Home Басты жаңалықтар « ПАРА БЕРМЕ! » ЧЕЛЛЕНДЖІ БАСТАУ АЛДЫ

« ПАРА БЕРМЕ! » ЧЕЛЛЕНДЖІ БАСТАУ АЛДЫ

Сыбайлас жемқорлық – ел экономикасының тұралауына әкеліп соғатын әлеуметтік індет.

Оның қоғамда тамырын жайып, белең алуы – билік пен бұқара арасындағы сенімге селкеу түсіріп, ел тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне айтарлықтай залал келтіреді.

Сондықтан да, бүгінгі күні қуатты мемлекеттер қатарына қосылуға ниетті мемлекетіміз айрықша басымдықты сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресуге емес, қоғам дертінің алдын-алуға бағыттап отыр.

Бұл тұрғыда, азаматтар үшін сыбайлас жемқорлықты тиімсіз ету, яғни «Пара бермеу» қағидатын қарапайым халық арасында кең көлемде тарату аса маңызды рөл атқарады.

Осыған орай, бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мен « Түркістан – Адалдық алаңы » жобалық кеңсесінің бастамасымен « ПАРА БЕРМЕ! » челленджі бастау алды.

Челлендждің негізгі мақсаты – пара беруді қалыпты құбылыс, әрі жеке мәселелерін шешудің қолжетімді әдісі ретінде қарайтын халықтың үлесін түбегейлі азайту және қоғам арасында пара беруге теріс көзқарас қалыптастыру.

Аталмыш акция барысында жобалық кеңсе менеджерлері қалалық полиция қызметкерлерімен бірігіп, киелі өңірдің тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Түсіндіру шараларында «Пара беру» Қылмыстық кодекс бойынша ауыр қылмыс болып табылатыны атап көрсетіліп, жемқорлық көріністерінің туындауына ықпал ететін себептерден алшақ болу қажеттігі түсіндірілді.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық фактілеріне ұшырасқан жағдайда, тегін ақпараттық-консультациялық қызмет көрсететін Агенттіктің 1424 Call-орталығына қоңырау шалу керектігі атап өтілді.

Айта кетсек, «Пара берме!» челенджі облысқа қарасты барлық мемлекеттік мекемелерді қамтып, алдағы уақытта тұрғындар тарапынан туындайтын сыбайлас жемқорлық деректерінің азаюына ықпал ететін болады.