Ұлы Дала Елі – қазақ халқының атауының синонимі екені баяғыдан мәлім. Оған Қазақстанның дархан даласы қандай кең де, мапыражай болса, тарихыда сондай терең де тұнық Қазақстан аумағында мемлекеттілік дамуының тамырлары тым тереңде жатыр. Ол ежелгі және орта ғасырларда, түркі – моңғол заманындағы көптеген тайпалар мен халықтардың тарихымен байланысты. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуын тарихи әдебиетте Қазақ хандығы дәуірімен байланыстыратын пікір қалыптасқан. Бірақ қазақ хандары көршілес мемлекеттер мен халықтардың билеушілерімен аса күрделі қатынаста бола тұрса да, қазақтың этникалық топтары мен олардың жерін әлдеқашан бір арнаға топтастырып, Қазақстан халқын сан ғасырлық этносаяси және мәдени – шаруашылық дамуымен біртұтас мемлекетке бірігуге дайындап қойған еді. Қазақ хандығының құрылуы XIV – XV ғасырлардағы Қазақстан аумағындағы әлеуметтік – экономикалық және этносаяси үрдістердің заңды нәтижесі болды. XV ғасырдың ортасында Қазақстан аумағында тұрғындардың шаруашылық, қоғамдық мүддесін қамтамасыз ететін қуатты мемлекет құру қажеттілігі туындады. Ұлы далада Алтын Орданың ыдырауына байланысты дағдарыс орын алған еді. Әр түрлі тарихи зерттеулер Қазақ хандығының құрылуын XV ғасырдың 60 – жылдарында Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған қазақтардың өзбек ұлысынан бөлініп, Моғолстанға көшуімен және Көшпелі өзбектер мемлекетінің ыдырауымен байланыстырады. Қазақстан даласында сан ғасырлар бойы көптеген тайпалар мен халықтар өмір сурген. Ғылыми әдебиетте этнос деп (ұлт, халық, тайпа, жұрт) өз тілі, мәдениеті, шаруашылық дәстүрі, өзіндік ұлттық мінез – құлқы бар және қалыптасқан бір аумақта өмір сүретін халықты, ұлтты атайды. Қазақтар жеке халық ретінде өз ұлттық аумағын XV – XVI ғасырларда құрды. Халық болып қалыптасқанға дейін олар сан ғасырлық тарихты басынан кешті, ол не бір күнде, не бірнеше жылда құрыла қойған жоқ. Қазақ халқының тарихи тамыры Ұлы даланы ежелден мекендеген тайпалармен сабақтас келеді, мүмкін одан әрі барады. Себебі қазақтың аңыз – ертегілерінде тас дәуірінің оқиғалары, әдеп – ғұрыптары кездеседі. Ал қазақ халқының «алаш» атану себебі мыс – тас, яғни энеолит дәуіріне нұсқайды. Қазақ халқының мәдени негізі, антропологиялық түр – тұрпатының қалыптасуына қола дәуірінде осы жерде мекендеген арий және тур, қиян тайпалары ерекше әсер еткен. Қазақ халқы аралас нәсіл өкілі болып табылады. Яғни қазақ халқының антропологиялық түр – тұрпаты монғолоидтық және еуропеоидтық нәсіл белгілерінің араласуына қалыптасқан. Еуропеоидтық (30 %) белгі қола дәуірінен қалған мұра. Бертінде тайпалар бір – бірімен араласып қазақ халқы қалыптасты. Олар сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар, түріктер, түркештер, қарлұқтар, оғыздар, қимақтар, қыпшақтар, наймандар, алшындар, арғындар, керейлер, дулаттар және әр заманда Қазақстан аумағында өмір сүрген көптеген тайпалар еді. Олардың бірінің күші әлсіресе, екіншісі оның орнын