Inicio Мәдениет ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ — ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ — ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру — қашан да өзекті мәселелердің бірі. Біз қоғам белсендісі Роман Рахиевпен бүгінгі қазақ тілінің тағдыры, тіл мәртебесін көтеру, оның қолдану аясын кеңейту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы әңгімелескен едік.

— Сіздің ойыңызша, қазақ тілі өзінің биік мәртебесіне жетті ме?

— Тәуелсіздік жылдары ұзақ жылдар құрсауда қалған туған тілімізге жан бітті, еңсесін көтерді. Осы кезеңде жеке ой-пікірімізді ашық, еркін, ал тіл туралы ойымызды бұрынғыдан батыл, екпінді айтатын болдық. Қазір тіліміз үшін күрес жалғасуда. Тіліміз үшін заңда белгіленген атына сай мәртебелі болу үшін әлі де көп шаруалар атқарылуы тиіс.

2021 жылы Түркістанда өткен Қоғамның VІ Құрылтайы «Қазақ тілі» қоғамына «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заңның жобасын дайындап, Үкімет пен Парламент арқылы қабылдатуды тапсырған болатын. Осы заң қабылданса, көптеген мәселелер өздігінен шешіле береді деп ойлаймын.

Қалай дегенде де, тіл тағдыры — өзіміздің қолымызда. Ең басты жеңісіміз — еліміздің егемендігі. Халқымыздың саны өсті, мемлекеттік саясатты жүргізетін мемлекеттік мекемелерде қызмет жасайтындардың дені – қазақтар. Биліктің де, бизнестің де арасында жүрген – өзіміз. Енді бәрі де өзімізге байланысты.

 «Қасиетін білсем деп Ана тілдің,

Қауырсыны қалмады қанатымның» – деп ақиық Мұқағали Мақатаев айтқандай, тіл майданындағы күрес тиісті нәтижеге жеткенше тоқтамауы тиіс. Шет тілін білуді ана тілін толық меңгерген соң бастауымыз қажет.

Әрине, бізді бүгінгі күні көп тілде сөйлесе алатын, бәсекеге қабілетті ұл-қыздарымыздың қатары күн санап артып келе жатқаны қуантады. Дегенмен басты назарда мемлекеттік тілді білуге бағыттау қажет деп санаймын.

 «Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?»,- деп ұлы Абай айтқандай, әрбір ел азаматы мемлекеттік тілімізді құрметтеп, білуі керек. 
Қазақстан Республикасы азаматтарының қазақ тілін білуі – елді, мемлекетті сыйлағаны, қазақты құрметтегені, яғни өзінің болашағын елімізбен байланыстырғаны.

Ал мемлекеттік тілді білмейтіндерді ұлтымыздың сыйламағаны, менсінбегені деуге болады. Ал ұлты қазақ бола тұра, ана тілін білмеген адамды не дей аламыз?! Тіпті билікте жүріп, халықтың қалаулысы болған азаматтардың ана тілін білмегені – ұят, намысы жоқтық. Әлі де болса еліміздегі мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің әлеуетін іске асыру деңгейінің төмендігі, жиналыстардың, ресми шаралардың мемлекеттік тілде өтпейтіндігі, қызметшілер арасында мемлекеттік тілде сөйлейтін тілдік ортаның жоқтығы, қалыптаспауы сияқты кемшіліктер бар.

Қазір адамдардың көпшілігі бұрынғыдай кітап, газет-журнал оқымайды. Сондықтан да әлеуметтік желілерді, басқалай ақпарат көздерін көп пайдаланады, елімізде көрсетілетін телеарналардың ішінде тұтасынан тәулік бойы толық, тұшымды қазақ тілінде сөйлейтін арналар жоқтың қасы. Орыс тілі – Ресей мен Белоруссиядан да біздің Қазақстанда мығым қорғалған тіл екендігі – ащы да болса, шындық. Осы орайда телеарналардағы қазақтілді бағдарламалардың көбірек, сонымен қатар, олардың мағыналы, мазмұнды әрі тәрбиелік мәні болғаны дұрыс. Сонымен қатар барлық мемлекеттік қызметке үміткерлер, кадрлық резервтегілер де қазақ тілін білуі қажет деген талап қатаң қойылатын уақыт жетті. «Ұзын арқан, кең тұсау» жалғаса берсе, тіліміз төрге оза алмайды. Азаматтық қоғамның белсенділігін қажет ететін рухани мәселелердің ең бастысы – мемлекеттік тіл мәселесі. Өкінішке қарай, қазақтың тілі мәселесіне келгенде, ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту, жалпы ұлттық намыс пен ұлттық ой-сананы ояту бойынша біздің бойымызда әлі де самарқаулық басым.

Шынын айтсақ, орыс және өзге ұлт мектептерінде қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде оқытылса да, оны білу оларға міндеттелмейді. Білім берудің негізі мектепте қалыптасатынын ескерсек, еліміздегі әрбір оқушы мектеп бітіргенде мемлекеттік тілді біліп шығуы керек емес пе? Оқуға да, жұмысқа қабылдау барысында да қазақ тілін білу талап етілмейді.

