттық құрылтайдағы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бағдарламасы аясында қоғамдағы адалдық, еңбекқорлық және ұлттық құндылықтарды насихаттау мәселелері де қозғалды. Алдағы 6 қазанда өтетін референдумға қатысты да маңызды баяндама жасалып, осындай саяси науқандардың ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті.
«Түркістан – тек тарихи қала ғана емес, ұлттың рухани бастауы, киеліліктің символы. Әрбір тасында терең тарих жатқан бұл шаһарды біз жиі «киелі» деп атаймыз. Себебі Түркістан аты аңызға айналған Қожа Ахмет Ясауи құрметіне құрылған. Түркістанның киелілік мәні мен рухани күшін түсіну – ұлттық идеологияны дамытуда басты назарда болуы тиіс». Бұл ойды Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Түркістанға жасаған іс-сапары барысында ерекше атап өтті. Түркістанға екінші рет ат басын бұрған Президент кеңесшісінің сапары ұлттық құндылықтар мен идеология мәселелерін талқылаумен ерекшеленді.
ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯДА ИМАМДАРДЫҢ РӨЛІ
Дін өкілдерімен болған жиында Президент Жолдауының маңыздылығы айтылып, дәстүрлі идеологияның құндылығы көтеріл-ді. Одан бөлек, қоғамның рухани дамуы мен мемлекеттің зайырлы ұстанымдары кеңінен талқыланды. Мәлік Отарбаевтың пікірінше, имамдар мен дін қызметкерлері қоғамның ру-хани ахуалына тікелей әсер ететін тұлғалар. Олар ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға қосар үлесі зор. Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы және облыстың бас имамы Ержан Сматұлы, сондай-ақ ҚМДБ өкілдері бұл жиында діни және ұлттық құндылықтардың бірлігін сақтаудағы дін қызметкерлерінің міндеттерін айқындады. Имамдар тек діни қызметпен шектелмей, ұлттық дәстүрлер мен әдебиетті де насихаттауы тиіс екені атап өтілді. Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың пікірінше, дін өкілдері дәстүрлі құндылықтарды халық арасында кеңінен таратуға ықпал етуі тиіс. Кез келген имам немесе дін қызметкері тек діни білім ғана емес, ұлттық мәдениет пен әдебиеттің негіздерін де насихаттауы қажет. Оның пікірінше, мешіттер мен басқа да діни орындарда тек діни кітаптармен шектеліп қалмай, дәстүрлі әдебиеттерді де насихаттау маңызды. Ұлттық идеологияның қалыптасуы мен сақталуы тек дін арқылы емес, ұлттық құндылықтар мен әдеби мұралар арқылы да жүзеге асады. Әрбір азамат өзінің тіліне, әдебиетіне, мәдениетіне құрметпен қарап, оны күнделікті өмірде насихаттау парызы екені айтылды.
Жергілікті имамдардың барлығы ұлттық дәстүрлі әдебиетті насихаттауы керек, жергілікті газетті оқуы керек. Сіздің газет пен кітап оқитын не оқымайтыныңызды 2 минуттық сөйлесуден анықтауға болады. Жақында Сарыағаштағы мешітке бардым. Сонда байқағаным, кітап сөресінде тек діни кітаптар тұр. Неге біз дәстүрлі бағыттағы кітаптарды осындай орындарда насихаттамаймыз? Ұлттық идеология, менің ойымша, осыдан басталады. Сондықтан дін өкілдерінің басты міндеті елдегі идеологиялық бағыттың тыныштығын ұстап тұру. Осыны ескеруі керек. Себебі діннің өзі тыныштық пен татулықты дәріптейді
Яғни, Президент кеңесшісі ұлттық дәстүр мен рухани мұраға ерекше назар аударып, әрбір жергілікті мешіт пен қоғамдық орындарда қазақ әдебиеті мен мәдениетінің кітаптарын көбейту қажеттігін айтты. Кітап оқу мәдениеті мен сауатты сөйлеу әрбір азаматтың бойында болуға тиіс қасиет екендігіне тоқталды.
ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ — ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІҢ НЕГІЗІ
Кеңесші өзінің баяндамасында қазіргі кездегі басты мәселелердің бірі — тіл тазалығы екенін баса айтты. Мәселен, қазақ тіліндегі кей сөздер әртүрлі жазылып, тілдің дұрыс қолданылуы ескерілмей келеді. Бұл тілге деген құрметтің әлсіреуінің белгісі. Тіл білімі институты мен психологтардың зерттеулері көрсеткендей, дұрыс жазылмаған сөздер тек сауаттылыққа ғана емес, адамның психологиялық жағдайына да теріс әсер етеді екен. Бір ғана қате жазылған сөз жүйкеге әсер етіп, адамдардың көңіл-күйін нашарлатуы мүмкін. Сондықтан, ұлттық бірегейлік пен рухани жаңғыру үшін ең алдымен тілімізді тазалауымыз қажет.
Ақпараттың дамығаны жақсы, алайда біз тілімізді бүлдіріп алдық. Қазір біздің елдегі ең басты мәселе – тіл тазалығы. Мысалы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институт профессорлары бір зерттеу жасапты. Республика бойынша «қонақ үй» деген сөз 17 түрлі жазумен жазылған екен. Біреу біріктіріп жазған, біреу қосып жазған енді бірі латынмен жазған. Осыдан Тіл білімі институты психологтармен бірге әр қате жазу адам психологиясына әсер ететіндігін, жүйкені тоздыратындығын анықтаған. Көрдіңіздер ме, бір ғана қате жазу идеологиялық тұрғыда халықтың сауатына қаншалықты әсер ететінін
Бұл сөздер тек қазақ тіліне ғана емес, жалпы ұлттық санаға қатысты екенін көрсетеді. Ұлттық идеологияның басты тірегі — тіл. Ал оның дұрыс сақталуы мемлекетіміздің мәдениетін және рухани құндылықтарын нығайтады.
