Home Қоғам ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: СЫРДАРИЯ АУЫЛЫ АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНА КІРЕДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: СЫРДАРИЯ АУЫЛЫ АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНА КІРЕДІ

Сырдария ауылын Арыс қаласының құрамына кіргізу туралы мәселе облыстық мәслихаттың сессиясында қаралады. Бұл туралы бүгін Сырдария ауылдық округінде ауыл ақсақалдарымен кездескен Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова мәлімдеді.
Ауыл ақсақалдары жақсы жаңалықты жылы қабылдап, Сырдария ауылдық округінің Арыс қаласымен қатар дамитынына шын қуанды.

Басқосуда қала әкімі тұрғындарға елдің мұң-мұқтажын тыңдауға, түйіні шешілмеген мәселелерді көзбен көруге арнайы келгендігін айтты. Өз кезегінде ауыл ақсақалдары жол, ауыз су, жарық мәселелері жыл сайын оң шешімін тауып жатқындығын, бірақ бірқатар мәселелердің түйіні әлі де тарқатылмай келе жатқанын жеткізді.
Мәселен, ауыл тұрғыны Н.Исаев бұрын шағын орталық болған, ал қазір бос тұрған ғимаратты жергілікті әкімшілік балансына берілсе деген ұсынысын жеткізді. Қала әкімі сол мезетте-ақ қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысына аталмыш мәселені шешуді тапсырды.
Сол сияқты жайылымдық жерлердің тарылып кеткендігі де назардан тыс қалмады. Ауыл тұрғындарының игілігі үшін 800 гектар жайылымдық жер пайдалануға берілетіндігі айтылды.
Сонымен қатар, ауыл ақсақалдары құм артқан жүк көліктерінің ауыл көшелерінен өтпеуін, кейбір асфальт төселмеген көшелердің жөнделуін және жол бойына тал егіп, соны күтіп-баптап отырған азаматтарға қолдау көрсетіп, оны әкімдік деңгейінде марапаттауды ұсынды. Оған қоса, тұрғындар балалардың ойын алаңшалары салынып, ауылдық клуб бой көтерсе деген ұсыныс-тілектерін жеткізді.