Inicio Басты жаңалықтар КИЕЛІ ШАҺАР МӘДЕНИЕТІ МЕН СПОРТЫ ҚАТАР ДАМУДА

КИЕЛІ ШАҺАР МӘДЕНИЕТІ МЕН СПОРТЫ ҚАТАР ДАМУДА

Бүгінде киелі шаһарда спорт және мәдениет саласында үлкен мүмкіндіктер пайда болғаны баршаға аян. Жуырда ғана қала төрінде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні атап өтілді. Осыған орай Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы бірқатар мәдениет саласының өкілімен кездескен болатын. Мерекеге орай өткен жиынға бірнеше жыл осы салада жемісті еңбек еткен мамандар қатысты.

Мекенхан Қозыханұлы шаһар мәдениетінің дамуына ілкімді үлес қосып жүрген жандарды мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ, Түркістан қаласы әкімінің Алғыс хатын тапсырған еді. Қала көлемінде жыл бойы, аптаның жеті күнінде түрлі аудиторияларда, кітапханалар мен музейлерде, стадиондар мен алаңдарда үздіксіз өтіп жататын сан түрлі мазмұндағы, мәдени және спорттық іс-шараларды, концерттер мен қойылымдарды, көрмелер шығармашылық кештерді, кездесулерді, отандық, шетелдік қонақтардың қатысуымен өтетін ауқымды фестивальдар мен галаконцерттерді асқан жауапкершілікпен, көпшіліктің көңілінен шығатындай тап-тұйнақтай атқарып шығу – мәдениет саласы қызметкерлерінің зор еңбегі деп бағалауға болады. Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Динара Жипсыбаеваның айтуынша, былтырғы жыл шаһарда аталған сала бойынша айтарлықтай жетістіктерге толы болды.

Тарқатып айтсақ, қалалық мәдениет үйінің 2023 жылы бекітілген жылдық жоспары бойынша 107 мәдени іс-шаралар ұйымдастырылған. Оның ішінде 39 іс-шара жоспарлы түрде өтсе, жоспардан тыс 68 мәдени іс-шара өткізілген. Осы мәдени-рухани жиындар 18 мыңнан астам адамды қамтыған. Сонымен қатар, қалалық деңгейде түрлі ауқымды іс-шаралар, оның ішінде Халықаралық әйелдер күніне «Асыл жар, абзал ана» мерекелік кеші, «Ерлік елге мұра» салтанатты жиыны, «Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң» іс-шарасы және «Әже ұлт – ұйытқысы» форумы, «Түркістан – фотограф көзімен» фестивалі секілді көрерменге ерекше әсер сыйлаған жобалар есте қалды.

Халықтың парасатты әрі оқуға құштар болуына ықпал ететін тағы бір жақсы бастамалар ордасы – кітапхана. Атап айтсақ, бөлімге қарасты орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша барлық кітап қоры – 352 722 дананы құрайды екен. Рухани шаһардағы тұрғындардың интелектуалдық-танымдық деңгейін жетілдіретін бұл руханият ордаларында былтырдың өзінде 439 726 дана кітап берілген. Жалпы оқырмандар саны – 28012 адам, келушілер саны – 226 841 адамды құрайды екен. Бұл деректерден жәдігер қалада жаңа мәдениет қалыптасып келе жатқанын анық аңғаруға болады. Аталған кітапханалар кітаппен қоса мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, онлай және офлайн форматтарда әдеби-сазды кештер мен танымдық жиындар өткізуді үрдіске айналдырған. Әрине, биыл да жыл соңына дейін атқарылатын жұмыстар жетерлік. Жауапты мамандардың тындырымды істері өз нәтижесін береді деп сенеміз. Тағы бір тоқтала кететін құндылық – тілдерді дамыту. Түркістан қаласында тілдерді оқыту және дамыту орталығында қазіргі таңда мемлекеттік тілден 965 адам, орыс тілі бойынша 398 адам білім алып жатыр. Тұрғындардың тіл мәселесіне қатысты қызығушылығын арттыруда аталған орталық ойдағыдай нәтижелермен қуантады деген сенім бар. Қаламыздағы спорт саласының былтырғы нәтижесі де жоғары. Осы орайда, Түркістан қаласындағы спорт саласындағы көрсеткіштерді тізбелеп көрсек.

