Мақтаарал ауданында жайылым жер жоқтың қасы. Сондықтан, мұнда малды бордақылаған өте тиімді. Қазірдің өзінде ауданда 150-ге жуық мал бордақылау алаңдары жұмыс істеп жатыр. Соның бірі – « Құдайберген » шаруа қожалығы.
Шаруа қожалықтың иесі Тыстыбай Сырайловтың 2,5 гектар аумақты алып жатқан және құны 120 миллион теңгені құрайтын фермасы бар. Оның ішінде 400 мал басқа арналған қора-жайы дайындалып, жем-шөп сақтайтын қоймасының құрылысы аяқталған. Жеке меншігіндегі 10 гектар егістік жерінен жоңышқа егіп, қазіргі таңда өнімін жинап алған. Жеке кәсіпкердің ендігі мақсаты – мал басын көбейту үшін үлкен көлемде несие алып, ет өнімін экспортқа дейін шығару болатын.
Мемлекеттің қолдауының арқасында Т.Сырайлов қазіргі таңда « Аграрлық несие корпарациясы » акционерлік қоғамынан « Қарапайым заттар экономикасы » бағдарламасы аясында мал бордақылау алаңына 29,4 миллион теңге несие алып, жұмыс жүргізіп жатыр. Осылайша облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жеке кәсіпкер 1000 бастық мал бордақылау фермасын салу жобасына қатысуда.
Айта кетейік, аудандық « Алтын күз-2019 » ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің іс-шарасында аудан әкімі Бақыт Асанов Т.Сырайловты « Озат мал бордақылаушы » номинациясы бойынша марапаттаған болатын. Кейіпкеріміз 10 айдың қорытындысы бойынша 31,5 тонна ет өндірген.