Inicio Білім ТҮРКІСТАН: ЖАҚСЫ МҰҒАЛІМ – МЕКТЕПТІҢ ЖҮРЕГІ

ТҮРКІСТАН: ЖАҚСЫ МҰҒАЛІМ – МЕКТЕПТІҢ ЖҮРЕГІ

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында:

– Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет. Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Сондай-ақ, ұстаздардың құзырет аясы айқындалады.           

Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды.

Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі жөнінде пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды  тәрбиелеуіміз қажет. Себебі, бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде. Техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және  еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керек.

Ата-аналар мен оқушылар алған білімінің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезінуге тиіс. Сондықтан, олармен де үнемі әріптестік қатынас орната білу керек. Осы мақсатта жеке білім беру ваучерлерін енгізу жоспарланып отыр.

Баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына  мемлекет бөлетін қаражат бірыңғай білім беру есепшоттарында жинақталады. Бір сөзбен айтқанда, мұны балалардың білім алуына инвестиция ретінде жұмсалатын алғашқы мақсатты капитал деуге болады. Бұл қадам еліміздің әрбір азаматы үшін бірдей мүмкіндік қағидатын іс жүзінде қолдануға жол ашады. Жоғары білім саласындағы реформаларды да осы бағытта жүзеге асырған жөн.

Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайызға дейінгі аралықта болады. Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі, – деді Президент.

Осыған орай Сауран ауданы білім бөлімінің Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектептің педагог-психологтерінің ұйымдастыруымен 2024 жылғы 29 наурыз күні «Көңілі көтеріңкі ұстаздың еңбегі де жемісті» тақырыбында мектеп мұғалімдерінің арасында психологиялық тренинг сабақ болып өтті.

Басты мақсаты – мұғалімдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, жағымсыз көңіл-күйден арылу, күш-қуат жинау, өзін еркін сезінуге көмектесу, ұжым арасындағы байланысты нығайта отырып, эмоционалды жігер беру, көңіл-күйлерін көтеру.

Сабақ барысында әртүрлі тренинг-жаттығулар ұйымдастырылды, олар: «Амандасу», «Жыл мезгілдері», «3Д КІТАП», «Қайталау», «Шар ойыны», «Логапитинг жасау», «Жадынама тарату». Психологиялық тренинг сабақты мектептің педагог-психологі Ханзада Мамбетова басқарды. Психологиялық тренинг сабаққа мектептің ұлағатты ұстаздары мен жас мамандары белсене қатысып, тренинг сабақтан алған әсерлерімен бөлісті. Қазіргі өскелең өмір талаптарына сай жастарға білім және тәрбие беру, оларды жан-жақты дамыту қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Әрбір елде халыққа білім беру ісі- мұғалімдердің қолында. Мұғалім еңбегі басқа қызметтермен салыстырғанда өзіндік ерекшелігі мол шығармашылықты сүйеді. Мектепте осындай психологиялық тренинг-сабақтың көп өткізілуі мұғалімдердің көңіл-күйінің жоғары болуына зор ықпал етеді. Ы. Алтынсарин сөзімен айтқанда: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені жақсы мұғалім мектептің жүрегі» деп айтып кеткен. Сол сияқты бәріміз көтеріңкі көңіл-күйде, жақсы мұғалім болып жүрейік!

Ханзода МАМБЕТОВА,

Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектептің педагог-психологы.