басып, өз мемлекетін құрған. Алайда осы құлаған мемлекеттің (мысалы, ғұндар) халқы, тайпалары сол мемлекеттер құлауымен жойылды деп айтуға болмайды. Халықтың көпшілігі өздерінің орнын басқан мемлекеттің немесе тайпалық одақтың құрамындағы халықпен араласып кеткен. Қазақтардың арғы ата – бабалары болып табылатын сақ тайпаларының бет – пішіні еуропалық, тілі жағынан иран тілдес болған. Дегенмен ғалымдардың арасында сақ тайпалары түрік тілінде сөйледі деген пікір де бар. Кейін б.з.д. III ғасырда Қазақстан жерін қаңлылар мен үйсіндер мекендеді. Олар түрі жағынан еуропеоид тектес және аздап монғолоидтық белгілері де байқалды. Одан әрі қарлұқ, қимақ, қыпшақ, т.б. тайпалар қазақ халқының халық болып қалыптасуына елеулі әсер етті. «Қазақ хандығы нақты қай жылы құрылды?» деген сауалға жауап іздеп көрелік. Қазақ хандығының тарихын зерттеуші ғалымдар арасында бұл туралы бір арнаға тоғысқан тұрақты байлам әлі жоқ. Қазіргі күнде қазақ хандығының құрылған жылын көрсететін бірнеше болжам пікірлер бар. Тарихи деректерде қазақ хандығының құрылу уақытын нақты көрсететін жалғыз –ақ шығарма бар. Ол М.Х.Дулатидің «Трих–и- Рашиди» еңбегі. Қазақ хандығына дейін өмір сүріп, дамыған Алтын Орда, Ақ Орда және Моғолстан сияқты мемлекеттердің тарихы хандықтың құрылуына жол ашты. Дегенмен Орта Азияның саяси картасында көшпелі Қазақ хандығының пайда болуы, ең алдымен, Шыңғыс әулетіне жататын хандардың – Шайбани әулетінен шыққан Әбілхайырдың және ағайындас сұлтандар, Жошының ұрпақтары Жәнібек пен Керейдің есімдерімен тығыз байланысты. XV ғасырдың алғашқы жартысында Дешті Қыпшақ даласы, қазіргі Орталық Қазақстан мен Батыс Қазақстанның бірқатар бөлігі құрамына кірген Әбілхайыр хандығы немесе сол кездегі атауы бойынша көшпелі Өзбек ұлысы – Орталық Азиядағы ең қуатты мемлекеттердің бірі болған. Қазақ хандығының басқару жүйесі XV ғасырдың ақырында өте күрделі сипат алды. Жалпы барлық қазақ хандарының бір орталыққа бағынғысы келмейтін мемлекетішілік күштер мен оқшаулыққа ұмтылған жергілікті сұлтандар мәселесімен тұрақты айналысуларына тура келді. Бөліну, біздің көзқарасымызша, алдыңғы кезеңдегі оқиғалармен байланысты. Әбілқайыр хан 17 жасында (1428ж.) Ібір – Сібір өлкесінде хан болып сайланды. Кейіннен ханға Дешті Қыпшақтың астанасы болған Ұлытау өңіріндегі Орда Базарды басып алуға мүмкіндік туды. Бұл уақытта Әбілқайырдың «Көшпелі өзбектер мемлекетінің» құрамында бүкіл қыпшақ – ноғайлы тайпалары түгелімен (92 баулы қыпшақ) болған еді. «Сайын ханның тағы» (Еділ бойындағы) үшін қысқа күрестен кейін Әбілқайыр сыртқы саясатын тез өзгертті. Енді Дешті Қыпшақ көшпелілерінің назары Әмір Темірдің немересі Ұлықбек билік еткен Мауараннахрға бағытталды. Мауараннахр бұл кезде саяси жағынан ауыр жылдарды бастан кешірді. 