Home Басты жаңалықтар Белгілі кино режиссер Метин Гюнай Сауран қалашығымен танысты

Белгілі кино режиссер Метин Гюнай Сауран қалашығымен танысты

Кино сүйер көрерменге белгілі қоюшы – режиссер, «Ертұғырыл» сериалының авторы әрі режиссері Гюнай Метин ортағасырлық Сауран қалашығын аралады.


Елбасының арнайы шақыруымен Қазақстанға келіп даңқты батыр – Қасым хан жайлы көп сериалы фильм түсіруді қолға алған режиссер жобаға тарихи орындарды іздестіруде.
Осы орайда ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен Отырартөбе қалашығын аралап, фильмге дайындық жөнінде пікір білдіруден басталған сапар тарихқа бай Сауранның сырлы әлемімен танысуға ұласты.
-« Фильмнің сценарийін жазу барысында Қазақстандағы тарихи жерлер жайлы да көп іздендім. Түркістан қазақтың хандары мен батырларының сүйегі жатқан жер. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының да ұсынысы менің ізденісіме ұштаса түсті. Сондықтан Отырартөбе мен Сауранның деректері мен тарихи іздері фильмде көрініс тапса деген ой туындады. Алдын ала танысып көру жұмыстарын бастадық »,- деді режиссер Метин Гюнай.
Айта кетсек, жуырда ғана ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркістан облысындағы тарихи орындарға жасаған сапары барысында Сауран қалашығының тарихи келбетін сақтай отырып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, туристік орталыққа айналдыру бойынша мәлімдеген болатын. Министрдің « Киноларда қазақ халқының өмірін көрсету үшін тек киіз үйді орната беру дұрыс емес. Біздің негізгі бейнеміз тарихи қалаларды тұрғызған көрегенділікте жатыр. Соның бір мысалы ретінде Сауран қаласын айтуға болады. Әрбір кірпішінің өзінде сол ғасырдағы терең философия жатыр »,- дегені белгілі.
Осы орайда, Қазақ Ордасының негізін салушы, қол бастауда да, ел басқаруда да ежелгі ата-дәстүрін меңгерген Қасым хан жайлы 75 сериялы фильм белгілі сұлтан, даңқты бахадүрдің қайраткерлік жолын көрсетпек.

Суретті түсірген: Асхат Әссанди