Inicio Мәдениет ҚАЗЫҒҰРТТЫҚТАР НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАДЫ

ҚАЗЫҒҰРТТЫҚТАР НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАДЫ

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын! Наурыз – көнеден келе жатқан мейрам. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мерекесіне айналған. Наурыз – бақтың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, өмірге нұр сыйлаған, халық қастерлейтін күн. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын» десіп, өткенге салауат айтып, келер күннен береке тілеп, ақ көңіл, адал жүрекпен құшақтарын айқастырып табысатын қасиетті күн – Наурыз мерекесін Түркістан облысы Қазығұрт аудандық Қ.Өмірәлиев атындағы аудандық орталық және балалар кітапханасы «Наурыз – көктем мен молшылық мерекесі» атты мерекелік наурыз-думан кешін ұйымдастырды. Мерекелік кешке аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Омаров, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Жаншуақов, «Әжелер алқасының» төрайымы Лескүл және Төлбасы апаларымыз, зейнеткер апа Манзура Абдрахманқызы, зейнеткер ұстаз Мұстафаев Өмірзақ ата қатысты. Ұлттық тағамдардан дастархан жайылып, Наурыз көже таратылды. Келген қонақтар «Қыз жібек», «Құлмат ата», «Балалар» ауылдарында өткен «Қыз ұзату», «Бесікке салу», «Тұсау кесер» дәстүрлерінен сахналық қойылым тамашалап, қоржын ашып тойбастар шашулардан, тәттілерден дәм татты. Мерекелік кеште кітапханашылар «Құндылығын жоғалтпаған киіз үй», «Үздік сахналық қойылым», «Наурыз көже – береке» номинацияларымен, басшылық атынан сый-сыяпаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мерекелік думанның соңы ән-жырға ұласып, кештің мәнін аша түсті.