1446 жылы Әбілқайыр хан Сырдария өзенінің бойын басып алды. Көп жылдары Ақ Орданың орталығы болған Сығанақ «Көшпелі өзбектер мемлекетінің» жаңа астанасына айналды. Осы тұста Моғолстан мен Мауараннахрдың көптеген тайпалары Әбілқайырға бағынғанымен, дербестік бағытты ұстана берді. Шәкәрім Құдайбердиевтің «Шежіресі» бойынша, мемлекеттің өзбек және қазақ болып екіге бөлінуінің себебі тайпалар арасындағы келіспеушілік еді. Шәкәрім бөлінудің себебін мына тұрғыда көрсетеді: «…арғын Дайырқожа Әбілқайыр билігінің тұсында би болған. Әділеттілігі үшін оған халық Ақжол би деген ат берген. Бұл уақытта қыпшақтардың қолбасшысы Қобыланды батыр ханның жақын адамы болатын. Дайырқожа мен Қобыланды батыр арасында келіспеушілік туындайды. Қобыланды бірде Ақжол биді далада жалғыз кездестіріп, оны өлтіреді. Бұны естіген Жәнібек хан арғындардың мүддесін қорғай отырып, Әбілқайырдың Қобыланды батырды сұрайды. Әбілқайыр хан қыпшақтардың қолдауынан айырылып қаламын ба деп қауіптеніп, беруден бас тартады. Бұл Жәнібек хан бастаған қазақтардың көшіп кетуіне әкеледі». Әбілқайыр ұлысындағы дағдарысты пайдаланып, Жәнібек пен Керей 50 – жылдардың екінші жартысында өздеріне бағынышты рулық – тайпалық топтарды, қазақ даласының жартылай көшпелі және көшпелі тұрғындарын Моғолстан жеріне бөліп әкетеді. Бұрын бір мемлекеттің құрамында болған ру – тайпалардың бөлінуіне не себеп болды? Біріншіден, Әбілқайыр ханның өзіне қарсы шыққан сұлтандар мен билердің наразылығын аяусыз басып – жаншып отыруы әсер етті. Жошының үшінші ұлы Шайбан әулетінің ұрпағы Әбілқайыр хан, әсіресе Орда Ежен ұрпағы Орыс ханнан тарайтын сұлтандарды бағынышта ұстап, билікке жолатпауға тырысты. Екіншіден, Әбілқайырдың иелігіндегі ру – тайпалар жаугершілікке байланысты үсті – үстіне көбейе берген салықтар мен міндеткерлікке, билеуші топтардың тартыстары мен соғыстарының ауыртпалығына қарсы шықты. Үшіншіден, көрші ел Моғолстанның ханы Есенбұға Керей мен Жәнібек (сұлтандардың Әбілқайырдан бөліну пиғылын барынша қолдады. Ол қазақ қосындарын ойраттарға тойтарыс беру үшін пайдалануға тырысты. Керей мен Жәнібек Моғолстан ханы Есенбұғадан жайлы қоныс сұрап Бұрындықты елші етіп жібереді. Көп күттірмей Бұрындықтан хабар да келеді. Есенбұға Талас өзенінің бойынан Балқашқа дейінгі аумақты (қазіргі Шу және Қозыбасы өңірі) беруге келіседі. Есенбұға хан қазақ көшін қошеметпен қарсы алады. Қазақтың өз мемлекетін құрып, ту тіккен жері Қозыбасы биігі еді. Сол жерде үлкендік дәстүрі бойынша Керейді қазақтың ханы етіп көтереді. 50 – жылдардың ортасынан 70 – жылдардың басына дейін Әбілқайыр ханның қарамағынан батыс Жетісуға 200 мың адам көшіп барды. Осы жердегі Ұлы жүз тайпалары қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетеді. Қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуына қолайлы жағдай туындады. Алғашында қазақ хандығының аумағы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Міне, нақ осы аумаққа деректемелерде тұңғыш рет «Қазақ елі» деген атау қолданылды. М.Х.