Home Білім ТҮРКІСТАН: БЕДЕЛІ ЗОР БІЛІМ ОРДАСЫ – 2

ТҮРКІСТАН: БЕДЕЛІ ЗОР БІЛІМ ОРДАСЫ – 2

Сауран ауданы білім бөліміне қарасты барлық білім ошақтарының басшыларына мектептердің қазіргі материалдық-техникалық жағдайы, оқушылардың білім деңгейі, мұғалімдердің біліктілігі туралы сауал жолдаған едік. Осыған орай Сауран ауданының білім бөліміне қарасты Әшірбек Сығай атындағы мектептің директорының редакция тарапынан қойылған сұрақтарға берген жауабымен таныс болыңыздар.

– Жас мамандардың мектепке орналасуына кедергі көп деген шағымдар әлі күнге дейін толастар емес. Соның салдарынан көптеген жастар дипломы бола тұра басқа салаларда еңбек етуде. Мектептегі бос орындарға жас мамандарды қалай таңдап аласыз?

– Өзіңіз де жақсы білесіз, білім мекемелеріндегі білім сапасының артуы мұғалімге тікелей қатысты. Сол себепті мектептерде мықты мамандардың жұмыс істеуі заңды құбылыс. Дейтұрғанмен, жас мамандардың да білімі мен білігі жоғары болса, жұмысқа орналасуына ешқандай кедергі жоқ. Бүгінгі Заңға сәйкес жас мамандардың жұмысқа сәйкес келетін талаптардан өтуіне рұқсат беріп отыр. Егер бос орын болса, барлық талаптарға сәйкес келетін болса, ондай мықты жас мамандарға есік ашық. Тек жас маман сол өзі беретін пәннен білімі мен білігіне өте сенімді болуы керек. Мектебімізге бос лауазымға жұмысқа орналасу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін қызметке тағайындау, қызметтен босату қағидаларына сәйкес білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін тағайындау конкурстық комиссияның оң шешімі негізінде жүргізіледі. Қабылданған жас мамандарға тәлімгерлік бекітіліп, жылдық жоспар бойынша тәлімгерлік етіледі.

– Мектептегі педагогтердің, жалпы оқушылардың ұлттық құрамын сонымен бірге, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінен сабақ беретін ұстаздардың аты-жөні жөнінде мәлімет бере кетсеңіз?

– Мектебіміз қазақ -өзбек аралас мектебі, педагогтердің саны-90. Оның ішінде ұлты қазақ мұғалімдер – 57, ал ұлты өзбек мұғалімдер саны -33. Жалпы мектепте 673 оқушы бар. Оның 395-і қазақ ұлты болса, ал қалған 278-і өзбек ұлты. Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдері:Алиева Мереке Кенжетайқызы,Оспанова Нурзада Орынбайқызы, Шерметова Ұмсынай Халменқызы, Назаров Ораз Баймаханбетұлы, Сабыр Айнұр Сабырқызы, Дүйсекеева Ақерке Еркебұланқызы, Бекжанова Лаура Ергешбайқызы Елубай Гүлсім Алтайқызы,Сәрсенова Жанат Талғатқызы.

– Қазіргі таңда мектептің мақтанышына айналатын оқушыларыңыз бар ма. Болса олардың жетістіктері жөнінде мәліметтер ұсынсаңыз?

– Әшірбек Сығай атындағы жалпы білім беретін мектебіміздің ашылғанына бар болғаны 2,5 жыл болса да, оқушыларымыз білім мен ғылым, өнер мен спорт салаларында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Атап айтқанда 2021-2022 оқу жылындағы алғашқы түлектеріміз Ұлттық бірыңғай тестілеуден 133 балл жинады. 2022-2023 оқу жылында 44 оқушы бітіріп, 40 оқушы еліміздің жоғарғы оқу орындарының білім грантын жеңіп алды.

Білім саласы бойынша дәстүрлі түрде өткізілетін Республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінде мектебімізден 16 оқушы жүлдегер атанып, облыстық кезеңде Елтай Бекарыс пен Юлдаш Сугдиана жүлделі ІІІ орынмен марапатталды. Ғылым саласы бойынша оқушыларымыз түрлі байқаулар мен жобалардың жеңімпаздары атанды. «Мамандықтар әлемін ашамын» байқауының облыстық кезеңінде 9 сынып оқушысы Сүлеймен Ақжан жүлделі ІІІ орынмен марапатталды. «Менің Отаным-менің бастамам» республикалық шығармашылық жобалар байқауы облыстық кезеңінің «Қазақстанның жеті кереметі» номинациясымен ІІ дәрежелі диплом және Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жас талантсың» байқауының жүлдегері Жұмаділлә Қажыакбар марапатталды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жоба байқауының облыстық кезеңінде 9 сынып оқушысы Амангелді Еркебұлан жүлделі ІІ орынмен марапатталды. «Қазақ қоғамындағы би-шешендер мұрасы» атты ұйымдастырылған ғылыми жобалар байқауының республикалық кезеңінде 11 сынып оқушысы Дадаханов Мансұр жүлделі ІІ орынмен марапатталды. 2-7 сыныптар арасында ұйымдастырылған «Зерде» ғылыми зерттеулер жобасының облыстық кезеңінен Мақсат Нұрислам және Құдайберген Аянат, Бексары Айболат жүлделі ІІІ орынға ие болды. Қазақстан Республикасының жастар және жасөспірімдер арасындағы волейбол жарысынан 11 сынып оқушысы Амангелді Шахрух командалық есепте жүлделі І орынға ие болды. Ұлттық мектеп лига жарысы бойынша спорттың футбол түрінен мектебіміздің 7- 8 сынып оқушылары аудандық кезеңде жүлделі І орын алып, облыстық жарысқа жолдама алды. Жасөспірімдер және ересектер арасында өткен ашық чемпионатта 45 килограмм салмақта Алишер Диас жүлделі ІІ орын алды. «Дарабоз» республикалық байқауында «Көркем сөз» номинациясы бойынша Дәулетхан Дана жүлделі І орын, «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша Бәкір Бекнұр жүлделі І орынға ие болды. Бұлар әрине мектебіміздің мақтаныштары.

