Сауран аудандық Орталық кітапханалар жүйесі КММ – не қарасты Қазақстанның ХХХ жылдық ауылдық кітапханасында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, қаламы қарымды, арқалы ақын Сайлаухан Жолановтың 45 жасқа толуына орай «Өлке мақтанышы» атты кездесу шығармашылық кеші өтті.
Сайлаухан Жоланов Сыр елінің тумасы, сырғи ағатын Сырдарияның жағасында дүниеге келген сыршыл шайыр, өңірімізге танымал өнер майталманы. Ақкөңіл, ақжарма ниетті, адамдығына дақ түсірмей жүрген арқалы ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, республикалық, облыстық мүшәйралардың жүлдегері. Бірнеше жыр жинақтарының авторы. Оның өлеңдері көбінде қазақ әдебиетінде ерекше орны бар жыраулар поэзиясымен үндесіп жатады. Ақынның жырлары қалың оқырманды Отанын, елін, тұмса табиғатқа бай туған жерін, ата-анасын, туған-туысқанын, бауырларын, жалпы адамзатты сүюге үндейді. Ол жырға қоспаған тақырып жоқ деуге болады. Сайлаухан Жоланов оқырманын жырымен жылатып, қайта жұбата білетін ақын. Салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпқа тұнып тұрған этнографиялық сарында жазылған өлеңдерінің өзі бір төбе. Ел аузында жүрген бірнеше жыр-термелердің авторы.
Сайлаухан Түркістанды жанымен жақсы көреді. Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылына 2009 жылы дипломмен ауылға келіп, мәдениет саласында еңбек еткен қаншама жастарды көркем сөзге, драмаға дайындады. Қаншама шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде туған жері Сығанаққа жақын орналасқан, тағдырлас тарихы терең, қайта жаңғырып, құрылғанына үш жыл толған Сауран ауданының мәдениетін өрге сүйреп жүрген мәдениет майталманы. Бір өзі бір театр, бір өзі бір қойылым, өзі актер, өзі жүргізуші. Ол бір басында бірнеше өнері бар талантты жан. Кез келген деңгейдегі іс-шараңызды жандандырып жіберетін жүргізуші, көркем сөз шебері, сазгер, қаншама патриоттық яғни елін, жерін, Отанын сүюге арналған әндерге жазылған өлеңдердің авторы. Бірнеше облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, Түркістан облыстық «Жыл шайыры-2020» номинациясының иегері, жылдың үздік мәдениет қызметкері. Ол жырына арқау етпеген қазақтың қасиетті жері жоқ шығар, сірә.
Сайлаухан Жоланов бүгін тоқсанның тең жартысына аяқ басыпты. Ол 1979 жылы 4-ші наурызда Жаңақорған жерінде дүниеге келген. Отбасында он баланың тоғызыншысы, ер балдардың кенжесі. 82 жастағы қарияның шайыр баласы. Туған ауылының мақтанышы. Осы мерейлі датаға орай ақын Қазақстанның ХХХ жылдық кітапханасында «Өлке мақтанышы» атты кездесу кешін өткізді. Сценарий барысында көрермен қауым арқалы ақынның төл туындыларымен терең сусындап, бір жасап қалды. Талапты оқушылар Сайлауханның қаламынан туған бірнеше өлеңін нақышына келтіріп оқи алды.
Оқырмандар ағыл-тегіл жыр бұлағынан сусындап, сазды ән тыңдап, ақынның сан қырлы қасиеттерін танып білді. «Ақпанда адасқан қыз» поэмасының (өмірде болған) желісі бойынша жасалған ерекше композиция жанында жанартаудай жырлары бар арқалы Сайлаухан Жоланов ақын бір орында байыз таппай ортаға шығып, өз өлеңдерінің тиегін ағытты. Өз өлеңдерін нақышына келтіре мәнерлеп жатқа оқыған Сайлауханның жырлары жүректен жүрекке жетті. Өлеңдерін міз бақпай отырып тыңдаған оқырмандар бірде қыран құстай, бірде бүркіттей самғаған ақынның поэзиясына ду қол шапалақтады.
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!», – деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, біз де өлкеміздің біртуар ақыны Сайлаухан Жолановтың жырларының өркен жайып, ел кәдесіне, игілігіне айналатынына сенім білдіреміз.
Түркістан жазба ақындары ішінде өлеңдері ән-термеге сұранып тұратын ақын Сайлаухан Жолановтың шығармалары жетерлік.
Ақынды ардақтап, төрін ұсынып, сый-сияпат жасалынды. Көрермендер ақынның өмір жолымен, шығармашылығымен танысты. Кешті кітапханашы Г.Сейтханова жүргізді. Ауыл тұрғындары жанға рухани азық алып, жақсы көңіл-күйде тарқады. Кездесу кешке арнайы келген қонақтардың баршасына ерекше ризашылығымызды білдіреміз.
Сайлаухан Жоланов, туған күніңіз құтты, денсаулығыңыз мықты болсын деп тілек айтамыз. Жазарыңыз таусылмасын, Сауран ауданы әкімдігінің қолдауымен шыққалы жатқан кітабыңыздың тұсаукесері бүгінгіден де керемет өтетініне сенеміз. Жасай беріңіз, жаза беріңіз!
Гүлбала СЕЙТХАНОВА,
Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылының кітапханашысы.