Home Әлеумет Калькадан қалай құтыламыз?

Калькадан қалай құтыламыз?

Қазақ тілінің бүгінгі ең бір өзекті мәселесінің бірі – калька мәселесі. Ана тіліміздің болмысын толық түсінбей, орыс тілінен тікелей аудару деген кеселге тап болдық. Ендеше калька дегеніміз не? Оның психологиялық, лингвистикалық, грамматикалық ерекшелктері бар ма? Калькаға қалай ұрынбауға болады? Тіпті, шындығын айтқанда одан қалай құтыламыз? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Мысалда да мысал бар

Қазақы жазу машығының қажеттілігі бүгінде тіл білімінің барлық саласынан байқалады. Әсіресе, сөйлем құрау дағды­мыздың орыс тілі синтаксисі жетегіне бейімделіп бара жатқаны алаңдатады. Аталған үрдістің жаппай белең алуына, біріншіден, басқарушы орган қызмет­ші­лерінің көбіне орысша оқығаны себеп болса, екіншіден, елімізде аударма үдері­сі­нің дұрыс жолға қойылмауы да айтар­лық­тай ықпал етіп отыр. Калька дегеніміз – біздің дүниетанымымызға жат, қазақ тілінің табиғатына келмейтін, сол күйінше қабылданып кеткен сөздер мен ұғымдар. Оны келесі мысалдардан көруге болады.

«Орыс тілінде «констатация фактов» деген бар, ал қазақ тілінде ол ұғым жоқ. Мәсе­лен, орыстар «я думаю», «я желаю», «я счи­таю» деп сөйлейді, кейбір қазекеңдер соны ті­келей алып «деп ойлаймын», «деп тілей­мін», «деп санаймын», одан басқа «деп айтуға болады», «деген пікірдемін», «деп білемін» деп тілді бүлдіріп жүр. Осы жер­дегі «деп, деген» сөздері қандай сөйлем мү­шесі болады? Ешқандай ережеге кел­мейді. Мәселен, «бақытты болыңыз деп тілеймін» емес, жай ғана «бақытты бо­лыңыз!» деп айтқан дұрыс.

Сосын орыстарда «будем награждать», «будем утверждать» деп сөйлейді. Оларда «будем» жүреді. Ал бізде қазақ тілінде ауыспалы келер шақ бар, ауыспалы осы шақ бар. Әйтсе де, бұл ерекшелікті ес­кермей, көп жерде, әсіресе телеарналарда, мәселен «Жарнамадан соң жеңімпаздарды жариялайтын боламыз» болмаса «анық­тайтын боламыз» деп жатады. «Келетін болады», «баратын болады» деп жатады. Осы жерде «боламыз, болады» деген сөз­дер­дің не қажеті бар. Жай ғана «жария­ланады, анықталады» десек, біз сол келер шақтық мағынаны -е, -а, -и көсемшеле­рімен-ақ бере аламыз. Мысалы, «мен ертең келетін боламын» деп айтпаймыз ғой. «Мен ертең келемін». Болды!», – дейді филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева.

«Азаматша» мен «төрайым» – кімдер?

Тіл мамандары, біз тіпті кешірім сұ­рауды да ұмытып қалғанымызды айтады. «Кешірім сұраймын, кешірім өтінемін» деген сөз «приношу извинение», «прошу прощение»-нің калькасы. Жай ғана «ке­шіріңіз», «ғафу етіңіз» деген дұрыс. Сон­дай-ақ «негізінен, жалпы алғанда» деген сөздері қолдану да дұрыс емес. Ол «в об­щем, в основном» сөздерінің калькасы. «Негізінен ол сабаққа уақытылы келеді» делік, осы жерде «негізінен» сөзі не үшін керек, сосын ол қандай сөйлем мүшесі бола алады? Ендеше ол сөз артық, алып тастау керек – «Ол сабаққа уақытылы ке­леді». Болды. «Өз кезегінде» деген сөз де сол – «в свою очередь»-тің калькасы. «Өз кезегінде ол ризашылығын білдірді» емес, жай ғана «ол ризашылығын білдірді». Бұл сөз айты­латын ойға ешқандай да мағына қоспайды.

