Home Қоғам ЖАУЫНГЕРЛІК ӨНЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫП, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАДЫ

ЖАУЫНГЕРЛІК ӨНЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫП, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАДЫ

Бүгін шаһардағы дендробақта Түркістан қаласының жауынгерлік өнер спортының жаттықтырушылары мен спортшылары көшет отырғызды.
Көктемнің алғашқы мерекелерінің бірі болған Наурыз мейрамы қарсаңында өткізіліп отырған айтулы шараға «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Құрметті Президенті, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Әбілсейіт Дүйсебаев, спортсүйер жандар, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Шара барсында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап атаулы баққа 30 дана қарағай, 30 дана шырша, 30 дана қара ағаш (қара тал) көшеттерін отырғызды.
«Әрине, кішкентай ғана ісіміз арқылы Түркістанның гүлденуіне үлес қостық деп айта аламыз. Қолымыздан келгенше көпшілікке үлгі болуға тұрарлық әрекет жасағымыз келді. Болашақта қала тұрғындары мен қонақтар саясында дем алса біз үшін қуаныш болары анық. Негізінен 30 данадан үш түрлі көшет егудің өзіндік мәні бар. Баршаға мәлім, биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы. Сондықтан, Егемендікке тарту болсын деген ниеттеміз»,-деді Әбілсейіт Оразақынұлы.
Осы жақсы бастамамен бірге тағы бір игі іс болып өтті. Анықтап айтқанда «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұжымы қайырымдылық шараға ұйытқы болды.
Қайырымдылық аясында аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттері үлестірілді. Бұл жоба да егемендіктің отыз жылдығына арналып, 30 жанұяға қуаныш сыйлады.
«Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын. Наурыз мерекесі сан ғасырдан келе жатқан салт-дәстүріміздің ажырамас бөлігі іспетті. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын. Ел егемендігінің 30 жылдық мерейтойына орай ұжыммен бірге тұрмысы төмен жанұяларға азық-түлік үлестірудеміз. Атсалысқан барлық азаматтарға алғыс білдіремін. Елімізде тек жақсылықтар болсын»,-деді Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Дәурен Тәңірбергенов.
Еске сала кетейік, елімізде биыл наурыз мерекесін 10 күн тойлау жоспарланған. Қазақстанның жауынгерлік өнер ассоциациясы Әз-Наурызды атап өту іс-шара жоспарына сәйкес игі іс жасауға ұйытқы болудаі. Сондықтан, 19 наурыз күні – «Шымырлық пен шеберлік күні» ретінде белгіленген. Атаулы шаралар осыған орай ұйымдастырылып отыр.