Отырар шайқасына – 800 жыл толуы және Жастар жылымен тұспа-тұс келген Ұлыстың ұлы күнін Отырар ауданы ерекше форматта атап өтті.
«Оқсыз» спорт кешенінде жасөспірімдер арасындағы «Қазақ күресі» спорттық ойынынан бастау алған мерекеде «Наурыз кубогы» сарапқа салынды.
Облыстық турнирге Отырар ауданындағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің 1999 жылғы түлектері демеушілік көрсетіп, Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Шардара, Бәйдібек, Ордабасы аудандарынан келген жас балуандар бақ сынады.
Мерекелік жиын аудан орталығындағы спорт алаңында « Қош келдің, әз Наурыз » мейрамымен жалғасын тапты. Көктемнің келгенінен, мерекенің басталғанын сүйіншілеген жаршылардың хабары мен қызыл-жасыл гүлге оранып, күн мен түннің белгілері салтанат құрған театрландырылған қойылым аясында 70 жұрттың тілін біліп, жеті қат көктің сыры мен дүние ғалам құпиясын зерттеген астраном ғалым, Отырар топырағында туған әлемге аты әйгілі Әбу Насыр әл-Фарабидің бейнесі сом-далды.
Аудан өнерпаздары Отыз бабтың мекені – Отырардың рухын асқақтатып, тұлғаларының есімін түрлі композициялық нөмірлер арқылы жаңғыртты. Ұлы ғұлама, даңқты дарындар туып, түлеген қасиетті мекеннің жалғасы бүгінгі жалынды жастарға баса мән берген мерекелік шара көптеген жас өнерпаздардың сахнадағы тұсауын да кесті.
Ұлыстың ұлы күнінде аудан тұрғындарын мерекелерімен құттықтаған аудан әкімі Ерлан Айтаханов биылғы айтулы мейрамда салт-дәстүрлерді жаңғыртуға баса мән берілгенін айтты.
– » Біздің ата бабаларымыздың салт-дәстүрлерін қайтадан жаңғыртып жатқан бұл мерекені қазіргі экономикалық тұрақтылық, халықтардың өзара түсіністігі мен бірлігі арқасында жарқын көңілмен, ықыласпен қарсы алуды дәстүрге айналдырдық. Наурыз мейрамы-Тәуелсіз еліміздің дамуы мен гүлденуі жолында халқымызды бір-бірімен одан сайын тығыз жақындастыра түседі»,-деді аудан басшысы Ерлан Айтаханов.
Қазақстанның халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова мен аудандық ардагерлер кеңесінің хатшысы Сатыбалды Жаңабай ақсақал да асыға жеткен мерейлі мерекемен жұртшылықты құттықтап, әр шаңыраққа құт-береке, ынтымақ пен бірлік тіледі.
Одан әрі мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, ауданның 600-ге жуық өнерпаздары жергілікті ақын-сазгерлердің әндерін орындады.
Наурыз тойына келген тұрғындар ақшаңқай киіз үйлерді аралап, Наурызкөжеден дәм татып, «Арқан тарту», «Қазақ күресі», «Қой көтеру» секілді ұлттық ойындарды тамашалады.