Home Әлеумет 50 мың теңге туралы түсініктеме

50 мың теңге туралы түсініктеме

ҚҰРМЕТТІ ТҮРКІСТАНДЫҚТАР!

50 мың теңге туралы түсініктеме

Елімізде коронавирус індетінің алдын алу, аз қамтылған отбасыларға көмектесу үшін Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Birgemiz» республикалық қоғамдық құры құрылғаны белгілі. Қорға еліміздегі ірі кәсіпкерлер, ауқатты азаматтар, жетекші компаниялар қолдау білдіріп жатыр. «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы республика бойынша облыс орталықтары мен тұрғын саны көп жалпы 23 қаланың 150 мыңнан астам тұрғынына 50 мың теңгеден беріледі. Назарда ұстаңыз: 23 қала. Оны «Nur Otan» партиясы және жергілікті әкімдіктер үйлестіреді. 23 қаланың қатарына Түркістан облысынан Түркістан қаласы енгізілген. Басқа аудан, қалалар бұл тізімде жоқ.

Қордан көмек алушылар жеті санатқа бөлінген:

  • аз қамтылған көп балалы отбасылар;
  • I топтағы мүгедектер;
  • мүгедек бала күтімімен отырған адамдар;
  • зейнеткерлер (ең төменгі және төмен зейнетақы алатындар);
  • жетім балалар және 1 асыраушысынан айрылған жетім балалар;
  • ҰОС мүгедектері және оларға теңестірілгендер;
  • тыл еңбеккерлері.

Тиісті министрлік пен қала әкімдігіндегі база бойынша жоғарыдағы санатқа жататын 4903 тұрғын анықталды. Яғни, 4903 отбасыға көмек беріліп жатыр. Бұл – кәсіпкерлер, ел жанашырлары ұсынған демеушілік көмек. Республикалық бюджетке қатысы жоқ. Сондықтан демеушілер арқылы республиканы немесе тұтас Түркістан қаласының тұрғындарын қамту мүмкін емес. Қаржы көлемі шектеулі. Егер сізге әлі көмек жетпеген болса, демек, сізден де мұқтаж басқа бір отбасыға көмек барды деген сөз. Бұл қаражат тұтас халыққа арналмаған. Жеткенінше берілетін демеушілердің қолдауы.
Қордың әрбір қаражаты бойынша есеп беріліп жатыр. Төтенше жағдайға қарамай, қысқа ғана уақыт ішінде облыс, қала әкімдіктерінің әлеуметтік салаға жауапты мамандары, «Nur Otan» партиясының ұжымы, «Birgemiz-Turkistan» корпоративтік қоры мен банк өкілдері бірнеше күн бойы демалыссыз жұмыс істеп, қаржының тұрғындарға жетуіне күш салды. Банк карточкалары жоқтарына карточка әзірленіп, кейбір тұрғындардың есепшоттары бұғаттан босатылды. Мәліметтері жинақталды. Жұмыс әлі де жүріп жатыр.
Мемлекет тарапынан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен табысынан айырылған 1,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге беріліп жатыр. Айлықтар мен жәрдемақылар, зейнетақылар тоқтаған жоқ. Өңірлерде, елді мекендерде жеке кәсіпкерлер мен қайырымды жандар да өз тараптарынан елге көмектесіп жатыр. Партия үйлестіруімен, әкімдіктер мен кәсіпкерлер қолдауымен «Біз біргеміз!» акциясы бойынша Түркістан облысында 3700 отбасыға азық-түлік, гигиеналық заттар жеткізілді. Алдағы уақытта да көмек жалғасады.
Кейбір азаматтар тарапынан мәселені толық білмей, жалған ақпарат тарату, дөрекі пікірлер айту деректері кездесіп жатыр. Мұндай қиын кезеңде тұрғындар бір-біріне ғайбат, ауыр сөз айтпай, түсністікпен қарағаны абзал. Елге қызмет етіп жатқан азаматтардың, өздеріңіздің ұлдарыңыз бен қыздарыңыздай мамандардың еңбегін бағалаған жөн. «Анау көршім алған көмек маған неге берілмейді?» деп емес, тапқанға береке тілеп, қауіпсіздік ережесін сақтап отыратын кез. Мемлекет, қоғам ешкімді аштықта қалдырмайды. Біз бұл індетті, дағдарысты тек бірлік пен сабыр арқылы жеңеміз.