Аудан әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаев Қажымұқан ауыл округін аралады.
Іссапар барысында Темірландағы әкімдік бөлімдеріне арналған ғимараттың, 300 және 600 орындық үш мектептің құрылысымен, « Самал 2,3 » мөлтекаудандарындағы инфрақұрылым жүргізу барысымен танысты.
« Черемушки » мөлтекауданындағы аулалардың жағдайын көріп, кәріз жүйесінің қажеттілігіне тоқталды. Сонымен қатар, Қажымұқан ауыл округі әкімшілігі ғимаратын, Қажымұқан атындағы орталық стадионды, Жастар сарайын, ардагерлер үйін, орталық саябақты аралады. « Қайнар » шипажайының, асыл тұқымды ешкі шаруашылығының, « Бейнеу-Шымкент » магистралды газ құбырының №19 « Темірлан » АГТС жұмыс барысын көрді.
Темірлан ауылында 2017 жылы пайдалануға берілген 14 екі пәтерлі тұрғын үйдің жағдайымен танысты.
Іссапар барысында Әліпбек Шәріпбекұлы абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру мәселелерін тез арада шешіп, ауылішілік арық-атызды қалыпқа келтіру туралы нақты тапсырмалар берді.