Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: АГРАРЛЫҚ САЛАҒА НЕСИЕ БЕРУДІҢ ЖАҢА ҚАҒИДАЛАРЫ БЕКІТІЛДІ

ТҮРКІСТАН: АГРАРЛЫҚ САЛАҒА НЕСИЕ БЕРУДІҢ ЖАҢА ҚАҒИДАЛАРЫ БЕКІТІЛДІ

Елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуда ауыл шаруашылығы саласын өркендетудің маңызы зор деп санаймыз. Ал, бұл саланы ұшпаққа шығару үшін шаруалар мен диқандарға тиімді жолдарды көрсетіп, керек болса қолдау жасайтын Үкімет қажет-ақ. Тиісінше, соңғы жылдардың жүзінде ауыл шаруашылығы министрлігі мен ел Үкіметі бірқатар жоспарлар түзіп, көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. Осы орайда, Түркістан облысының тұрғындарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша ақпаратты ұсынамыз.

Естеріңізде болса, 2021 жылдың соңында Үкіметте Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы таныстырылған болатын. Бұл жобаны ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірлеген. Ұлттық жобаны әзірлеу кезінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, алдыңғы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру қорытындылары ескеріліп, тіпті жобаны дайындауға халықаралық FAO ұйымының сарапшылары шақырылған.

Біз айтып отырған ұлттық жобаның негізгі міндеттері мынадай болатын:

– еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру;

– отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі;

– өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту;

– 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру.

Өз кезегінде, бұл жоба туралы сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі: «Еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру мақсатына қол жеткізу үшін негізгі факторлар айқындалды.Тұқым шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру, тұқымдарды қадағалау жүйесін құру, сондай-ақ тұқым өсіру шаруашылықтарын қазіргі заманғы техникамен және жабдықтармен техникалық жарақтандыру есебінен дамыту жоспарланып отыр. Минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру мақсатында өнеркәсіптік өндірістің органикалық тыңайтқыштарын субсидиялау және агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының қызметі мен материалдық-техникалық базасын жетілдіру көзделген. Техникалық жарақтандырылу деңгейін арттыру мақсатында инвестициялық субсидиялау жалғастырылады, сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бағдарламалары кеңейтіледі. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су беруді субсидиялау тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады. Бұл су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңдарды 450 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деген болатын.

Сондай-ақ, экс-министр 2021 жылдан бастап 5 жыл көлемінде еліміздің агроөнеркәсіптік кешені қалай дамытылатынын баяндаған. Оның айтуынша, 2011-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттырып, отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту, сондай-ақ ,7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыруға қол жеткізу жоспарланған. Тиісінше, тұқым шаруашылығын мемлекеттік қолдау іс-шараларын іске асыру, тұқымдарды қадағалау жүйесін құру, сондай-ақ тұқым өсіру шаруашылықтарын қазіргі заманғы техникамен және жабдықтармен техникалық жарақтандыру есебінен дамыту жоспарланған. , минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру мақсатында өнеркәсіптік өндірістің органикалық тыңайтқыштарын субсидиялау және агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының қызметі мен материалдық-техникалық базасын жетілдіру межеленген. Өз кезегінде, аталған іс-шаралардың қабылдануы жоғары сапалы тұқымдарды пайдалану үлесін қажеттіліктің 93 пайызынан 98 пайызына дейін, минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін 20 пайыздан 29 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік беріп, нәтижесінде дәнді дақылдардың өнімділігі 10-15 пайызға артатыны айтылған.

Сонымен бірге, Ербол Қарашөкеев техникалық жарақтандыру деңгейін арттыру мақсатында инвестициялық субсидиялау жалғасып, ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің бағдарламалары кеңейтілетінін, нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 4 пайыздан 6 пайызға дейін ұлғаятынын мәлімдеген. Оған қоса, елімізде су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу, су беруді субсидиялау тетігін жетілдіру жөнінде іс-шаралар қолға алынып, Қазақстанда демонстрациялық фермалар желісін құру және қуаты жылына 1 000 қондырғыға дейінгі қазіргі заманғы суару жүйелерін шығаратын зауыт салу жобасы іске асырылатын болған.

«Импортқа тәуелділікті төмендету және мал шаруашылығы өнімінің экспортын арттыру мақсатында қарқынды мал шаруашылығына көшу жалғастырылады. ОЛ үшін фермерлік шаруашылықтарға мал сатып алуға кредит беру көлемін ұлғайту, азық өндірісін ынталандыру, шалғайдағы мал шаруашылығын және жайылымдардың инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ селекцияның қазіргі заманғы әдістерін, оның ішінде жасанды ұрықтандыру мен эмбриондарды телуді енгізуді ынталандыру жоспарлануда. Бұл өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылықтарын 100 пайыз жүктемемен қамтамасыз етуге, сондай-ақ мал мен құстың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Облыстық деңгейде құзыреттілікті дамыту орталықтары және аудандық деңгейде ауылдық ақпараттық-консультациялық орталықтарды жаңғырту есебінен, сондай-ақ фермерлердің біліктілігін қашықтықтан арттырудың қазіргі заманғы нысандарын енгізу арқылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін білім тарату жүйесімен ауқымды қамту жолымен білім тарату жүйесі жетілдіріледі», – деген экс-министр.

