Inicio Мәдениет ЦИТАДЕЛЬ ҚАМАЛЫ ҚАЙТА ЖАҢАРТЫЛУДА

ЦИТАДЕЛЬ ҚАМАЛЫ ҚАЙТА ЖАҢАРТЫЛУДА

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шығыс жақ бөлігінде орналасқан Цитадель қамалының қабырғасына қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

ХVІ-ХІХ ғасырларға тән республикалық мәртебеге ие ескерткіш фортификациялық құрылыс түріне жатады. Координаттары: 43˚17.894΄, 068˚16.262΄. Теңіз деңгейінен биіктігі – 221метр.

Қамал қорғанның сынған қыштары мен баспалдақтары жаңартылып, сыртқы қабаты қайта ретке келтірілуде.

Цитаделдің фортификациялық құрылыстарына алғашқы археологиялық барлау жұмыстары 1973 жылы жүргізілген. Қазба жұмыстары барысында ХІХ-ХХ, ХVІІ-ХVІІІ, ХІV-ХVІғғ. жататын қамал қабырғасының үш құрылыс горизонты аршылған. А.И.Добромысловтың мәліметіне сүйенсек, цитаделді қоршаған қамал ХХ ғасырдың бас жағында қирай бастаған.

1978-1979 жылдары реставраторлар жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде қорған қамалының солтүстік-шығыс бөлігі мен шығыс мұнарасы және солтүстік-шығыс қақпалары қайта қалпына келтірілген.


Қамал қорғанның үстіңгі жағы тісті болып аяқталған. Мұнарасы дөңгелек пішіндес, бөрене төсемдерімен жабылған. ХІХ ғасырдың ІІ- жартысынан кейін қамал қабырғалары өзіндік қорғаныс белгілерін жоғалтып қираған. Кейіннен 1980 жылы қабырғалардың фрагменттері қайта қалпына келтіріледі. Қорған қамалына 1998-1999 жылдары Түркістан реставраторлары біршама жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Қамал қорғаны 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №590.4 санды нөмірімен енгізіліп, мемлекет қарауына алынған.