«Азаматша», «төрайым» деген сөздерді талдап көрелікші. Бұл жерде -ша жалғауы неге керек? Кішкентай нәрсені білдірер кезде -ша, -ше жалғаулары қолданылады. Ал «азаматша» дегенде біз оның кішкентай түрін меңзеп тұрмыз ба? Жоқ! Ендеше ер адам да, әйел адам да «азамат» болып қала бергені дұрыс. Оның үстіне, қазақта ай­қын­дауышта жынысқа бөліну деген жоқ. Сол сияқты «төрайым» сөзін қабыл­дасақ, онда неге «аға лейтенант», «аға оқытушы», «аға ғылыми қызметкер» деген сөздерді әйелдерге қатысты «әпке лей­тенант», «әпке оқытушы», «әпке ғылыми қыз­меткер» деп айтпаймыз. Сондықтан да бұл жерде тағы да ер адам да, әйел адам да «төраға» болып қала беру керек. Ендігі бір мәселе, орыс тілінде адам аттарын А.С.Пуш­кин, Л.Н.Толстой деп қысқар­тады. Соған қарап біз М.О.Әуезов деп жүрміз. Бірақ осы ізбен келдік те Қ.А.Ясауи, М.Х.Дулати деп те қысқарттық. Бұл – дұрыс емес. Өйткені Қожа Ахмет әлде Махмуд Хайдар оның аты немесе әкесінің аты емес, дәрежесі. Мұның бар­лығы құр еліктеуден шыққан нәрсе. 2013 жылғы «Орфографиялық сөздіктің» өзінде осылай жүр. Бұл кітапта одан да өзге қате­лер көп. Сондықтан бұл кітапқа басыбайлы сүйенуге болмайды. Мұндай нәрсенің бәріне біз өте абай болуымыз керек. Қазір шыны керек, біздің тіліміз бықсып кетті»,– дейді Орынай Жұбаева.

Жалпы, қазақша құрастырылған, яғни жазылған немесе аударылған қазіргі мәтін­дер­де кальканың екі түрі кездеседі. Олар – лексикалық калька және грамматикалық калька. Бұлардың қай-қайсысы да қазақ мәтіндеріндегі сөйлемдерді нормадан ауытқытады. Мәселен, лексикалық калька салдарынан кей сөз өз мағынасына сай қолданылмайды. Сөзді орнымен жұмсамау, біріншіден, ол сөздің орыс тіліндегі қолда­нысын ғана ескеруден туындайды. Ал грамматикалық кальканы өз ішінен сөз бен сөз тіркесі деңгейіндегі және сөйлем деңгейіндегі калька деп бөлуге болады.

«Грамматикалық калькаға мысал: «Қа­ра­ғандыда «Тойота» көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды» – В Кара­ганде произошло дорожное-транспортное происшествие с участием автомобиля «Тойота». Жалпы, «қатысу» қимыл есімі – адамға қатысты қолданылатын сөз. Бас­қаша айтқанда, әлденеге қатысу үшін уәж (мотивация), яғни мақсат қажет. Ал кө­лікте мақсат та, уәж де болмайтыны түсі­нікті. Сондықтан бір ғана «қатысуымен» сөзінің салдарынан бұл сөйлем қазақы танымға түбірімен жат болып шықты. Дұрысында, сөйлем «Қарағандыда жол-көлік оқиғасы болды. Онда «Тойота» көлігі соғылғаны анық­талды» түрінде болуы керек. Тағы бір мы­сал, орыс тіліндегі «жи­вой голос» тірке­сінің «жанды дауыс» бо­лып аударылуы. Қазақ тілінде «табиғи» деген сөз бар. Сонда тіркестің дұрыс бала­масы «табиғи дауыс» болады», – дейді фи­лология ғы­лым­дарының кандидаты, доцент Жан­болат Баймұрынов.

Бөліскенің дұрыс! Нені?

Келесі бір тіл жанашыры, филология ғылымдарының докторы Жантас Алтай­ұлы­ның айтуынша, кальканың жақсы жақ­тары да бар екен. Мәселе оны шебер аудара білгенде. Мәселен, «Ештен кеш жақ­сы», «Асауға тұсау», «Көздің қарашы­ғын­дай сақтау», «Лай судан балық аулау», «Түймедейді түйедей ету» деген секілді сөз тіркестері калька аудармалар. Бірақ өте сәтті аудармалар. Сондықтан да мәселе аудармашыда болып тұр.

«Ең сәтсіз, дендеп кеткен калька аудар­малардың бірі – «суретімен бөлісті», «пікірімен бөлісті», «тәжірибесімен бөліс­ті» деген сөздер. Дұрысы, бұл жерде «суретін бөлісті», «пікірін бөлісті», «тәжірибесін бөлісті» боп табыс септігімен айтылуы керек. Егер «пікірімен» бір нәрсені бөліссе дұрыс, ал «пікірдің», «тәжірибенің» өзін бөліссе, онда «пікірін», «тәжірибесін» болады. Бірақ бұл кеңінен таралғаны соншалық, қазір кәрі де, жас та осылай сөйлейді. Сондықтан қайтадан дұрыс нұсқаға оралу керек. Бұл сіңісіп кететін болса, түптеп келгенде өзімізді шатас­тыратын болады», – дейді Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жантас Жақыпов.

Тіл – ардың ісі

Ахмет Байтұрсынұлы: «Халықтың өмірі бір жылдап, он жылдап, жүз жылдап емес, мың жылдап саналады. Сол мың жылда өзінің дағдылы жолы болады. Орысша үйреніп дағдыланғандар орыс тілінің, ноғайша үйреніп дағдыланғандар ноғай тілінің жүйесімен кетіп қалады» деп бізді сақтандырған екен. Сол айтқаны дәл келіп, біз бүгінде шынын айтқанда, калька мәселесінде орыс тілінің жүйесімен біржолата кетіп қалдық. Тілімізді сонымен бүлдіріп алдық. Ендеше тығырықтан шығар жол қандай?

