Inicio Білім ТҮРКІСТАН: ҚОС АҚЫННЫҢ КҮМБЕЗ ҚАЛАҒА АРНАҒАН КӨРКЕМ ЖЫРЛАРЫ

ТҮРКІСТАН: ҚОС АҚЫННЫҢ КҮМБЕЗ ҚАЛАҒА АРНАҒАН КӨРКЕМ ЖЫРЛАРЫ

Түркінің рухани астанасы, киелі қала Түркістан туралы толғаған Бейсенәлі Метқалидың лирикалық, романтикалық жырлары мен Еламан Төлеутайдың экзистенциялистік-сюрреалистік сезімге толы өлеңдерімен таныс болыңыз, мәртебелі оқырман!

Бейсенәлі МЕТҚАЛИ – 1977 жылы ҚХР, Құлжа қаласы, Нылқы ауданы, Қарасу ауылында туған. 2000 жылы Іле педагогикалық институтының Қытай тілдер факультетін бітірген. 2023 жылы Қазақстанға қоныс аударып, қазіргі таңда Алматы қаласында тұрады. Өлеңдері Қытайдағы «Жүзден жүйрік» альманахына, Қазақстанда жарық көрген «Жүз ақын антологиясы» жинағына енген. Қытай тілінде жазған өлеңдері «Қазіргі заман ақындары антологиясына», «Осы заманның үздік өлеңдері» жинағына енген. Мерзімді басылымдарда 150-ден астам өлеңі жарияланған. қытай тілінен 100-ге жуық өлең аударып жариялаған және Қытай тілінде елуге жуық өлең жазып жариялаған. Әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының иегері Орхан Памуктің «Жазушының жан сыры» деген кітабын қытай тілінен аударып баспадан шығарған. Халықаралық қытай тілді жазушылар одағының мүшесі, «Жұңго» аз санды ұлт жазушылар қоғамының мүшесі. Сонымен қатар, қоғамдық істерде белсенді ақын «Цинзияң» аудармашылар қоғамына мүше.

ТҮРКІСТАН

I

Мың жылды көрдім, одан да ұзақ…

Далам өксиді, көз алды жылап.

Жүрек тұншығып, жүзім сұрланып,

Таңдайымдағы сөз өлді аңырап!

Мың жылды көрдім, ескі даланың,

Көзінің жасы өксіп ағады.

Керуенін күтіп аңырдым бір сәт,

Кеудеден көшкен кешкі наланың.

Мың жылды көрдім сүйегі тозаң,

Киелі рухқа иегім созам.

Қиялым жетпес хикмет күшті,

Ессіз егіліп, сүйемін содан.

Ескі сораптың елесін көрдім,

Ғасырдың тозық кемесіндегі.

Бұзылмай жеткен саусақты көрдім,

Уақыттың ірің көбесіндегі.

Елітіп мені шаһарым бірден,

Ойларға ұзақ батамын мүлдем.

Желмая мінген заманды көрдім,

Мезгілдің ескі шапанын киген.

Мың жылдан кейін…

(Мың сұрақ тұнды),

Сан жетпес қиял шымшылап түнді.

Жалған жылдардың ерні салбырап,

Иіскейді деші қыңсылап кімді?!

Мың жылды көрдім, сыр ұқты жаным,

Ескі елеспен тұнып тұр бәрі.

Жанады екен ғой жылдармен бірге,

Өліп кетпеген рухтың бәрі!

II

Жан далам менің,

Тірсегі үзілген қан далам менің.

Зар желген заман керуеніндегі,

Жапырық өркеш, нар-далам менің.

Шөл далам менің,

Ботасын іздеп боздаған белім.

Өзені жаудың қанымен толып,

Өзек жалғаған өз далам менің.

Найзалы далам,

Құйындап өткен айбары боран.

Бабамның батыр баянын сыйлап,

Таңнан ұрасың таңбалы далам.

Киелі далам,

Жоныңды жұмбақ сүйеді балаң.

Құшағыңа ендім құдіреттім-ау,

Ғаламат ерлік түнеді маған.

Аңызақ далам,

Өртеніп алмай таңы да атпаған.

Жұмбақ дүние жалын аптаған,

Амандасады жамырап саған.

Алдаспан далам,

Заманның күйін маздатқан далам.

Қылыштың жүзін кеудеге көміп,

Кең жатқан далам!

III

Ясауидың түгі өнген,

Күрең дала, күрең бел.

Арыстан баб айбаты,

Ат үстінде шіренген.

Дүбірлетіп тұяқты,

Еркін емген шуақты.

Гауһар анам исініп,

Бере салған сияқты.

Теңшеп құлақ күйіне,

Құшақтайды сүйіне.

Домалақтай анамыз

Домалатқан дүние.

Пайғамбар мен берекең,

Басқалардан өр екен.

Сахабаның ізіне,

Нар идірген ел екен.

Аңызымен нұр құшқан,

Шұбат өлке – жыртыс маң.

Кемімесін тәлейің,

Киелі жұрт – Түркістан!

IV

Қирандылар, мұжық тамдар, жағал өң,

Алып күмбез айналасы бала дөң.