Дулатидің «Тарих -и-Рашиди» еңбегінде Қазақ хандығының құрылған уақыты 1465 – 1466 жылдар деп көрсетіледі. Қазақ мемлекеті оңайлықпен қалыптасқан жоқ. XV ғасырдың ортасында Әбілқайырдан бөлінген рулар Бетпақдалаға жақын Таңбалыжар деген жерде бас қосып жеке ел боламыз деген шешімге келеді. Сол жердегі үлкен жартасқа әр ру өздерінің таңбаларын қашап салған. Қазақ халқының құрамына Жетісуды мекен еткен тайпалар еніп, олар Ұлы жүз атанды. Сарыарқаны мекен еткен тайпалар Орта жүз атанды, ал Батыс Қазақстан жеріндегі рулар Кіші жүз атанды. Бұрынғы уақытта бұлардың бәрі алаш тайпалары болғанымен Жетісу жеріндегілер Моғолстан, Сарыарқадағылар Әбілқайыр, батысындағылар Ноғай Ордасынның құрамына енген еді. Енді бәріміз Алаш бабамызға адал болайық, сол бабамыздың үш ұлынан тараған ұрпақпыз деп үш жүз атанады. Шәкәрім Құдайбердиевтің «Шежіресі» бойынша Алтын Орда мемлекетінің өзбек, қазақ, ноғай болып бөлінуінің себебі тайпалар арасындағы келіспеушіліктен еді. М.Ж.Көпеев қазақ халқының қалыптасуы мен мемлекетінің құрылуын аты аңызға айналған Алаша ханмен байланыстырады. XV ғасырдың ортасында Алтын Орда құлаған кезде дала тайпалары болашақты ойлап, дербес мемлекет құру керек деп шешті. Мемлекет негізін «алаш мыңы», яғни Орыс хан тұсындағы Ақ Орда халқының негізін құраған тайпалар қалады. Қазақтың алғашқы ханы Керей немере інісі Жәнібекпен бірге жас мемлекеттің іргесін бекітіп, шаңырағын биіктету үшін үлкен еңбек сіңіреді. Моғолстан ханымен одақтасып, ойрат тайпаларына қарсы күреседі. 1468 жылы Әбілқайыр хан қайтыс болып, оның ордасында таққа талас басталады. Тақ таласы Керей мен Жәнібектің Өзбек ұлысына қайта оралып, мұндағы күреске белсене араласуларына мүмкіндік береді. Әбілқайырдың ұлы, ханның мұрагері Шейх Хайдар жеңіліп, жақын адамдарымен бірге қаза тапты да, ұлыстағы бар билік Керей ханның қолына көшті. Осы кезден бастап қазақ хандығы іргелі мемлекетке айнала бастады. Керей ханның есімі 1472 – 1473 жылдардағы деректерде соңғы рет кездеседі. Оның қашан және қандай жағдайда қайтыс болғанын, қайда жерленгенін анықтау қиын. Керейден соң билік Жәнібек ханға көшеді. Оның тұсында қазақ елі іргелі мемлекетке айналды. Жаңа хандықтың өзіндік құрылымы мен заң жүйесі қалыптасты. Жәнібек қазақ тарихындағы айрықша тұлғалардың бірі болды. Ол халық санасында әулиеге пара – пар, ақылды, әділетті әмірші ретінде сақталды. Бұрындықтан кейінгі қазақ хандарының бәрі осы Жәнібектің ұрпақтары. Жәнібек ханның да нақты қашан өлгені, қайда жерленгені белгісіз. Кейбір деректерге қарағанда Керей мен Жәнібек хандар Сарайшық қаласында жерленген. Керей мен Жәнібектен кейін ел басқару кезегі Керейдің ұлы Бұрындық (Мұрындық) ханға келді. Бұрындық ханның билігі ең бір мазасыз, талас – тартысты, аумалы – төкпелі кезеңге дөп келді. Ол сол қиындықтардың бәріне төзіп, өз әкесі мен оның сенімді серігі Жәнібек ханның өсиетіне адал болды. Ол іскер де батыл басшы, жауынгерлік машықты, қару түрлерін қолдануда жетік жауынгер де еді. XV ғасырдың соңғы ширегіндегі хандықтың үлкен – кіші оқиғасының бәріне тікелей араласып, әскер басында өзі жүрді. Шайқастарда әлденеше рет жараланады. Мұсылман