10 тамыз – қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Бұл күн 2020 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Абай күні» деп аталады. Ақыл мен ойдың асқар шыңына жеткен Абай атамыздың туған күні еліміздің барлық аймағында ерекше құрметпен аталып өтіледі. Абай мұрасын кейінгі ұрпаққа ғылыми тұрғыда дәлелдеп жүрген ғалымдарымыздың бірі және бірегейі Мекемтас Мырзахметұлы.
Жасы 97-ге қадам басқан абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлын Абай күніне орай арнайы құттықтап, сый-құрмет көрсетуге Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов барды.
Бар саналы ғұмырын Ұлы Абайдың іліміне арнаған Мекемтас Мырзахметұлы кандидаттық, докторлық ғылыми атақтарын Абай шығармаларын зерттеп қорғаған.
Қарт ғалымға сәлем беріп, ақ батасын алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары облыс аумағындағы идеология саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы пікір білдіріп, ғылым мен руханият салаларында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды жеткізді.
Ұлттық болмыс пен салт-дәстүр, тарих пен мәдениет мәйегі жөнінде сөз қылған ғалым Мекемтас Мырзахметұлы арнайы ат басын бұрып келген азаматтарға ризашылығын білдіріп, хакім Абай туралы жазылған кітаптарын сыйға тартты.
Осы орайда өңір тұрғындарының назарына Мекемтас Мырзахметұлы жайлы мағлұматтарды ұсынып отырмыз.
Балалық шағы, білімі
Мекемтас Мырзахметұлы 1930 жылы 9 мамырда Түркістан облысы Түлкібас ауданы Майтөбе ауылында туған. Ашаршылық заманымен тұспа-тұс келген балалық шағында аман қалуы сол заманның келбетін, қазақтың тағдырын көрсетеді.
Мекемтас Мырзахметұлы – отбасының кенжесі. Отбасыда 12 бала болған. Бірі ашаршылық жылдары өмірден өтсе, енді бірі соғыстан оралмаған, арасында қылшамен ауырып, дүниеден өткені бар. 12 баладан бір ұл, бір қыз қалған. Ата-анасы баласы жастай шешектен өле бергендіктен, «тастай қатты, бекем болсын» деген ниетпен кенже баласының есімін Мекемтас қойыпты.
Әкесі Мырзахмет 1933 жылы дүниеден өткен. Ашаршылық жылдары анасы сегіз айлық қызы мен төрт жарым жасар Мекемтасты алып, басқа ауылға қарай жолға шыққан. Тау мен тастың арасынан өтіп, ауылға жақындаған тұста қасқырларға тап болып, анасы шарасыздықтан қызын қасқырларға қалдырып, ұлын аман алып қалған.
«Ұлды алып қалайын, қызды берейін. Басқа амалым жоқ, әйтпесе үшеумізді де жеп қояды» деп ойлаған болуы керек. Қараңғы кез еді. Үш қасқыр таласып жатқанда шешем мені арқасына салып, ала жөнелді. Артынан барып қараған кезде тек шашы қалған, басқа түк те жоқ. Жеп қойған. Ашаршылық заманда ондай көп болған. Ол кезде қасқырлар адам етін жейтін, басқа ештеңе жоқ. (…) Қазақта әулетті сақтау керек деген бар. Көрмеген нәрсені көріп өстік», – дейді Мекемтас Мырзахметұлы сол оқиға жайлы.
Ал анасы 1946 жылы төсек тартып қалған.
Мекемтас Мырзахметұлы анасы қайтыс болғаннан кейін ағайындарының қолында тұрған. 8 жасында мектепке барды, кейін балалар үйі мен мектеп-интернатта тәрбиеленді. 1948 жылы қазіргі Тұрар Рысқұлов ауылындағы Абай атындағы қазақ орта мектебін бітірді.
1953 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін, 1964 жылы аспирантурасын бітірген.
Әкесінің досы Бауыржан Момышұлының жанашырлығымен көптен бері қолы жетпей жүрген аспирантураға түскен. 31 жасында оқуға қабылданып, үш жыл Момышұлының үйінде жатып оқыған.