Көмейіме тығылады бір өксік,

Тұманданып бар әлем.

Ескі қорық барыңменен құның дүр,

Ескіліктің елесі де сұлу бір.

Құлағынан хикметтің желі ескен,

Құлдыраңдап құлын-жыр.

Тебінгісі шірімейтін текті едің,

Ей, Отырар, қайда гүлзәр көктемің.

Санамызға ұлы жұмбақ жасырып,

Өртенгенің неткенің?!

Ескі қалам, аманаты ақ тудан,

Ақ туына ажырамас бақ тұнған.

Фарабидің қиялымен хат жазып,

Дана биге тапсырған.

Кеудесінде сан ғасырлық оты бар,

Дүшпанымен бітпес есепшоты бар.

Тек оқылар ақылдының көзімен,

Ей, Отырар, Отырар!

V

Беу, Түркістан, даңқың асқақ түн жарған,

Қызылы бар таусылмайтын қырманнан.

Сен – Түркінің жезбұйдасы үзілмес,

Адасса да бота тірсек қу жалған!

Еламан ТӨЛЕУТАЙ – 1998 жылы 20 шілдеде Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақжал кентінде дүниеге келген. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ түлегі. Бірнеше республикалық жыр додаларының жүлдегері. Өлеңдері әдеби сайттар мен басылымдарға және «Құдай жайлы ойланатын қала» антологиясына енген. Былтырғы жылдың үздік бестселлері атанған «TARMAQTAR» кітабының әрі жобасының авторы. Айта кетейік, жуырда аталған жоба аясында Еламанның «Google-да жоқ сұрақтар» атты жаңа кітабы жарық көрмек.

КӨНЕ ШАҺАР ҒАЗАЛДАРЫ

І

Бағындай Хорасанның,

Таңындай Тегеранның зиба* нұрлы,

Сұлтанның сойурғалындай*,

Түркіге Тәңірі тартқан сый қадірлі,

Даналықтай кітапта жазылмаған,

Жаңалықтай ең алғаш ғаламда ашқан,

Жырындай Шираздағы шайырлардың,

Сырындай Шаһризаданың Һаронға ашқан,

Сүгіреті –

Хафиздік меңдей қадірлі өлең ,

Құдіреті –

Құдайлық демдей жан үрлеген,

Аяулы –

Ең алғашқы ақ жауындай,

Шәһбаз* шайыр Һәйямның маржанындай,

Самалынан естілер азан үні,

Жұмақтағы өзендей тазалығы,

Көк күмбезі –

Ғажайып ақық мүсін,

Қонақтаған басына уақыт құсы,

Пайғамбар сүннетіндей өсиеті,

Құранның сүресіндей қасиеті,

Иісі жұпар аңқыр қош гүлінің,

Ең алғашқы кітаптай ескілігі,

Сызылтатын Шығыстың күйлерін көп,

Түркілердің бесігі, құт ұясы,

Тәңірдің жазуындай ирек-ирек,

Көшелері – ғасырдың құпиясы,

Мәңгінің бейнесіндей тұрар сәні,

Қасиеті дұғадай Тұран Шәрі!

Зиба* – парсы тілінде: сұлу,ғажайып

Сойурғал* – түркі тілінде: хан, бектердің сыйға бөліп берген жері

Шәһбаз * – парсы тілінде: ер, сабаз

ІІ

Шәр Түркістан.

Айнала шұға тұман…

Іңір күйер мендегі мұң отынан.

Аруақтармен отырам кесенеде,

Үнін тыңдап құдайдың дұға оқыған…

Сылқия уын ішіп сақиымның,

Таспиғын тағдырымның қате үйірдім.

Бұл шаһар –

Қиылысар ақ нүктесі

Сызығы фәниім мен бақыйымның…

Қайда көмем арманды кеудеде өлген?

Дерт – дермене,

Көзжасым – кермек ермен…

Тазалығы Тәңірдей көне шәрді,

Қызғанамын құдайсыз пенделерден.

Маңайы Түркістанның кілең қорым,

Кілең қорым бетінде жүрер жолым.

Белгісіз бір қабірді аршып алып,

Талақ қып дүниені түнер ме едім?..

Жынды да қашыратын бұлты «Алас!» деп,

Көне шәрде сайтан да ән шырқамас көп.

Жыннан бетер үркітіп аруақтарды,

Мола үстімен қанша өттім шылқа мас боп…

Содан соң түстер көрем түнде суық,

Тұла бойым бір суып, бірде ысынып.

Қашып жүрем түсімде өз ізімнен,

Табаным тиген жерден мүрде шығып…

Шарабынан Шығыстың біреуін құй,

Айтсын аза, толғатсын жүрегім күй!

…Кебіні сүйретілген елестермен

Ақшамдарда адасып жүрем ылғи.

Аруақтар шыңғырып мық түбінде,

Жерге түсер көз жасы шық түрінде…

…Ұжмақ нұры төгіліп қанатынан,

Кесенеде құс сайрар рух тілінде.

Намазшам.

Көне шаһар.

Дүр молалар.

Арылмай-ақ қойдық қой мұң-наладан.