«Қазір біз көзін тырнап ашқалы осын­дай калька мәтіндерді оқып өскен буын­ның заманына келдік. Кітапты оқымай­тын ұрпақ виртуалды әлемде қазақ тілінің орнын іздеп бас қатырмайды. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Сондықтан да қазақ тілі мәселесін қолға алатын уақыт келді. Оның қолданыс аясын кеңейтуде техно­логия­ларды да көптеп тарту керек. Әйтсе де, не­гізгі мәселе, мәтін жазушы жазар­ман­­дарда болып тұр. Ол аудармашы бол­сын, жазушы, журналист немесе бір-бі­рімен хат-хабар алмасатын мекемелердің қыз­меткерлері болсын, бірінші кезекте қазақ тіліне деген көзқарасын өзгертуі қажет. Қазір былайғы халық тұрмақ, калькасыз сауатты жазады деп қай-қай БАҚ өкілдерін де мақтай алмаймын. Егер халыққа қа­зақша ақпарат таратып отыр­ған, хат-хабар жазуға қатысы бар кез келген маман өзінің қазақи сауаттылығына жауапкершілікпен қарап, ар-ұждан ал­дында тілге деген перзенттік борышын адал атқаратын болса, онда тілдің де жағ­дайы оңалар еді. Менің бір ұсынысым – егер қазақша ойлауға, қазақша жазуға шорқақ азаматтар болса, қазақ тілінде мәтін жазып, оны көпшілікке таратудан өз еркімен бас тартулары қажет. Мекеме басшылары да осы мәселеге мұқият болғаны дұрыс. Қа­зақшасы нашар адам­дарды ісқұжаттарды жүргізу жұмысына тартпауы тиіс немесе оларға тиісінше талап қоюы қажет. Тіл – ардың ісі. Осы­ны дұрыс түсінейік», – дейді Жантас Жақыпов.

Тіл тазалығы үшін айыппұл салу керек

Байыптап қарар болсақ, қазақ тілінің реципиенттік сипаты – бір жағы термино­логия саласынан көрінсе, екінші жағы елімізде аударманың көбіне қай тілден қай тілге жасалатынымен де байланысты. Ол, әрине бірінші кезекте – орыс тілі. Ресми және бейресми қатынастардың бәрінде мемлекеттік тілге жетеқабыл деңгейде құқық беріліп отырған үш тұғырлы тіл саясаты тәуелсіздік алғалы бері қазақ тілінің тұрқын тұқыртып келеді. Осыған орай ішкі құжат айналымында іс жүргізуге қатысты мәтіндердің әуелі орыс тілінде құрастырылып, қазақ тіліне сонан кейін аударылу үрдісі бары жасырын емес. Мұның салдары қазақ тіліне аударылған, құжаттық сипаты бар мәтіндерді нормадан ауытқытып, оларды басы артық оралым мен тіркестің жиынтығына айналдырып отыр. Сондықтан да бұл үрдістен бас тартатын кезең келген сияқты.

«Меніңше, біріншіден, қазақ тіліне деген қажеттілікті күшейту керек. Биліктен бастап қазақша сөйлегісі келсе қазақша, орысша сөйлегісі келсе орысша сөйлейді. Екіншіден, қазақ тіліне талапты арттыру керек. Қазақ тілі ғылым тілі болудан қалып барады. Біз қазір мақаламызды тек ағыл­шын­ша, орысша жазып жатырмыз. Қазақ­ша жазған мақалаң ешқандай рейтингке қосылмайды. Менің мысалы 800-ден астам мақалам бар. Оның ешқайсысы рейтингке қосылмайды. Бұл дұрыс па? Сосын, кім болса, ол болсын, қазақша қате жазған адамдарға айыппұл салу керек, әкімшілік жауапкершілікке тарту керек. Ақшалай жаза берер болса, көзқарас та өзгере бастайды. Көшелерде қателер толып тұр. Тіл сақшысы деген бағдарлама болатын, соларды жандандыру қажет. Құр ұраннан, нақты іске көшетін уақыт жетті»,– дейді Орынай Жұбаева.

Иә, тіліміздің былғанып біткені рас. Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасырдың басында: «Түркінің асыл тұнық ана тілін сол күйінше, сол қалпынша сақтап қалған бүкіл абырой мен алғыс тек қазаққа тиесілі» деп еді. Біз қазір, шыны керек, сол абыройдан жұрдай болдық. Бұлай кете берсе, ана тіліміз калькалық ассимиляцияға ұшырап, құбыжық тілге айналмақ. Ақыр соңында славян дүниетанымының ық­палымен жоқ болып кетпесіне кім кепіл? Ал тілі жоқ ел – түгі жоқ ел екенін ұмыт­пағанымыз абзал!

Рауша МҰҚАНОВА,

Қазақ, ағылшын және неміс

тілдерінің мұғалімі, жоғары санатты ұстаз, бірнеше әдістемелік құралдарының авторы,

балалар жазушысы

Данат ЖАНАТАЕВ,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

Абай НҰРСҰЛТАН,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курc магистранты