тарихшылары Бұрындық ханды Дешті Қыпшақ билеушілерінің ішіндегі ең белгілісі және құдіретті әмірші деп сипаттайды. Бұрындық хан тағында ұзақ уақыт 30 жылдан астам отырды. Оның тұсында қазақтар Сыр бойына жайыла қоныстанып Сығанақ, Сауран, Түркістан, Сайрам, Отырар, Үзкент, Аққорған, Аркөк сияқты шаһарларды иемденді. XV ғасырдың соңынан бастап Бұрындық пен Жәнібектің ұлдары арасында билік үшін қайшылықтар туа бастайды. Бұрындық осы кезде қара басының қамын ойлап, қателікке ұрынады. Жәнібектің баласы Қасымға қарсы тұру үшін ол қазақ елінің бақталасы Шайбани әулетімен достасады. Екі қызын соларға ұзатып, «әулеттік неке» арқылы өзіне одақтас табуға тырысады. Бірақ бұл әрекеті Бұрындыққа абырой әпермейді, халықтың қолдануынан айрылады. Ол елден кетіп, Самарқанда қызының қолында дүние салады. Қазақ хандарының әулеті Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханнан тарайды. Шыңғысхан ұрпақтары қазақтың төре руын құраған. Қазақ хандары тек қана Шыңғысханның ұрпақтары арасынан сайланып отырған. XV ғасырдың ортасында Әбілқайыр хандығынан бөлініп, қазақ деп аталған халықты соңына ертіп Жетісу жеріне келген Керей мен Жәнібек қазақ хандарының әулетін орнықтырады. XVI ғасырда Жәнібектің баласы Қасым қазақ хандығының аумағын кеңейтіп хандықты қуатты мемлекетке айналдырады. Ол «Қасым ханның қасқа жолы» атты тұңғыш заңдар жинағын шығарды. Қазақ Ордасын ұзақ жыл (43 жыл) билеген хан – Хақназар. Тәуекел, Еңсегей бойлы ер Есім хандардың тұсында да Қазақ хандығының күш – қуаты бұрынғыдан толыға түседі. Салқам Жәңгір, Әз Тәуке хандардың билік құрған кезеңі Жоңғар шапқыншылығымен тұстас келді. Әз Тәукенің жанындағы билер кеңесі жасаған «Жеті жарғы» заңдар жинағы қазақтың XVII – XVIII ғасырлардағы әдет – ғұрып ережелерінің жиынтығы ретінде белгілі. XV – XVII ғғ. Қазақ хандығында Шыңғыс ханның заңдар жинағы мен ережелер жиынтығы (Жасақ) өз маңызын жоғалтпады. Мұны Фазлаллах ибн Рузбиханның қазақ сұлтандары (Шыңғыс ханның) жасағы бойынша орналасады деген сөзі көрсетеді. Сонымен қатар «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты қазақтың өз заң ережелері болды. Ру аралық дау – дамайлар билердің араласуы мен келісім арқылы жүргізілді. «Тоғыз» төлемнің негізгі түрі болды. Жеті Жарғыда тек азаматтық қана емес, қылмыстық ережелер көрсетілген. Абылай хан XVIII ғасырда Қазақ хандығының шекарасын қалпына келтіріп, үш жүздің басын біріктірді. Абылай хан қазақ хандығының қуатын арттырып, іргелі мемлекетке айналдырды. XIX ғасырда қазақ жерін Ресей империясының отарлау саясаты күшейген тұста қазақ хандығын қалпына келтіріп, 1841 жылы хандық билікті қолына алған Абылай ханның немересі Кенесары болды. Бірақ хандықтың ғұмыры қысқа болды. XIX ғасырда Ресейдің Қазақстанды отарлау саясаты хандық билікті жойды. Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымы қысқаша осындай. Сонымен қатар онда көптеген «ақтаңдақтардың» барын мойындау керек. Дәулет ІЗТІЛЕУ
ДЕРЕККӨЗ: © e-history.kz