…Кебінін сүйретісіп елестердің,

Кетермін рухтарға еріп бұл қаладан…

ІІІ

Сенсіз маған өмір бос,

Ғұмыр ада…

Шағылысып жүрегің шұғылаға –

Бейсапардан қайтарда, Шығыс қызы,

Қарсы жақтан жолықтың құбылаға…

Күрең іңір сейіліп, қошқыл ымырт,

Ескегімен өмірдің естік үміт.

…Екі жүрек айқастық – екі құшақ,

Қиырында ғарыштың қос тігіліп…

Иісің сезіп бойыңнан гүлдің ғажап,

Жұпарына жұмақтың жүрдім балап.

Аймаласа кеткенде ерініміз,

Қалықтайтын сүйістер күлгін қанат.

…Бүгін тағы қылығың қылды масаң,

Қайтем енді құлпырып күнде ұнасаң?!

Шырағындай дұғамның тұтанушы ең,

Тұманындай Тұранның тұнжырасам.

Ниязындай ғажайып пешененің,

Құсни сәулем,

Бағымды еселедің!

…Тегеранның жүргендей бақтарында

Түркістанның көп кездік көшелерін.

Ақша жүзің Шираздың ақ гүлі ме?

Бердім саған, сүйіктім, сертті міне:

Тұран Шәрін қияйын Хафиз құсап,

Ай бетіндей аяулы секпіліңе!..

Көне шаһар сыймайтын ғазалға да,

Тек сенімен тұр, қалқам, ажарлана.

Сен кетсең, ғажайыбы ғайыпқа ұшып,

Бұл шаһарда қалады мазар ғана….

ІV

Ғайып бола көрмеші сен, іңкәрім!..

Маған Сен де, Тәңірі де – бір таным…

Сен Сүресің! –

Көктен түскен мен үшін,

Сен жоғалсаң мен өзімді құртамын…

Маған сенсіз қызық емес шәр Тұран.

Қызығыңның Қызыр суына* малтығам…

Сені ешқашан жылатпайын, жарығым,

Көз жасыңда махаббаттымның анты бар…

Аямай-ақ берген екен құдай сән,

Келбетіңе сүйсінеді Күн Айса…

Қарашығым – сезімімнің айнасы,

Соған қарап бір жымишы мұңайсаң..

Ерінің – көзе, іші шарап алқызыл,

Сам түскенде қайтушы едім сан қызу.

Махаббаттың лала гүлі ұшына,

Өрмелейтін сүйістердің қанқызы*…

Түркістанда қайта өңделіп пешенем,

Көктемемен бір көгерді көсегем…

Сезімдерге масаң күйде біз барсақ,

Қанқыздарға толушы еді кесене…

Тұран бақта өзіңменен жинап гүл,

Мұңдарымның мұнарасын қираттым.

Кесенеде қызыл-қызыл сүйісіп,

Саябаққа айналдырдық зиратты.

Өлең болып, өзің болып ой-санам,

Шәр Тұранның көшелерін шайқағам.

…Тәңір болсам,

Түркістан мен Өзіңді,

Дәл осылай жаратар ем қайтадан.

V

Бұлдырайды көкжиекте шәр көне,

Бұлдыраған елеспін бе әлде мен? –

Кетем деймін,

Кете алмаймын –

Күмбезге

Байлаулы тұр өзектегі әлденем…

Түркістанды Тәңірі өзі сый еткен,

Күмбір-күмбір керуен күннің күйі өткен.

Шаһар үсті – бұрқыраған рухтар…

Шаһар асты – сырқыраған сүйектер…

Ескі зират…

Ескі сүйек…

Бәрі ескі…

Сүйек баспай жүре алатын емеспін…

…Қара басып, қабірінен айырылып

Қара түнде қаңғып қалған елеспін!..

Аулаққа кет, алас, алас, аулақ, мұң!

Бақыйыма боздап бүгін бармақпын…

Таптап кетіп замананың сайтаны,

Мен – зиратын таппай жүрген аруақпын!..

Қасіретіңнің қара сеңін қозға, Шәр!

Шын қайғырсаң жас та осал, сөз де осал…

…Әулиенің кесенесін күңірентіп,

Бейуақытта аруақтар боздасар…

Сүйек жатыр іргесінде әр үйдің…

Көкірегіме содан қанша зар үйдім.

Қанша рухтар қалықтап жүр қалшылдап,

Арасында бақый менен фәнидің…

Жаңылысып тіл мен жағым тобамнан,

Шын өмірді сүруді де доғарғам…

Мен – Елеспін, қабір-көрі тоналған,

Мен – Аруақпын, құлпытасы жоғалған.

Ақ кебінім – аруақтығымнан бір белгі,

Кебін сүйреп кезгем аппақ түндерді…

…Қабірімді жоғалтып ап,

Бақыйға

Кетіп барам қолыма ұстап мүрдемді…

Кетіп барам…

Бұлдырайды шәр көне,

Елеспін бе, Өзіммін бе әлде мен?…

Кетем деймін,

Кете алмаймын,

күмбезге

Байлаулы тұр өзектегі әлденем…