Естеріңізге сала кетейік, Түркістан қаласында статистикалық есеп бойынша 264 спорт нысаны бар. Атап айтсақ: Олимпик центр және Мұз сарайы секілді спорт сарайлары, ХҚТУ, О.Жарылқапов, Түркістан Арена стадиондары, Бокс Федерация, Б.Шолақ, №4 БЖСМ, Халықаралық туризм меймандостық академиясы спорт кешендері, 150 ойын алаңдары мен 18 теннис корты, Спорт сарайы, Су спорт кешені, Акваланд су кешені, Шипа су бассейні, ХҚТУ бассейні, Нұрасыл бассейні, Rixos қонақ үйінің бассейнін қосқанда 6 жүзу бассейні және 76 спорт залдары бар. Мұның бәрі қазіргі таңда халық игілігіне жұмыс жасауда. Елеулі жетістіктің бірі деп ойын алаңшаларын атауға болады. Дәлірек айтсақ, шаһарда жасанды, төсенішімен салынған 64 ашық алаңша бар болса, қазіргі таңда алаңшалардың саны 112-ге көбейген. Ата-бабамыз «Тәні саудың-жаны сау» деп бекер айтпаса керек. Қазіргі таңда қоғамдағы жат қылықтар жастарға кері әсерін тигізуде. Жастар арасында темекіге, ішімдікке еліктеушілік, тіпті нашақұмарлық та өршіп барады. Ал салауатты өмір салтын қалыптастыру осы олқылықтардың орнын толтырады деп нық сеніммен айтуға болады. Жастардың жан-жақты дамуын спортсыз елестету мүмкін емес. Спорт — барлық тәрбие атауының бір саласы. Спорт арқылы «бірінші байлықтың» бағасын арттыруға болады. Жергілікті биліктің тарапынан жасалған қолдау нәтижесінде қала әкімдігі жанынан 2 клуб құрылғанын айта кету керек. Олар – Түркістан қаласы балалар мен жасөспірімдер спорт клубы және «Túrkіstan» футбол клубы. Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының жаттықтырушылары мен спорт нұсқаушылары бүгінгі таңда қаладағы 48 ашық алаңды бұқаралық спортпен қамтып жатыр. Бұл халыққа қалтқысыз қызмет атқарып жатқан сала мамандарының елеулі еңбегінің бір көрінісі деп бағаласақ артық емес. Ал «Túrkіstan» футбол клубы Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысуда. 2008 және 2009 жылы туылған жасөспірімдер ҚР чемпионатының қорытындысы бойынша 19 команданың ішінде 4 орынды иеленіп, Қазақстан Республикасының Кубогына жолдама алды. Дәл осы кезеңге дейін О.Жарылқапов және «Түркістан Арена» стадиондарында жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты «Túrkіstan» футбол клубы жергілікті кездесулерін Арыс қаласының орталық стадионында, жаттығуларын Кентау қаласының «Еңбек» стадионында өткізіп келген еді. Алдағы уақытта футбол жанкүйерлері қала әкімдігінің жанынан құрылған футбол клубының матчтарын Түркістанда көруге мүмкіндік алады.Қазір тарихи шаһарда аталған салада саңлақтар қатары артып, әлемдік додаларға көптеп қатысатындай деңгейге жетті. Байрақты бәсекелерде топ жарып, Түркістанның атын әйгілейтін азаматтар көп болуын тілейміз.

Сондай-ақ, Динара Жипсыбаева биылғы жылы да шаһарда мәдени және спорттық іс-шаралар жоғары деңгейде өткізілетінін қолға алып жатқандықтарын айтқан болатын. Мәселен, 2024 жылға мәдени бағытта 78 іс-шара өткізу жоспарланып, оның ішінде ауқымды халықаралық «Nauryz BIG FEST фестивалі – заманауи үлгідегі ұлттық киімдер көрсетілімін жасаған еді. Республикалық деңгейдегі «Түркістан дауысы-2024» эстрада әншілерінің байқауы және аймақтық «Жас толқын -2024» эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілері байқауы да қала тұрғындарына ерекше есте қаларлық әсер сыйлайтынын жеткізді. Облыстық «Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат» балалар мен жасөспірімдерге арналған эпостық жырлар мен қисса дастандарды жатқа айту байқауы, «Өнерлі өлке» өнер фестивалі, Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған «Мәдени қызмет – мерейлі міндет» мәдениет қызметкерлерінің форумы, «Балтаңдай» балаларға арналған өнер фестивалі секілді іс-шаралар Түркістанның мәдени-рухани болмысын биіктететіні сөзсіз. Ал спорт саласында биылдыққа 46 іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы XIX Республикалық турнир, «25 қазан – Республика күні» мерекесі аясында Түркістан қаласының дамуына үлесін қосқан мемлекеттік қызметкер, спортшы Исабеков Нарбек Ануарбекұлын еске алуға арналған ересектер арасындағы волейболдан VII республикалық турнир, футболдан жасөспірімдер арасында «TURKISTAN CUP» турнирі, «Жемқорлықсыз салауатты қоғам!» атты ұранымен таеквондодан балалар және жасөспірімдер арасындағы республикалық додалар тұрғындардың, әсіресе, жастардың салауатты өмір салтына деген қызығушы-лығын оятуды мақсат етіп отыр. Облыстық деңгейіндегі үстел теннисінен жасөспірім қыздар мен ұлдар арасында «AMANAT CUP» турнирі мен Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Cаттархановтың әкесі Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» Сейілхан Саттарханұлын еске алуға арналған бокстан Түркістан облысының ашық турнирі және 37 қалалық іс-шаралар да көрерменге жақсы әсер сыйлайды деп сенеміз. Шаһардағы алты сектор аумағында өтетін отбасылық жарыстар да жыл сайын тұрғындардың тағатсыздана күтетін бәсекелеріне айналды. Жалпы айтқанда, жәдігер қаланың жаңа мәртебесіне сай мәдениеті мен спорты да жоғары деңгейлерді бағындырып келеді. Мәртебелі жыл Түркістанға мол табыстар сыйласын деп тілейміз.

Дәурен ТІЛЕУХАН.