Inicio Қоғам ТҮРКІСТАН: САЙРАМДА ТҮЙІРШІКТЕЛГЕН ЖЕМ ЖАСАЙТЫН КӘСІПОРЫННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ТҮРКІСТАН: САЙРАМДА ТҮЙІРШІКТЕЛГЕН ЖЕМ ЖАСАЙТЫН КӘСІПОРЫННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысында өндіріс орны жетерлік. Соның ішінде Сайрам ауданының кәсіпкерлері бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырғаны белгілі. Мәселен ет өндірісімен айналысатын «Nurym Group» ЖШС тағы бір ерекше жобаны қолға алған. Енді мұнда түйіршіктелген жем жасау өндірісі іске қосылады. Өңірдің бір топ БАҚ өкілдері осы және өзге де кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған баспасөз туры барысында бірнеше өндіріс орын таныстырылды.

Ауылшаруашылық кәсіпорнының негізгі қызметі де негізінен мал шаруашылығы болып саналады. Жоба негізінен ет өндірісін кеңейтуге бағытталған. Атап айтқанда мал шаруашылығы, ет өңдеу, ет саудасы, жем өндірісі. Ал құрылымы бордақылау алаңы мен мал базасынан, қоймалардан тұрады. 2018 жылы жұмысын бастаған кәсіпорында ірі қара өсіріледі. Бүгінде 6 мыңға жуық ірі қара мал бордақылануда. 2021 жылы компания 5 мың бас бұқа сатып алған. Өңдеу қуаттылығы жылына 5 мың тонна ет. Негізінен Иран мен Өзбекстанға ет экспортталады.

Жақында мұнда инновациялық технологияларды қолдана отырып, түйіршіктелген жем жасау өндірісі іске асырылады. Жобаның құрылысына жауапты мердігер компания зауыттың құрылыс жұмыстарына кірісіп кетті. Аталған зауытта сағатына 20 тонна түйіршіктелген жем шығарылмақ. Өндіріс орны жанынан арнайы зертхана мен 20 мың тоннаға дейін мал азығын сақтайтын қойма салу да жоспарланған. Алдағы уақытта зауытта бірнеше азамат тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.

Оған қоса аудандағы қасапханалардан шыққан қалдықтарды терең өңдеу мәселесі де қолға алынбақ. Тағы бір маңызды жоба – ет өңдейтін зауыт. Оның құрылысы биыл басталады. Кәсіпорында күніне 1000 ірі қара мал сойылады деп жоспарлануда. Зауыттың өзгелерден ерекшелігі, онда қасапханалардағы шикізат қалдықтарын терең өңдейтін орын қарастырылған. Малдың қаны мен сүйегін, ішек-қарнын, терісін де пайдаға асыратын жаңа кәсіпорын 2025 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл жоба аясында қосымша тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

«Қайып-Ата» ЖШС-на ат басын тіреп, ірі қара мен ұсақ малды өсіретін кәсіпорын жұмысымен танысты. Мұнда шамамен 40 адам жұмыс істейді. 2011 жылы тіркелген «Қайып-Ата» кәсіпорны «Қазақстанның Ет одағының» мүшесі, «Nurym Group» ЖШС құрамына кіреді. Етті өңдеу және консервілеу, ірі қара мен буйвол өсіру, көкөністер мен жемістерден басқа азық-түлік тауарларын сақтау, ветеринарлық қызмет секілді бағыттары бар.

Компания құрылымына Қазығұрт ауданында 6 мың басқа арналған ІҚМ бордақылау алаңы, Сайрам ауданындағы бордақылау кешенінде 10 мың басқа арналған бордақылау алаңы, шоғырланған жем өндіруге арналған жем цехы, тоңазытқыш және сою цехы, Қазығұрт ауданындағы 20 мың басқа арналған ұсақ мал бордақылау алаңы және «ОҚО-ЭКО-FOOD» ет комбинаты кіреді. Сиыр еті, жылқы еті, қой еті халал және HASP стандарттарына сәйкес өндіріледі. «Бизнестің жол картасы 2020» субсидиялау бағдарламасымен ашылған.