Үйіндегі ұстазы – Бауыржан Момышұлы, оқу орнында Абайды тануға жетелеген ұстазы – Қажым Жұмалиев.
1953-1961 жылдары Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, декан, проректоры болды.
1975-1991 жылдары Қазақстан ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, абайтану бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
1991-2000 жылдары Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің кафедра меңгерушісі, Ясауи ғылыми лабораториясының меңгерушісі, әдебиет және этнофилология ғылыми-зерттеу орталығының директоры болды.
2002-2003 жылы Түркітану ғылыми-зерттеу институтының директоры болды.
Абайдың «Толық адам» ілімі
Абай «мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп жазған. Сол жұмбақтың жауабын тапсам деген жолда Мекемтас Мырзахметов 60 жыл ізденіс жасайды. 90 жасқа келгенде тоқтам жасады. Абай армандаған «толық адам» формуласын түзді. Ол үш нәрседен тұрады екен: ақыл, әділет, рақым.
«Толық адам» ілімінің тамыры терең, тарихы алыста жатыр. Біздің заманымызға дейін Ү-ҮІ ғасырда «ахи» ілімі пайда болған. «Ахи» сөзі жомарт деген мағынаны білдіреді. Біз ХХІ ғасырға дейін осы іліммен сусындап келдік. Он бірінші ғасырда Әл-Фарабидің «Парасатты адам» ғылымы жасалды. Одан кейін «Құтадғу білік», ХІІІ-ХІҮ ғасырда Яссауи ілімі, одан кейін Абайдың «Толық адам» ілімі, ХХ ғасырдың басында Шәкәрімнің «Ар ғылымы» шыққан. Адамгершілік тақырыбын қаузайтын бұл деректер ар ғылымының бізде алты сатысы болғанын айғақтайды. Ал, біздің заманымызға дейінгі бес жүз жылдықта «Оқымысты адам» ілімін көкке көтеріп жүрген қытайлардың өзінде кейін «Конфуций ілімі» шықты да әрі қарай ол дамымай, тоқтап қалды», – дейді Мырзахметұлы бір сұхбатында.
«Мен тек қана бірен-саран жұмбақтарының буындарын шештім. Абай деген – феномен. Жай адам емес. Мектепте де оқыған жоқ. Университет оқыған жоқ. Бар болғаны үш жыл медреседе оқыды. Сол кезде Шығыстың ақындарын мықты оқып, қуатты бойынша жиып алған. Мен Абайды өмір бойы зерттедім. Сонда да түсіне алмадым», – дейді ғалым Абай Құнанбайұлына қатысты зерттеуі жайлы.
«Толық адам» ілімі арқылы жастарды тәрбиелей аламыз. Алланың бойындағы сегіз сипат адамда да бар, бірақ Алладағыдай толық емес. Сондықтан бойымыздағы сегіз сипатты Аллаға еліктей отырып күрделендіріп, жөндеуіміз керек. Соған ұмтылуымыз керек. «Толық адам» ілімі содан барып шығады», — дейді Мекемтас Мырзахметұлы.
Мекемтас Мырзахметұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында әрқайсысы 400 беттен тұратын Абай туралы еңбегінің он томдығын шығарды.
Мекемтас Мырзахметұлы М.О.Әуезовтің әдеби мемориалды музей үйінде қызмет атқарған жылдары оның абайтану мен мұхтартану саласындағы ғылыми зерттеу ізденістерінің және Қазақстанның саяси-әлеуметтік қоғамдық өмірінің әр қилы саласына арналып жазылған өткір публицистикалық мақалалары қоғамдық ой-санаға әсер етіп, ғалым ретінде кеңiнен танылған жылдары болатын. 1982 жылы «Ғылым» баспасында басылым көрген «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» деп аталатын монографиясы абайтану мен мұхтартануға жаңа серпін әкелуі себепті, баспасөзде аса жылы сын пікірлер айтылып жатты. «Қазақ қалай орыстандырылды» (1993 ж.) кітабы ұлттық сананы оятуда өзіндік орны бар бірегей еңбек ретінде танылып бағаланды.
Абайдың 150 жылдық, М.Әуезовтің 100 жылдық мерей тойына орай басылым көрген: «Абайтану» (библиографиялық көрсеткіш), «Абайтанудан жарияланбаған материалдар» (1988), «Абай жүрген ізбенен» (1985), «Абайдың адамгершілік мұраттары» (1993), «Абайды оқы, таңырқа» (1993), «Абай және Шығыс» (1994), «Абайтану тарихы» (1994), «Восхождение Мухтар Ауэзова к Абаю» (1995), «Әуезов және Абай» (1997), «Түркістанда туған ойлар» (1998) және «Абайтану дәрістерінің дерек көздері», «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» (1997) деп аталатын еңбектері Мекемтас Мырзахметұлының Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болуына негіз болды.
М.Мырзахметұлының жинастырып, алғы сөзі мен түсініктемесін жазып басылым көрген еңбектері: «Әдебиеттану» (1972), «Халық сыйы» (1986), Қ.Байболов «Төлеби» дастаны (1991), М.Әуезов. «Әдебиет тарихы» (1991), Ш.Құдайбердиевтің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» (1991), «Үш анық» (1992), «Мұсылмандық шарты» және «Бауыржан батыр», «Айналған аты аңызға Момышұлы» (2000), Қ.Өмірәлиев. «Абай афоризмі» (1993), және Б.Момышұлының «Психология войны» (екі рет) т.б. «Абай» және «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясына қызу атсалысып, оның редколлегия мүшесі болды. 2000-2005 жылдар аралығында «Абайтанушы ғалым», «Көне Тараз» (2000), «Түркістан, Тараз арасы», «Мәди ақын шығармасы» басылым көрді. Мереке күніне арналып, «Тараз ой толғаныстары» деп аталатын көлемді еңбегі (24 б/т) жарыққа шықты. Автордың 800-ден астам ғылыми-публицистикалық мақалалары жарияланды.
Ғалым басқарған «Түрік халықтары әдебиет тарихы» ҒЗО алғаш рет «Түрік халықтары әдебиет тарихы» оқулығын, хрестоматиясын, жаңа бағдарламасы мен библиографиялық көрсеткішін жариялады. Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы «Бауыржан Момышұлы мұрасы ХХІ ғасыр көгінде» деп аталатын ғылыми топ жауынгер жазушының 100 жылдық мерей тойына 30 томдық толық шығармалар жинағы мен батырдың тұлғалық фотоальбомын, Мәскеу қаласынан «Легендарный батыр» атты кітабын, «Көз алдымда бәріңсің», «Баукең туралы толғаныстар» атты естелік пен күнделіктерін жарыққа шығарды. Абай атындағы ҚазҰПУ-нің жанынан құрылған «Абайтану» ғылыми зерттеу-орталығы қызметкерлерімен бірігіп «Абайтану әліппесі» 5-8 сыныптарға арналған аудио құралын (сөйлейтін қаламсап түрінде) Жапония мемлекетінен шығарды. Мерейтойына орай Мекемтас Мырзахметұлының осы күнге дейінгі Абайтану саласындағы еңбектері жинақталып үлкен екі кітап болып шықты. Жоғарғы оқу орындарына арналған «Абайтану» оқу құралы да жарық көрді.
Абайтану саласы мен әдебиет тарихынан 4 доктор 40-қа жуық ғылым кандидатын қорғатып, магистрлер, аспиранттар мен ізденушілерді диссертация қорғауға даярлауда. Олардың тырнақ алды ғылыми еңбектері моногрфия түрінде басылым көруде.
Марапаттары
Мекемтас Мырзахметұлы 1989 жылы филология ғылымдарының докторы, 1995 жылы профессор құрметті атағы берілді.
1996 жылы Елбасының жарлығымен ғылым саласындағы ерен еңбектері үшін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығын алды.
2001 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.
2003 жылы «Түркі әлеміне сіңірген еңбекгі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты атанды.
Бауыржан Момышұлының атындағы «Құрмет белгісі», «Парасат» ордені берілді.
2019 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев І дәрежелі «Барыс» орденін табыстады.