Inicio Қоғам ТҮРКІСТАНДА ЕЛБАСЫ ЕСКЕРТКІШІ БОЙ КӨТЕРДІ

ТҮРКІСТАНДА ЕЛБАСЫ ЕСКЕРТКІШІ БОЙ КӨТЕРДІ

Түркістанда Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың ескерткіші орнатылды. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның 30 жылдық тәуелсіздігінің төл тарихын жасаған беделді тұлға. Ел болашағы мен халқының қамсыз өмірі үшін тер төккен Елбасының еңбегі өлшеусіз. Түркістан қаласының облыс орталығы болып қайта түлеуі де Нұрсұлтан Әбішұлының арқасы деп біледі жұрт. Қазақ елін әлемге мойындатқан парасатты саясаткердің пайымды істерін үлгі етіп, өскелең ұрпаққа дәріптеп тәрбиелеуміз керек.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елімізге, оның ішінде біздің туған жеріміз Түркістан қаласының дамуына қосқан үлесі орасан. Тәуелсіз Қазақстанның ел болып, еңсе тіктеуі, әлемде айбыны асқақ мемлекетке айналып, бүгінгідей бейбіт ғұмыр кешуі де Елбасы еңбегінің жемісі. Рухани астанамызға ерекше статус беріп, мәртебесін арттырған шешімі де, түркістандықтардың төбесін көкке жеткізді. Қаламыз аз ғана уақытта әлемге танылып, түркі мемлекеттерінің астанасы атанып жатса, ол – Нұрсұлтан Әбішұлының қалаға деген ерекше ықыласы мен қамқорлығының көрінісі деп білеміз.
Жуырда осы өңірдің белді кәсіпкері Болатбек Әлиев Елбасының ескерткішін Түркістан қаласына орнату туралы бастама көтерген болатын. Жергілікті 40-тан астам ардагер-ақсақалдар, қоғамдық ұйым өкілдері бұл бастамаға қолдау білдірген еді. Бұл Елбасы ескерткіші еліміздің өнер саласына еңбек сіңірген қайраткер Тілеуберді Бинаштың қолынан шыққан туынды.
Жиында Түркістан қаласына ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін шаһардың көрнекі жеріне қою жөнінде ұсыныс жасаған кәсіпкер-меценат, «DALA-FRUIT» компаниясының басшысы Болатбек Әлиев пен Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов құттықтау сөз сөйлеп, Елбасының елімізге оның ішінде Түркістан қаласына жасап жатқан ерен еңбектеріне тоқталып өтті. Бұдан соң Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасының Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіші салтанатты түрде ашылды.
Сонымен қатар, айтулы шарада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев сөз сөйлеп, түркістандықтарды Елбасы ескерткішінің ашылуымен құттықтады. Бұдан соң ТҮРКСОЙ бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы, көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, ұстаз, Қазақстан және КСРО-ның халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті, академик, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Жұрынов, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, академик Өмірзақ Озғанбаевтар құттықтау сөз сөйледі.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Түркістанды ел тамсанатын шаһарға айналдырған Елбасының еңбегі ерен. Кемеңгер басшымыздың арқасында елдігімізді бар әлемге паш етіп, егеміндігімізді төрткүл дүниеге мойындатып келеміз. Қаламызда Елбасы ескерткішінің бой көтеруі түркістандықтар үшін зор құрмет. «Ұлым дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін ұл қайдан шығады» деген Ахмет Байтұрсыновтың ұлағатты сөзі бар. Елін сүйген, елі сүйген Елбасына түркістандықтар көрсеткен құрмет, ұрпаққа өнеге болып қалары айқын. Ендеше, бұл айтулы шара «Ұлы даланың – ұлы» ұлылықтың бастауы болып қалары сөзсіз деп білеміз.