Сонымен қатар Түркістан облысында кәсіпкерлік саласы қарқын алып келеді. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған баспасөз туры барысында бірнеше өндіріс орнының жай-күйі сараланды. Соның ішінде Сайрам ауданындағы «Наурыз-5» ЖШС-не барып, сұранысы артқан өнімдерімен танысты.

Кәсіпорын «Korkem» сауда белгісімен жеміс пен көкөністер өңдеумен, консервілеумен айналысады. Компания 2023 жылы «Қазақстан Халық Банкінен» жабдықтар сатып алуға жылына 21,75%-бен несие алған. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында оның 16,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды. Барлық өнімдер МемСТ бойынша сертификатталған. 2002 жылы негізі қаланған өндіріс орны тәулігіне 10 тоннаға дейін консервленген өнімдер (джем, тұздық, тосап, паста т.б) шығаратын әмбебап технологиялық желімен қамтылған. Бұндай заманауи жабдықтар сатып алу мақсатында қомақты инвестиция салынған. Өнім еліміздің барлық облысында сатылады. Консервілер жасауға жоғары сапалы өнімдер, салат, томат тұздықтары, маринадтар мен джемдер үшін жаңа піскен көкөністер мен жидектер қолданылады. Оның барлығы компанияның өз рецептімен дайындалады. Айына орта есеппен 50 тоннадан астам өнім нарыққа шығарылып отыр.

Ауданда бұдан бөлек полиэтилен және поливинилхлорид құбырларын шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын өнімдеріне соңғы кездері сұраныс та артқан. Себебі, су, газ жүйелері мен дренаждық ұңғымаларды ауыстыру ісі өңірде қарқын алған. Әрі ауыл-аймақты газдандыру белсенді жүріп жатыр. Мемлекеттік бағдарлама негізінде іске қосылған «Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты бастапқыда резеңке мен пластик бұйымдар шығарса, кейіннен су құбыры өндірісін қолға алған. Қазіргі таңда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған зауытта полиэтилен және поливинилхлорид құбырларының түр-түрі шығарылады.

Дайын өнім негізінен газ бен суды тасымалдауға және құрылысқа пайдаланылады. Мұнда жылына қалыңдығы 630 миллиметрге дейінгі ірілі-ұсақты 10 мың тонна полиэтилен құбырлары өндіріліп, еліміздің бірнеше аймағына жөнелтіледі. Ал диаметрі 400 миллиметрді құрайтын поливинилхлорид құбырларын еліміз бойынша жалғыз осы зауыт өндіреді екен. Жалпы зауытта жұмыстың басым бөлігі авто­маттандырылған. Өндіріске қажетті барлық техника Германиядан әкелінген. Немістің «Крас Маффай» фирмасының қондырғылары. Мұнай қалдығынан жасалатын полиэтилен грануласы елімізде Павлодар қаласында ғана шығарылады. Алайда ол тапсырыс беруші көптеген кәсіпорындардың технологиясына сәйкес келмейді екен. Сол себепті, өндіріске қажет шикізат қазір тек көршілес Өзбекстаннан жеткізіледі. «Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болған. Қазір кәсіпорынның жылдық тауар айналымы 4 млрд теңге.

Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында «BELLA MEBEL» брендімен өнім шығаратын жиһаз фабрикасы 2017 жылдың мамыр айынан бері жұмыс істеп тұр. Бүгінде компания Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жиһаз нарығында өз орнын ойып тұрып алды деуге болады. Бұл отбасылық бизнеске Дилдора Нуриддинова көп кәсіпкерлер сияқты саудадан келді. Бастапқыда олар Сербия мен Италияда жасалған жиһаздарды көтере сатумен айналысатын. Жиһаздың түр-түрін көріп жүріп олар осындай дүниелерді өздері шығаруға бел буды. Нәтижесі жаман емес. Қазір фабрикада жүзден астам білікті маман жұмыс істейді. Жұмсақ жиһаздың 120 түрі шығады. Компания жиһаз өндірісіндегі айналым қаражатын толықтыру үшін жылына 21,75%-бен 2022 жылы «ForteBank»-тен несие алды. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында оның 13,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды.