Home Әлеумет ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨШЕ ТЕАТРЛАРЫНЫҢ ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨШЕ ТЕАТРЛАРЫНЫҢ ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

Бүгін Түркістанда облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен Халықаралық көше театрлары фестивалі басталды. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық көше театрлары фестивалінің қонақтары мен Қазақстан, Түркия, Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінен келген үздік 13 өнер ұжымы қызыл кілемнен жүріп өтті. Салтанатты шараның ашылуына ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысты.

– Көше театры – театр өнерінің ең көне түрі. Қазіргі таңда мұндай фестиваль өткізу әлемнің барлық елінде қалыптасқан дәстүрге айналды. Бүгінгі Халықаралық фестивальдің Түркістанда өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Өйткені биыл облыстың құрылғанына 5 жыл болып отыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы мәдениет саласын дамытуға тапсырған болатын. Нәтижесінде облыс орталығында игі бастамалар қолға алынып, жаңа мамандар келіп жатыр. Облыста театр саласында да оң өзгерістер орын алуда. Міне, соның бірі осы фестиваль болса, жыл соңына дейін Райымбек Сейтметов ағамыздың 85 жылдығына орай республикалық театр фестивалі өтеді. Барлығыңызға алғысым шексіз. Сәттілік тілеймін, – деді басқарма басшысы.

Шара барысында қонақтар арнайы жасақталған көрмемен танысты. Содан соң ұлттық ән мен би қамтылған концерттік бағдарламаға ұласты. Әрі қарай фестивальге қатысушыларға арналған дөңгелек үстелге жалғасты.Айта кетейік, фестиваль мақсаты – жастарды азаматтық-патриоттық бағытта тәрбиелеу, көше театрларының мәдениетін көтеру арқылы оның мәдениеттен ажырамас бөлігі ретіндегі рөлін жаңғырту, белсенді қоғамдық бағыт ұстануына жағдай жасау, түркістандықтар мен рухани астана қонақтарының мәдени демалысын ашық алаңдарда театр қызметі формасында дамыту және жетілдіру, салауатты өмір салтын қалыптастыру.Еліміздің және шетел көше театрларының мәдениетімен көпшілікті таныстыратын фестивальде бекітілген кестеге сай, екі күн бойы қаланың рухани-мәдени орталығында өнер көрсетіп, бақ сынайды. Кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы жіті қадағалап, төрелігін айтады. Фестиваль қорытындысына сәйкес жеңімпаз деп танылған ұжымдарға Гран-при, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, сондай-ақ арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары берілді.