Inicio Білім ТҮРКІСТАН: АНА ТІЛІ — ҰЛТТЫҢ РУХАНИ БАЙЛЫҒЫ

ТҮРКІСТАН: АНА ТІЛІ — ҰЛТТЫҢ РУХАНИ БАЙЛЫҒЫ

Тіл –  мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы,  өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің  қадір-қасиетін біле білген  халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды  мұратқа   жеткізетін – ана тілі мен ата  дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі.

Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Отбасы өзіміз де, тәрбие тілден басталады дейді. Тіл меңгеруде ата-ана мен білім ұяларының рөлі ерекше екенін, әр отбасы бесіктен бастап балаға қазақ тілін үйретуді қолға алу басты мақсат. «Ана тілін білмеген, анасын да сыйламас» демекші өз ана тілін білмеген жаннан, анасын сыйлайтын жанның шығуы неғайбыл. Халық үшін өзге тілде сөйлеу қауіпті емес, өзге тілде ойлау қауіпті. Қазақ пен қазақтың, әке мен баланың, әріптестердің жұмыста қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз-ақ жайт. Бірақ қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Мемлекет басшысы айтқандай, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Ендеше, тілімізді  ұлтымызды, отбасымызды қадірлегендей қадірлейік! Қазақстанның азаматымын деп санайтын әрбір адам мемлекеттік тілді білуі шарт деп ойлаймын.

Мемлекеттік тілдің жағдайын жақсартудың ең маңызды буыны  балабақша мен мектеп болып табылады. Мектеп қабырғасынан мемлекеттік тілді жетік біліп жанашырлық танытқан тұлға ғана болашақта ұлт жанашыры болады деп ойлаймын. Сол себептен олардың білімі мен тәрбиесіне, туған тілі мен Отанына деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлген жөн. Осыған орай, мектебімізде мемлекеттік тілді қолдау, дамыту барысында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.

Әр сенбі сайын «Мемлекеттік тілде сөйлеу біздің азаматтық парызымыз», қазақ тілі мен әдебиет апталығы, ұлы ақындардың мерей тойларды атап әртүрлі шаралар және шығармашылық қабілетерін дамыта оқыту сапасын көтеру мақсатында Қазақ тілі пәнінің маңыздылығы  қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесімен дәйектеледі. Қазақ тілін оқыту барысында өзге тілде білім алатын оқушылардың қазақ тіліндегі сөйлесім әрекетін коммуникативтік тұрғыдан меңгерту қамтамасыз етіледі. Мектеп бойынша мемлекеттік тілді оқытуға оңтайлы жағдай жасалған. Мемлекеттік тілді меңгерту барысында түрлі іс-шаралар, сайыстар өткізіледі.

Мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану аясында мектепте балалар мектепішілік іс-шараларға қатысып, тілдерін дамытады. Мектеп бойынша іс шаралар жоспары, сценарийлері екі тілде жүргізіледі. Оқу жылында мектеп оқушылары қазақ тілі мұғалімдерінің жетекшілігімен мектепішілік іс-шараларға белсенді қатысады. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің әдістемелік отырыстарында қазақ тілі пәнін оқыту жағдайы, мемлекеттік стандарттың орындалуы, оқу сапасының мониторингі, жаңа технологияларды қолдану барысы және басқа да өзекті мәселелер қарастырылады. Түйіндей келе, бұл шаралар осы мерекемен ғана шектеліп қалмай, әрі қарай өз жалғасын табады.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан-дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?» — деп тура айтқан. Олай болса, тілімізді қадірлей білейік!

Мемлекеттік тілді өркендетсек өзге ұлт адамдарымен осы тіл арқылы қарым- қатынаста боламыз.

Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Демек әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұтып білуі тиіс. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Ана тіліміздің мәртебесін үстем етіп, еліміздің мерейін көтерейік. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Бұл біздің басты парызымыз.