ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Музейдегі түн» іс-шарасы өтті.Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде өткен шараға Түркістан қаласындағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен қала жастары қатысты.Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында ұйымдастырылған музей түнінің мақсаты – еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің ертеңі жастарға тарихымыз бен салт-дәстүрімізді насихаттау, ұлы тұлғалар жайлы мағлұматтар бере отырып патриоттық сананы қалыптастыру, кешегі, бүгінгі және ертеңгі сабақтастықты дәріптеу болып табылады.-«Қазақ хандары, батырлары ел тәуелсіздігі үшін жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалды. Қазіргі кезде Елбасының сарабдал саясаты арқасында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына қол жеткізіп отырмыз. Егемен еліміздің жастарына патриоттық тәрбие беріп, өткенімізді ұлықтауға баулу болашағымыз үшін маңызы зор. Мәңгілік ел идеясын ұстанған ұлы дала елінің нұрлы жолдағы мерейі үстем, егемендігі баянды болсын»,- деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.Жиынға қатысушыларды тарих тағылымымен сусындатып, руханият әлеміне сапарлатуды мақсат еткен тарихи-танымдық кеш барысында Қожа Ахмет Ясауи мен оның жанында жатқан тұлғаларға тағзым жасалып, құран бағышталды. «Музейдегі түн» тарихи-танымдық шарасы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты тарихи орындар мен тұлғалар және жәдігерлердің тарихымен танысуға ұласты. Қорық-музей экскурсоводтары қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, 63 батыры, 5 әзіз анасы және көптеген игі жақсыларының сүйегі жерленген тарихи орын жайлы мағлұмат беріп, кесененің құрылыстық ерекшелігі және бөлмелердің қызметі жайлы деректермен бөлісті.«Музейдегі түн» тарихи-танымдық шарасы түнгі сағат 23:00-ге дейін жалғасты.Айта кетсек, өткен жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов Түркістан облысы және қала әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының басшыларымен меморандумға қол қойған болатын.⠀Бірлескен келісімнің нәтижесінде жастарға туризм, музей ісі және мәдени-көпшілік шараларға қатысуға, гид ретінде танытуға мүмкіндік беріледі. Осы орайда «Музейдегі түн» іс-шарасын өткізу арқылы тарихи танымы терең, ұлттық мұраларға қызығушылығы зор жастарды қалыптастыруға жасалған қадам – Түркі елдерінің рухани орталығы Түркістан қаласының болашағы үшін маңызды. Әрбір жастың өз тарихын біліп, тануы шетелден келген туристер мен қонақтарға да қажет жағдайда сауатты бағыт-бағдар сілтеп, тарихын әңгімелей білуі туристік әлеуетіміздің артуымен қатар, білімді де білікті, қонақжай еліміздің ерекшелігін көрсетері сөзсіз. Жастармен бірлескен тәжірибелік жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.