Батыс Қытай – Батыс Еуропа аралығындағы Түркістан Халықаралық әуежайыына апаратын жолды ұзарту мен Түркістан қаласындағы Шәуілдір тасжолында құрылыс жұмыстары бастау алды. Аталған жолдар қалаға келушілер мен тұрғындардың қолайлы қозғалысы үшін аса маңызды рөл атқарады.
Шымкент пен Шәуілдір арасында қатынайтын жолаушылар үшін бұл жолдар үлкен таптырмас олжа десек қателеспейміз. Себебі, бұрындары Түркістан қаласына кіріп қана қозғала алатын көлік иелері уақытын үнемдеп, тура бағытта жүре алады. Қазіргі таңда, Майкотов көшесі бойында жалпы ұзындығы 6,5 км тасжол төсеу жұмыстары жүргізіліп, сонымен қатар, жарықшамдар орнату шаралары да басталып кеткен. Халықты қуанышқа бөлеген жол құрылысы жұмыстары биыл аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыс алаңында 20 техника мен 25 адам жұмылдырылып, қарқынын күшейткен. Жауапты құрылысты мойнына алған мердігерлер сапалы тасжол салынатынына уәде етіп, тұрғындардың жайлылығы үшін барларын салатынын жасырмады.