Қазақта «Тарихынды білмесең, келешегіңді болжай алмайсың» деген нақыл сөз бар. Тегінде тарихтан сабақ алмаған елдің ешқашан бағы жанған емес. Тарихты сараптап, жас ұрпақ бойына сіңіріп қана біз кемел келешектен үміт күтеміз. Елдің де болашағы, тілдің де болашағы – жастар екенін ұмытпайық. Тіл тәуелсіз болмай, шын тәуелсіз болмаймыз. Егемендік алғаннан бері қоғамда мемлекеттік тіліміз ресми тілдің көлеңкесінде қалып келеді. Тіпті, қазақ тілінің болашағына сенімсіздікпен қарайтындар да бар.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» – деуі бекер емес. Оған мысал, алғашқы Кеңес үкіметі құрылғанда Одақ құрамында ресми тіркелген 194 түрлі ұлт пен ұлыс болған. 1991 жылы Одақ ыдырағанда бұлардың тең жартысы, яғни 50 пайызы жоғалып кеткен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді, бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн», – деген сөзі бәрімізге ой салып, нақтылы нәтижелі жұмыстарға жетелейді. Сонымен қатар белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажеттілігі де айтылған-ды. Сондықтан тілдің жағдайына барынша байсалдылықпен, үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Яғни, мемлекеттік тіл саясатын дамыта отырып, мемлекеттік тілді қорғау, оның қолданыс аясын кеңейту, мәртебесін көтеру тағы да сол сияқты жұмыстарды ұдайы жүргізе беру қажет.

Азаматтардың мемлекеттік тілді білуін Заң арқылы да талап ету – адам құқығы мен еркіндігіне қайшы келмейді. Сондықтан да, бүгінгі күні қоғам алдына қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселесінің қойылуы маңызды.

Сіз бен біз «Мен қазақ тілінде сөйлеймін», «Қазақ тілінде жазғанды талап етемін» дейтін болсақ, билікте отырғандарға, тіл үйренбегендерге қиындықтар туындайды. Сондықтан да қазақ тілділер қазақша жауап беріп, қазақ тілді ортаның бар екеніне, оның қажеттілігіне орыс тілінде сөйлейтін қалың көпшіліктің көзін жеткізу керек. Тіл қолданбаса, қажетсіз болса, ол жойылады.

— Елімізде 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылданғаны белгілі. Осы бағдарламада айтылған мақсат-міндеттер тиісті дәрежеде орындалып жатыр ма?

— Бағдарламада мемлекеттік органдар мен басшылардың нақтылы міндеттері мен атқаратын жұмыстары көрсетілген, мекеме басшыларының жауапкершілігі жөнінде де айтылған. Шынын айтуымыз керек, мекемедегі ана тіліміздің хал-ақуалы мекеменің бірінші басшысына, оның тілге деген көзқарасын, жанашырлығына тікелей байланысты. Еліміз үшін ең бастысы – Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді мейлінше мүлтіксіз меңгеріп шығуы. Кезінде Мемлекет басшысы «2025 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс» деп айтқан болатын. Қарап отырсақ, бұл межеге жетуге небәрі екі жылдан да аз уақыт қалыпты.

Бүгінде халқымыздың саны артты, көкейдегі айта алмайтындарды бүкпей, ашық айтатын дәрежеге жеттік. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, мемлекеттік тілімізге деген қажеттілікті күшейтуіміз қажет. Қазақтар қазақ тілін толық меңгермейінше, еліміздің басқа халықтарының тілдік таңдауына ықпал жасау мүмкін емес. Егер еліміздің «Тіл туралы» Заңы жаңадан қабылданса, бұл мәселе толық жойылады деген сенімдеміз. Бірақ туған тілдің «жырының» таусылмауы, өзімізге, тіл иелеріне, байланысты болып отыр.

«Өлі тіл» деп саналған көне иврит жазуы жүздеген жылдардан кейін тірілгенде, жаны бар, жалынды, әуезді қазақ тілі неге жанбасқа, неге жойылуы керек?! Еліміздегі демографиялық көрсеткіш қазақ тілінің болашағы жарқын екенін көрсетіп отыр. Бұл және мемлекеттік тілдің мәселесін оңтайлы шешуге мүмкіндіктер береді. Сондықтан да жалтақтамай, «көп қорқытады, терең батырады» дегендей, ана тілімізге қатысты шаруаларды белсенді түрде жүргізіп, тілдік ортаны кеңейте беруіміз қажет.

Қазақ тілі өзінің тарихи мекенінде Отандық тіл қызметін атқарумен бірге, елімізде ұлтаралық қатынас тілі болуы қажет. Біз бүгінгі күні мемлекеттік тілді батыл насихаттай алмай жүрміз. Қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарынан басқа ешкім мемлекеттік тілге байланысты мәселелер жазбайды. Орыс тілді басылымдар мұны тек қазақтар мәселесі деп түсінетін сияқты. Басты әлеуметтік себеп – тұрғындарымыздың кешегі кеңестік санадан арыла алмай отырғандығы. Сондықтан ана тіліміз үшін бүкіл ұлт болып күресуіміз қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында: «Бірінші – қазақ тілі болу керек. Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде», – деп атап көрсетсе, республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деп ел жағдайын, әлеуметтік мәселелерді айта кетіп, мемлекеттік тіл мәселесіне кеңінен тоқталды.

Сондықтан бүгінгі күні атқарылған істерге тоқмейілсімей, алдағы міндеттерді де ұмытпағанымыз жөн. Мемлекеттік тілге байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген мәселелер көтеріліп, айтылып келеді. Мемлекеттік тілге қатысты, шешімін таппай қордаланып қалған мәселелер мен проблемалар да жеткілікті. Оның шешу жолдарын қарастыру — біздің міндетіміз. Ендеше, халық болып, ел болып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтерейік!

— Әңгімеңізге рақмет!