Home Uncategorized МАЙДАНГЕР ҚАРИЯМЕН МАҚТАНАМЫЗ!

МАЙДАНГЕР ҚАРИЯМЕН МАҚТАНАМЫЗ!

«AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» деп аталатын жобасы бар. Ұрпақтар сабақтастығы дәстүрін әдемі жалғап, аға буынның ерлігін, қайраткерлік рухын кейінгі толқынға үлгі-өнеге етіп қалдыруды мақсат тұтады.

Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыртпалығын көзбен көріп, бел ортасынан табылған майдангер аталарымыздың қатары жыл санап селдіреп бара жатыр. Арамызда аман жүрген жеңіс жауынгерлерінің алды бүгінде жүз жылдық жасы бар қазына қартқа айналған. Көргені көп, көңілге түйгені мол қарияларымызға құрмет көрсету – елдік міндет деп деп білеміз.

Жеңістің 79-шы көктемін амандықпен қарсы алу Түркістан қаласы бойынша жалғыз майдангер – Немат Абдурасилов атамызға бұйырыпты. Биыл 102 жасқа аяқ басқан қазына қартымыз  «Қызыл Жұлдыз», І және ІІ дәрежелі «Даңқ», І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің кавалері, «Ерлігі үшін» және тағы да басқа қаһармандық пен қайсар рухты азаматтарға тағайындалатын медальдармен наградталған.

Бірінші Украина және бірінші Беларусь майдандарындағы соғыс іс-қимылдарында табанды шайқасып, фашистерге қарсы күресте ерлік көрсете білген қарт майдангерді құттықтауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев арнайы барды. Үйіне келген меймандарды құшағын ашып қуана қарсы алған қария елімізге амандық тілеп, әрбір шаңырақтың құт-берекелі ғұмыр кешуіне тілектестігін білдіріп, ақ батасын берді.

Бүгінгі және келешек ұрпақтардың бақытты өмір сүруі үшін кеудесін оққа тосқан аға буынның ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Алдыңғы толқын аталарымыз бен әжелеріміз бүгінгі бейбіт заманның орнығуына талай бейнет шекті, тұрмысымыздың түзелуі үшін талай маңдай терін төкті. Партияластарымыздың атынан қарт майдангерге мерекелік сый-сияпатты табыстаған Алтынсары Дүйсенбекұлы ақсақалға мол денсаулық тілеп, қазына жасқа жеткен қарияның тірегі болып әулеті батырлық дәстүрін үздіксіз жалғайды деген сенімін білдірді.

 «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі