Home Әлеумет ПРАЙМЕРИЗ – НАҒЫЗ КӨШБАСШЫЛАРДЫ АНЫҚТАЙТЫН БІРЕГЕЙ ЖОБА

ПРАЙМЕРИЗ – НАҒЫЗ КӨШБАСШЫЛАРДЫ АНЫҚТАЙТЫН БІРЕГЕЙ ЖОБА

Ұлттық ой-сана биігінде қалыптасқан дара ұғымдар жетерлік. Бабаларымыз көшпенділер өркениетін қалыптастыруда небір дала заңын жасап шығарды. Осылардың ішінде сөзге тоқтау дейтін таным бар. Өйткені « сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді » деп санайтын ұлт ретінде жүйелі сөзді шынайы бағалады. Сол арқылы тұтас халықты ынтымақ, береке-бірлікте ұстап келді. Ал бұл сөз билігін орындаушы ретінде қызыл тілдің шешені болған билеріміз тарих сахнасында бой көрсетті.

Бүгінгі қоғамда осы дәстүр жаңа үлгіде қайта жаңғырып отыр. Нақтылап айтқанда, «Nur Otan» партиясы өткізгелі отырған праймеризды атауға болады. Мәні мен маңызы зор болған атаулы жобаны қарапайым тілмен жеткізгенде партияның әр өңірде өткізілетін ішкі сайлауы екені белгілі. Оның маңызы және атқаратын қызметтері өңірдегі білікті де білімді, мұраты асқақ, халықтың шынайы жоқшысы бола білетін азаматтар шоғырын жасақтау екенін айта кеткен жөн.

Биыл 17 тамыз бен 3 қазан аралығында өтетін саяси науқанға әрбір азаматтың қатысуға мүмкіндігі бар екенін ескерсек сөзіміз одан ары дәлелдене түспек. Өзі айтып отырғандай, праймериз – Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутаттыққа, партияның, филиалдарының органдарына кандидаттарды ұсынуға, үздік резервті анықтауға арналған партия ішілік іріктеу. Бір сөзбен айтқанда, осы іріктеу арқылы кіл мықтылар сараланып, сөзінен гөрі нақты іспен жұмыс атқаратындар ырықты орынды иеленеді. Жылдағы іріктеуден басқаша болып, үміткерлер ашық түрде сөз сайысына түсе отырып аттары аталады. Қандай да бір сайлауалды тұғырнамаларын ұсынып, оның жүзеге асу жолын, орындалуын халыққа жеткізіп, өзін шынайы тұрғыда көрсете алады.

Осылайша, өңірдегі мықтылар анықталып, олар терең білімдері арқылы бұқараға қызмет ететін болады. Ең басты дүние елді алдығы сүйреп, дамыуға жетелейтін үздіктер талданады. Сүйте отырып көзге көрінбей тасада қалып қоятын жүйріктер жарыққа шығады. Озық тәжірибелері арқылы билік пен халық арасындағы диалог орнатуға ықпал етеді. Бағзының билерінше қарекет ете отырып, билік пен ел болып жаһандық даму үрдісін қалыптастыруға ат салысады.

Осы тұрғыдан алып қарағанда праймериздің берері мол. Оны ел болып қолдауымыз, дарындыларды осы мүмкіндік аясында анықтауымыз кезек күттірмейтін мәселе. Содан да Партия филиалы тарапынан жүріп жатқан праймеризді түсіндіру жұмыстарына қолдау білдіреміз. Жалпы Түркістан тұрғындары болып осы бір болашағы ерекше жобаға бірге атсалыссақ, бір ниет, бір жолда болып нағыз көшбасшыларды анықтасақ дегім келеді.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Үмбет ЖҮСІПБАЕВ.