ГАЗЕТ ОҚУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?
Сондай-ақ, Мәлік Отарбаев газет оқу мәдениетінің маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, газет оқу – қазіргі заманның талаптарына жауап беретін, ақпараттық қоғамның негізгі көрсеткіштерінің бірі. Президенттің газет оқитындығын ерекше атап өтіп, мемлекет басшысы күнделікті жұмысында ақпаратты игеруге және сараптауға көп көңіл бөлетінін ескертті. Осы орайда, Президенттің газет оқу дәстүрі – қоғамның ақпаратқа деген қызығушылығын арттырудың үлгісі. Мәлік Отарбаев: «Бізге қоғамның сауатын арттыру үшін өзімізден бастау керек. Президенттің газет оқуы – әрбір азаматқа үлгі», – деді. Дін өкілдері, қоғамның рухани негізінің тірегі ретінде, газет оқу мәдениетін дамытуда белсенді рөл атқаруы тиіс. Мәлік Отарбаев дін қызметкерлерін газет оқуға шақыра отырып, олардың қоғам пікірін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті. «Имамдар мен дін қызметкерлері газет оқып, қоғамдағы өзгерістерден хабардар болуы тиіс. Бұл – олардың жұмысында маңызды», – деді ол. Газет оқу – тек ақпарат алу ғана емес, ол азаматтардың ой-санасын, талғамын және білімін арттыруға бағытталған әрекет. Мәлік Отарбаев газет оқуды насихаттау арқылы азаматтардың саяси сауатын көтеруге және қоғамдық-саяси процестерге белсенді қатысуына жол ашуға болатындығын айтты.
Жергілікті имамдардың барлығы ұлттық дәстүрлі әдебиетті насихаттауы керек, жергілікті газетті оқуы керек. Сіздің газет пен кітап оқитын не оқымайтыныңызды 2 минуттық сөйлесуден анықтауға болады.
ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Мемлекетті мешіттен бөлек қарау Қазақстанның зайырлылық тұжырымдамасының негізі болып табылады. Бұл ұстаным елдегі діни сенімдер мен мемлекеттік саясаттың бір-біріне тәуелсіздігін білдіреді. Мәлік Отарбаевтың айтуынша, зайырлы мемлекетте әр азаматтың дінге қатысты таңдау еркіндігі бар. Сонымен қатар, мемлекеттік саясат азаматтардың діни сенімдерін шектемей, керісінше олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Мемлекет пен діннің өзара ықпалынсыз әрекет етуі – қоғамның тұрақтылығы мен бірлігі үшін маңызды негіз. Зайырлы мемлекет тұжырымдамасы Қазақстанның ұлттық идеологиясының ажырамас бөлігі. Мәлік Отарбаевтың пайымдауынша, Қазақстан зайырлылық қағидаларына сүйене отырып, діни сенімдер мен азаматтық құқықтарды теңестіру жолында үлкен қадамдар жасады.
Зайырлылық – бұл дінсіздік емес, керісінше, дін мен мемлекеттің ара жігін анықтап, қоғамдағы әртүрлі мәдениет пен сенімдерге құрметпен қарау. Зайырлы мемлекетте әрбір дін өкілі өз сенімін еркін ұстануға мүмкіндік алады. Сіз бен біздің басты міндетіміз – мемлекет тыныштығын сақтауға ықпал ету, өзге көзқарас пен өзге идеологияның еніп кетпеуін қадағалау
ТҮРКІСТАН – ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ ТОҒЫСҚАН ОРДА
Мәлік Отарбаевтың пікірінше, Алтын Орда – қазақ мемлекеттілігінің бастауы, оның заңдылығы мен рухани-мәдени мұрасының іргетасы. Ал Түркістан – ұрпақтар сабақтастығының символы. Мәлік Отарбаевтың айтуынша, Түркістанды тек тарихпен байланыстырмай, оны келешекке бағдарланған қала ретінде қарау керек. Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы – ұлттың рухани негізін құрайтын маңызды тұғыр.
Түркістанды дамыту, оның киелілігін сақтау арқылы біз болашақ ұрпаққа ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды аманат етіп қалдырамыз. Ұрпақтар сабақтастығы арқылы Түркістан ұлттық идеологияның тірегі ретінде көрінеді
Түркістан – еліміздің рухани жүрегі. Оның киелілігі мен ұлттық идеологиясы бір-бірімен тығыз байланысты. Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың іс-сапары барысында айтылған пікірлер қоғамның рухани дамуына бағытталған маңызды ойлармен толықты. Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, қоғамды рухани дамыту – бүгінгі таңдағы басты міндет. Түркістан идеологиясы тек өткеннің мұрасы ғана емес, болашаққа деген рухани бағдарымыздың негізі болмақ. Ал ұлттық идеологияның негізін сақтау — тек қана тіл мен әдебиетке құрметпен қарауда емес, оны күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдыруда жатыр. Сондықтан, әрбір қазақстандық өз рухани мұрасына деген жауапкершілікті сезінуі керек.
Ғалия БИСЕЙІТ.