Біз көбейіп келеміз. Нақтырақ айтсақ, әлі де көбейе алмай жатырмыз. Демографиялық өсім бұрынғыға қарағанда, тәуір болғанымен, алаңдайтын мәселелер әлі де бар… Елімізде халықтың өсуінде баяу болса да, жақсы көрсеткіш болғанымен, алаңдайтын нәрселер бар деуіміз бекер емес. Бізде кейінгі кезде орыстану процесі қарқын алғанға ұқсайды. Әлем ұлтты тану процесіне бой ұрса, қазақ билігі, қазақ ата-анасы ұлтсыздану қадамына аяқ басып бара жатқандай. Мысал керек пе, айтайық.
Елордамыздағы қазақ сыныптарында 108 мың, орыс сыныптарында 85 мың бала оқиды. Шымкент қаласындағы қазақ сыныптарында152 мың, орыс сыныптарында 54 мың, өзбек сыныптарында 20 мың бала білім алады. Ал Алматы шаһарындағы қазақ сыныптарында 140 мың, орыс сыныптарында 153 мың бала оқып жатыр.
Енді осы ретте, оңтүстік астанамыздағы білім ордасында оқитын оқушылардыңэтникалық құрамына сараптама жасай кетейік. Алматы қаласындағы мектеп жасындағы балалардың этникалық құрамы: қазақтың саны – 195 мың, орыс – 53 мың, ұйғыр – 19 мың, кәріс – 5,5 мың, татар – 3,3 мың, әзірбайжан – 3,2 мың.
Алматыдағы демографиялық көрсеткішке қарап не ұқтық? Біз көп ретте, кінәні орысшыл биліктен көреміз. Ал, ақиқатында, кілтипанның бәрі де ата-анада. Алматыдағы орыс сыныптарында 153 мың қазақ баласының оқып жатқаны нені аңғартады? Біз әлі кеңестік жүйеден қалған «қазақ сыныбында үлгерім төмен» деген таптаурын болған ескі түсініктен арыла алмай келеміз. Шын мәнінде, олай емес. Қазақ ата-ана неге орыс мектебіне баласын жетектеп апарып кіргізеді? Қазақтың демографиялық өсімі барған сайын бұрынғыдан қарқын алса да санада қалған жаман әдет – «орысша оқыса, адам болады» деген қате түсінік бар. Ең қиыны да осы. Орысша оқыған бала ешқашан қазақ бола алмайды. Ұлтсыздану процесін біз осылай қолдан жасап келеміз.
Бір ақиқатты мойындауымыз керек: қазақтың демографиялық қарқынын Түркістан облысы ғана арттырып келеді. Бір ғана мысал, 2020 жылы Түркістан облысында 70243 қазақ баласы дүниеге келсе, ал сол мерзім аралығында Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай,Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстанда 72021 бала дүниеге келген. Міне, жалғыз Түркістан облысының өзі Қазақстанның алты аймағының көрсеткішін беріп отыр. Бұл қуанатын нәтиже және алаңдайтын мәселе. Алты аймақ бір облыстың туу көрсеткішіне зорға жетіп отыр. Сол үшін не істеу керек? Қазір баяу жүргізіліп жатқан солтүстікке көшу бағдарламасына мемлекет баса мән беруі қажет. Дерекке жүгініп, оңтүстіктегі демографиялық өсімге қайта неге орала береміз? Мысалы, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тұратын орыс, өзбек, ұйғыр, украин, неміс және әзірбайжанның барлығын қосқанда, олардың көрсеткішінен артық қазақ баласын дүниеге келтіріп отырған оңтүстік аймаққа ризашылығымыз шексіз.
Халықтың көбейгені, қазақ санының артқаны, ең алдымен, өзімізге жақсы.Өткен жылы бала туу саны жағынан Қазақстан рекордтық көрсеткішке жетті. 425 мың сәби жарық дүние есігін ашты. Бұл 1987 жылдан кейін ғана қайталанып отыр. Көңілге қуаныш әкеледі. Ал көршіміз Ресейде ше? 2021 жылдың қаңтар айында 95 мың бала ғана дүниеге келген. Бұл статистика тарихындағы ең төменгі көрсеткіш. Биылғы қаңтар айында Ресейде 226 мың адам қайтыс болған. Бұл туудан 2,4 есе жоғары. Алаңдайтын-ақ жағдай. Ал бізде ше? Соңғы үш жылда, шамамен, жыл сайын 450 мың шамасындағы бала мектеп табалдырығын аттап отыр. Өкініштісі, қазақ үкіметі балаларды білім ордасымен қамтамасыз ете алмай келеді. Сондықтан қазақ билігі, алдымен, жас ана мен балаға жағдай жасауы керек.
Еліміздегі демографиялық өсімге үкімет мән бермесе болмайды. Биыл Қазақстан халқы 19 миллионға жетуі мүмкін. Бұл көрсеткіш, шамамен, жаз айында орын алады деген болжам бар. Ал көршіміз Өзбекстан күзде өмірге келетін 35 миллионшы өзбекті күтіп отыр.
Биыл Қазақстанда өтетін халық санағы көп нәрсені айқындап береді деген үміттеміз. Алдын ала айтылған деректерге қарағанда, қазір елімізде тұратын қазақтың саны 13 млн-нан асты.Бұл 1989 жылы Кеңес Одағында болған санақтан кейін қазақтың саны екі есе артқанын көрсетеді.
Мақаланың толық нұсқасымен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар: https://zhasalash.kz/sayasat/qazaq-tilinde-oqymagan-bala-ulttyn-uly-bola-ala-ma-16174.html