– Мектеп ауласын тазалауға, көгалдандыруға оқушылардың үлес қосқанын дұрыс деп есептейсіз бе? Қазіргі таңда осы аталған мәселені қалай шешіп жатырсыздар?

– Мектеп ауласын көгалдандыру жұмысы – оқушы, мұғалім, ата-ана арасында тығыз байланыс болған жағдайда ғана өз нәтижесін береді. Ағаш отырғызу, өсімдіктерді күтуді бағдарламаға жоспарлы түрде енгізген жөн. Бұл жұмыс кезінде өз баласының сабақтан тыс уақытында айналысатын, оны қызықтыратын істі бақылау, байқау барысында ата-ананың да өсімдіктер әлемі туралы түсінігі кеңейеді, қызығушылығы оянады. Олардың өз үйінің ауласын да көгалдандыруына түрткі болады.

– Мектеп ғимараты мектеп оқушыларына сапалы білім беру барысындағы талаптарға сай келе ме?

– Мектеп ғимараты 3 қабатты типтік жобамен салынған. Мектебімізде оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сапалы білім беру – оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үдерісі. Қазіргі кезде білім берудегі мақсат жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім өзіндік ой- талғамы бар, адамгершілігі жоғары, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Бұрын оқытуда оқушылар тек қана тыңдаушы, орындаушы болып келсе, ал қазіргі оқушы өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беріледі.

– Бүгінгі таңда мектептегі жалпы оқушылар саны және мектеп ғимаратының сыйымдылығы қанша оқушыға арналған. Сонымен бірге қанша ауысымда оқиды?

– Мектеп 2021 жылы салынған үш қабатты типтік ғимарат. Ғимарат-28564,4 ш.м жеке абаттандырылған жер учаскесінде орналасқан. Онда дене шынықтыру-спорт (футбол алаңы, баскетбол алаңы, әскери дайындық бойынша сабақтарға арналған алаң, географиялық алаң, жылыжай), шаруашылық, мектеп бағы аймақтары бөлінген. Мектеп аумағы қоршалған. Аумақтың периметрі бойынша бейнебақылау орнатылған. Ғимараттың периметрі бойынша сыртқы электр жарығы қарастырылған. Мектеп ғимаратының жобалық қуаты 300 оқушыға есептелген. Ғимарат суық сумен жабдықтау, кәріз жүйесі бойынша орталықтандырылған инженерлік желілерге қосылған. Жеке жылыту жүйесі бар. Қазіргі таңда 673 оқушы екі ауысымда оқиды.

– Мектепке демеушілер есебінен соңғы үш жылда қосымша қолдау көрсетілді ме? Егер көрсетілсе қандай мәселелеріңізді шешуге қол жеткіздіңіздер?

– Мектебімізге демеушілер есебінен ауыз су ішуге фильтр, мемлекеттік рәміздерді және мектебімізде инклюзивті қолдау ресурстық кабинетінде мүмкіндігі шектеулі балаларға үнемі демеушілер қолдау көрсетеді. «Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірлескен «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына еніп, материалдық-техникалық тұрғыдан қайта жабдықталды.

– Мектептің ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына мемлекет есебінен қаржы қаралды ма? Егер қаралып, соңғы жылдары жөндеу жұмыстары жүргізілген болса, мердігерлердің жұмыс сапасына көңіліңіз тола ма?

– Мектебіміздің ашылғанына үш жыл болмағандықтан жөндеу жұмыстарын салып берген мердігер тарапынан ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізуге көмек береді және Сауран аудандық білім бөлімінен ағымдағы жөндеу жұмыстарына құрылыс заттары бөлініп келеді.

– Мектептегі Интернет жылдамдығының көрсеткіші қандай деңгейде?

– Мектебіміз Интернет желісіне қосылған. Мектептердің басым көпшілігінде Интернет жылдамдығын 8 мбит деп айтқанмен, шын мәнінде 2-3 мбит аспайды. Цифрлық құралдарды сапалы пайдалану үшін кем дегенде мектептерде 100 мбит жылдамдық болу керек. Мектепте Интернет жылдамдығы 30 Мбит/с құрайды, яғни орташа деңгейде. Алдағы уақытта Интернет жылдамдығының көрсеткіш деңгейін жоғарылату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мектебіміз елімізге танымал, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, театр сыншысы, аудармашы әрі педагог Әшірбек Сығай атында болғандықтан мұғалімдер де оқушылар да намысқа тырысып, барынша оқуда үздік болуға барымызды саламыз. Атақты ағамыздың абыройын асқақтатсақ деген ойдамыз.

Ләззат САРЫБАЕВА.