«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы аясында қалалық мәслихат депутаттары Түркістан қаласындағы дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығына және дәріханалардың режимге сәйкес жұмыс жасауына бақылау жүргізді.
Осы орайда, Түркістан қалалық мәслихат депутаты Ибадуллаева Рая Серікбайқызы қала дәріханаларындағы дәрілердің бағасының тұрақтылығына және дәрі-дәрмек қорының толық болуына бақылау жасады. Нәтижесінде, дәріханалардағы бағаның әртүрлі болуына байланысты ескертулер берілді.
Біршамасын атап көрсетсек, «Бірлік» ауылындағы «Арзан» аптекасы мен қаланың орталығындағы «Ақтілек» дәріханаларының бірнеше дәрілер құны салыстырылып, екі түрлі бағаны көрсетті.
Қала әкімдігінің «Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің» Туризм саласының сектор меңгерушісі Жұмабекова Жанар Жанабекқызы дәрі бағаларының әртүрлі болуын өндіруші компаниялар көрші Ресей, Польша, Индия елдерінен келуімен түсіндірді.
Қалалық мәслихат депутаты Ибадуллаева Рая Серікбайқызы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, сараптау ұлттық орталығы бекіткен дәрі-дәрмектердің ортақ бағасымен дәріханалардағы сатылым бағасын салыстырмалы түрде тексеріп, оның шекті бағадан аспауын қатаң бақылауға алуды тапсырды.