Home Басты жаңалықтар АРЫСТЫҚТАРМЕН БІРГЕМІЗ

АРЫСТЫҚТАРМЕН БІРГЕМІЗ

Арыстағы орын алған төтенше жағдайға байланысты ел ішінде түрлі алып-қашпа әңгімелер өріп жүр. Алайда оның барлығы дерлік шындыққа жанаспайды. Керісінше, ел ішінде үрей туғызуда. Сондықтан мұндай әрекеттерге қатаң бақылау қажет. Қазір барлық қазақстандықтар Арыс халқына барынша қол ұшын беруге тырысып жатыр. Қайырымдылық шаралардың саны күн санап артып отыр. Бұл елдің ынтымағы мен бірлігінің, бауырмалдығының белгісі. Осы ретте елді ынтымақ бірлікке үндейтін ақсақалдардың орны ерекше. Осыны ескерген Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев ауданның бір топ ақсақалдарымен кездесіп, елді алып-қашпа әңгімелерден арылтып, жұрттың үрейін қашырмауға үндеуге шақырды. Өңір басшысы кездесуде арыстықтарға жетісайлықтар тарапынан жасалып жатқан барлық қамқорлық шараларын атап өтіп, қиындықтардың артта қалғанына тоқталды.
            «Апат айтып келмейді. Қазақта «Тас түскен жеріне ауыр» деген аталы сөз бар. Қазақ халқының бауырмалдығы мен ынтымағы осы сәтте сынға түсті. Арыстықтарға қамқорлық танытудан ешкім аянып қалып жатқан жоқ. Елдің ауызбірлігі мен ынтымағының арқасында алғашқы күндергі қиындықтар артта қалып отыр. Осы ретте жетісайлықтардың да қамқорлық шараларынан құр қалмағаны қуантады. Алғашқы күні 1 жүк көлігіне тиелген азық-түлік пен халыққа қажетті керек-жарақтар Монтайтас ауылындағы эвокуациялау орнына жеткізілсе, бүгін тағы екі жүк көлігімен азық-түлік жөнелтіліп отыр»,- деді Жамантай Бейсенбаев.
Бұдан бөлек, ауданда қауырт желі іске қосылды. Осының арқасында Арыс қаласынан бас сауғалап Жетісай ауданындағы ағайын-туыстарын паналап келген 100-ге тарта адамға барлық қажетті көмек көрсетілуде. Оларға азық-түлік пен киім –кешек, медициналық көмек берілуде.