Inicio Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАН: ТІЛ ЖАНАШЫРЫ МҰСАХАН ДҮЙСЕКЕЙҰЛЫ 80 ЖАСТА

ТҮРКІСТАН: ТІЛ ЖАНАШЫРЫ МҰСАХАН ДҮЙСЕКЕЙҰЛЫ 80 ЖАСТА

 ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, қаланың «Құрметті азаматы» М.Дүйсекейұлының 80 жылдығына арналған кеш өтті. Тағылымды шараның шымылдығы мерей той иесінің өміржолына негізделген сахналық қойылыммен түрілді.  

   Басқосуға облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов, түркістантанушы, ақын Н.Назаров бастаған зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.  Қалалық мәслихат хатшысы Ғ.Сәрсенбаев сөз сөйлеп, қала әкімінің құттықтау хаты табысталды.

  Облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін абыроймен атқарып жүрген жазушының қаламынан 10-ға жуық туынды жарық көрген.  Қаламынан өрілген «Нұршуақ ғұмыр», «Дүлдүл ақын», «Мейірім» атты туындылары түркістандық оқырмандарға жақсы таныс. Газет-журнал беттеріндегі түрлі тақырыптағы мақалалары да зиялы қауымға орамды ой салған дүниелер.

   Сексеннің сеңгіріне қадам басқан аптал азамат отанасы Шәмшатпен бірге 11 перзентінен тараған 70-ке жуық немере-шөбересінің сүйікті қазынасына айналып отыр. Саналы ғұмырын педагогика саласына арнаған зейнеткер-ұстаз өзінен тараған әулеттен 25 мұғалім шыққанын мақтан тұтады. Жиын соңы мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды