Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ұлттық мереке – әз Наурыз мейрамына орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің «Сапар орталығында» «ҒАСЫРЛАР ТАЛҒАМЫНАН ӨТКЕН АСЫЛ ҚАЗЫНА» тақырыбында көрменің ашылуы өтті. Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толуына орай наурыз айы қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүрінің айы ретінде белгіленіп отыр. Күллі түркі халқы үшін жаңарудың символына айналған Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шараны Отырар ауданы әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов пен Отырар қорық-музейі директорының м.а Жангелді Махашов ашып берді. Көрмеде музей қорындағы қолөнер түрлерінің бірі-тоқыма және киіз басу өнерінің бірегей туындылары, сонымен қатар жүн өңдеу, иіру, тоқуға арналған құралдар көпшілік назарына ұсынылды. Музей қорындағы қолөнер түрлерінің әр қайсысының талай ғасырлық тарихы бар. Қазақ халқының қолөнері санау ескі заман тарихымен бірге өсіп, біте қайнап келе жатқан, өзінің төлтума бітім қасиетімен, көркемдік мән-мағынасымен шын мәнінде, халқымыздың ғасырлар талғамынан өткен асыл қазынасы. Қазақ халқы өзінің күн көріс тіршілігіне қажетті үй-жай салуды, киім кешек тігуді, азық-түлік өндіруді өзінің тұрмыстық кәсібі етіп, оларды күнбе-күн тіршілік барысында пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән салтанат құра білді. Халық шығармашылығының қандай түрі болса да халық өмірі мен, сол халықтың қоғамдық тарихымен, кәсібімен тығыз байланысты екенін осы көрмеден көруге болады.Көрме бір ай көлемінде көпшілікке насихатталады.