Home Әлеумет ДӘРІХАНАЛАР ЖҰМЫСЫ БАҚЫЛАНУДА

ДӘРІХАНАЛАР ЖҰМЫСЫ БАҚЫЛАНУДА

Түркістан облысы әкімдігі жанынан құрылған арнайы мониторингтік жұмысшы топ Түркістан қаласындағы бірқатар дәріханаларды аралап, дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі мен бағаның тұрақтылығына байланысты тексеру жұмысын жүргізді.
Жұмысшы топ құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің уәкілі, облыстық «Nur Otan» партиясы, «Түркістан-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері, облыстық маслихат депутаттары және облыстық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департамент өкілдері, ҚР ҰЭМ «Бәсекелестікті қорғау және дамыту» Түркістан облысы бойынша департамент қызметкерлері мен облыстық «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары қатысты.
Алдымен жұмыс топ «Қуаныш» базарының маңында орналасқан 6 бірдей дәріхананы аралап шықты. Белгілі болғандай дәріханаларда ұзын-сонар кезек жоқ. Дегенмен, бірқатарында қазіргі таңдағы сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі анықталды. Оған себеп ретінде дәріхана иелері дәрі-дәрмектердің уақытылы жеткізілмеуін алға тартып отыр. Сондай-ақ, бұл дәріханаларда медициналық препараттардың бағасын шектен тыс көтеру фактілері анықталған жоқ. Соған қарамастан топ мүшелері дәріханалардың лицензияларының және кассалық аппараттарының бар-жоғына көз жеткізді. Сонымен қатар, карантин кезіндегі санитарлық талаптардың сақталуына да мән берді. Бұдан бөлек кәсіпкерлерге бағаны шектен тыс көтерген немесе карантиндік талаптар сақталмаған жағдайда заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатындығы ескертілді.
Облыс аумағындағы дәріханаларда заңсыздықтарға жол бермеу мақсатында 109, 102, және агенттіктің 1424 Call-орталығы немесе +7 776-837-09-00 нөмірлі Whatsapp қосымшасының іске қосылғанын хабарлаймыз. Бұл мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауына алынғанын еске саламыз.