Экс-министр Ұлттық жобаның басым бағыттарының бірі – өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен экспортын дамыту екенін де мәлімдеп, бұл мақсатта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды толық жүктеуді, сондай-ақ қазіргі заманғы кәсіпорындар салуды және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуды көздейтін іс-шаралар кешені әзірленгенін айтқан. Ол жобалардың барлығы өндірістің қосымша өсуін және тиісінше қосымша экспорт көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өңдеу жөніндегі жаңа жобалар санатына кіретін.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық жобаның басымдығы ет, жеміс, көкөніс, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалардың айналасында 7 экожүйе қалыптастыру болмақ. Бұл қосылған құны жоғары түпкілікті қазақстандық өнім жасауға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын іске тартуға мүмкіндік береді. Жалпы, 5 жыл ішінде 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету, осылайша 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарлануда», – деген экс-министр.

Ал, тағы бір сөзінде трансұлттық компаниялардың қатысуымен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 10 аса ірі инвестициялық жобаны іске асыру пысықталып жатқанын айтқан.

Ол туралы экс-минситр: «Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасының III бағытын іске асыру аясында Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының 2021 жылғы 18 қазандағы хаттамасына сәйкес, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымдары арқылы қаржыландыру жолымен құны 311,9 млрд теңгені, қаржыландыру сомасы 100,0 млрд теңгені құрайтын 40 инвестициялық жобаның тізбесі бекітілді. Алдын ала бағалау бойынша 40 инвестициялық жобаны іске асыру 4 263 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деген.

Сондай-ақ, былтырғы жыл бастала салып ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жылдамдату керектігін айтты.

«Мемлекет басшысы көктемгі егіс жұмыстарын сапалы және уақтылы жүргізу қажеттігін ерекше атап өтті. Диқандарды арзандатылған дизель отынымен, тұқыммен, тыңайтқыштармен және пестицидтермен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Облыстардың әкімдіктері тиісті технологияларды қолдану арқылы ылғал қорын сақтау және оны үнемдеп пайдалану бойынша іс-шараларды қабылдауы қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы жылғы 1 маусымға дейін бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе құра отырып, мемлекеттік қолдау механизмін қайта қарауды және оңтайландыруды, сондай-ақ ақпараттық жүйеге тегін кіруді қамтамасыз етуді тапсырамын. Шаруашылық көлемі мен нысанына қарамастан агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін мемлекеттік қолдау шараларына тең қол жеткізу және олардың қарсы міндеттемелерін бекіту міндетті шарт болуы тиіс», – деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар, биыл мамыр айында Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Премьер-Министр Әлихан Смайылов Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне несие берудің жаңа тәсілдері енгізілетінін айтып: «Агроөнеркәсіптік кешенді (бұдан әрі – АӨК) дамыту және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі 2018-2022 жылдар аралығында АӨК субъектілерін субсидиялауға шамамен 1,7 трлн теңге (2018 жылы – 226 млрд теңге; 2019 жылы – 323,2 млрд теңге; 2020 жылы – 362,6 млрд теңге; 2021 жылы – 371,5 млрд теңге; 2022 жылы – 450 млрд теңге) бөлді. Сонымен қатар, АӨК субъектілеріне несие беруде жаңа тәсілдерді енгізу бойынша іс-шаралар қабылдануда», – деген.

Оған қоса, халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы басталғанын айтып, сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайыздан аспайтын, ең жоғары мерзімі 7 жылға дейінгі шағын несие берілетінін жеткізген. Тиісінше, пилоттық жоба аясында 100 млрд. теңге бөлініп, 17 мыңнан астам шағын несие беру жоспарланды. Бұл бағдарлама бүгінде еліміздің бірнеше өңірінде жүзеге асырылып жатыр.

Одан бөлек, Үкімет басшысы: «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы АӨК саласындағы ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін тираждау бойынша жұмыс жүргізілуде. Қарыз беру шарттары барынша жеңілдетілген. биылдың өзінде бұл мақсаттарға 100 млрд теңге бөлінді. Соның есебінен 65-ке жуық сүт-тауар фермаларының құрылысы қаржыландырылатын болады. Бұл ретте, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру кезінде елдер қабылдаған қолданыстағы міндеттемелер аясында 2022 жылдың қорытындысы бойынша өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы құнынан ішкі қолдау деңгейі Беларусь Республикасында 10% міндеттеме кезінде 2,5%, Қазақстан Республикасында 8,5% міндеттеме кезінде 4,8%, Қырғыз Республикасында 5% міндеттеме кезінде 0,13% және Ресей Федерациясында 5% міндеттеме кезінде 2,88% құрайтынын атап өту қажет. Осылайша, АӨК субъектілеріне мемлекет көрсететін қолдау деңгейі басқа елдер көрсететін қолдаудың ұқсас деңгейімен байланысты екенін атап өтеміз», – деді.

Осылайша, жуырда ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға несие берудің жаңа қағидаларын бекітті. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңінен тарату шеңберінде бүкіл ел бойынша сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы қарыздың ең жоғары сомасы – 5 млрд. теңгеге дейін 10 жылға дейінгі мерзімге 2,5%-бен несие беру жоспарланып отыр. Бұл несиелер үміткерлерге жаңа кәсіпорындар құру немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды, оның ішінде сүт-тауар фермалары (қуаты 400 бастан бастап), ет бағытындағы құс фабрикалары (жылына 5000 тонна құс етінен бастап), көкөніс қоймалары (1000 тоннадан бастап), сондай-ақ заманауи су үнемдеу технологияларын (шашырату, тамшылатып суару) пайдалана отырып суармалы егіншілік саласындағы жобаларды (картоп, көкөністер, жемшөп өндірісі) кеңейту үшін берілетін болады. Бағдарламаны іске асыруға 2023 жылы республикалық бюджеттен 100 млрд. теңге бөлінді. Аталған қаржы 65 сүт-тауар фермасының құрылысын қаржыландыруға бағытталатын болады.