Астанада «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының ІІ Корпоративтік қайырымдылық форумы өтті. Форумда қайырымдылық операторы 2023 жылы жүзеге асырған әлеуметтік жобалардың нәтижесі бойынша есеп берді. Оған 300-ден астам үкіметтік емес ұйым өкілдері, мемлекеттік орган мен квазигоссектор және бизнес өкілдері, «Самұрық-Қазына» қоры тобының компания басшылары мен қызметкерлері, БАҚ, қоғам белсенділері қатысты.
«2024 жылы инклюзия, денсаулық сақтау, креативті индустрия, спорт және білім беру сияқты ең өзекті әлеуметтік трендтер Қор назарында болады. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан медициналық университеті жанынан онкологиялық оңалту бөлімшесі ашылды. Алдағы уақытта орталық арқылы онкологиялық сырқаты бар 3000-ға жуық қазақстандыққа көмек көрсетілмек. Айта кетсем, жалпы 2016 жылдан бері жалпы сомасы 74 млрд теңгеге 2,5 миллионнан астам қазақстандыққа көмек көрсетілген», деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Одан бөлек, Нұрлан Жақыпов Ақмола және Түркістан облыстарындағы бас дәрігерлерге 5 жедел жәрдем көлігі мен реанимобильдің кілтін табыстады. Игі шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы қатысып, өңір атынан өз алғысын жеткізді.
«Самұрық-Қазына» АҚ Түркістан облысына 2 жедел жәрдем көлігін тарту етті. Жалпы 40 млн. теңгедей қаржыны құрайтын медицина көліктері өңір тұрғындары үшін қызмет етеді. Бір автокөлік Созақ ауданы, Таукент ауылына берілсе, екіншісі науқастарды жағдайға байланысты Түркістан мен Шымкентке тасымалдайды.
Дәл осындай көліктер өткен жылы 5 өңірге тарту етілген еді. Сонымен қатар, 2023 жылы «Samruk-Kazyna Trust» қоры 7,2 млрд теңге болатын 46 әлеуметтік жобаны қаржыландырған.