Inicio Қоғам ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ МЕРЕЙІ ӨССІН ДЕСЕК…

ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ МЕРЕЙІ ӨССІН ДЕСЕК…

1989 жылы құрылған «Қазақ тілі» қоғамы тәуелсіздігімізге толайым жол салғандай болады да тұрады. Өйткені, қоғам бірден-ақ қанатын кең жайып, Қазақстанның барлық өңірінде өзінің жергілікті ұйымдарын құра бастады. 19 облыстық, 200-ден аса аудандық, мың­даған бастауыш ұйымдар құрылды. Қала­лық, облыстық, аудандық, ауылдық ұйым­дар­мен бірге ірі мекемелерде бірік­кен комитеттер ұйымдастырылды. Ел ара­сында тіліміздің өрісін кеңейту жолдарын тынымсыз насихаттады. Осындай нақты іс-әрекеттер нәтижесінде қоғам ел алдын­да бедел алып, халықтық қозғалысқа айнал­­ды. Әсіресе, Тіл туралы заң мен Мемле­кет­тік бағдарламаның іске қосылуына қоғам қосқан үлес өлшеусіз. Қоғамның ІІ құрылтайында сөз сөйлеген белгілі ғалым, профессор Кеңесбай Мұсаев­­тың пікірін келтіргенді жөн көріп отыр­мын. Ол: «Осы уақыт ішінде қоғам­ның тындырған ең үлкен жетістіктері не дегенде қоғам қазақтың қазақтығын дамы­та­тын қоғам екенін дәлелдеуі дер едім. Екіншіден, қоғам қазақтардың ер­тең­ге сенімін арттырды. Үшіншіден, ұлт­шылдық қорқынышынан құтқарды, соны әлсіретуге көп көмектесті» деп пікір білдір­ген еді. Бұл пікірдің орындылығын уақыт­тың өзі көрсетіп отыр ғой деп ойлаймын. Елдің санасын оятуда, ұлттық рухты көтеруде баспасөздің ерекше маңызға ие екендігі белгілі. Осыған байланысты біздің де әуелгі қолға алғанымыз баспасөз болды. 1990 жылғы наурыздың 22-сінде республикалық «Қазақ тілі» қоғамының үні ретінде өмірге келген «Ана тілі» атты үнқағазымыз содан бергі аралықта рес­пуб­ли­­камыздағы таралу мөлшері көп беделді басылымдардың қатарына шықты. Тіл тағдырын ту етіп отыр­ған бұл басылымды кешегі Ахмет Байтұр­сынов шығарған «Қазақ» газетінің рухани жалғасы деп айтуға әбден болады. Бұдан бөлек, «Қазақ тілі» қоғамының жер-жердегі ұйымдары мен бөлімшелері шығарған мерзімдік ақпарат құралдары­ның саны 30-дан асып кетеді. Бұлардың бәрі де қоғамдық пікір қалыптастыруда, ұлттық жадымызды жаңғыртуда елеулі қызметтер атқарғаны ақиқат. Жалпы, қазақ тілінің 1989 жылы мемле­кет­тік тіл мәртебесін алуы, «Қазақ тілі» қоғамының құрылуы қоғамдық пікір­­ге айрықша ықпал беріп, ұлттық сана­­ның дүр сілкінуі ел тәуелсіздігіне алып келді десек, артық айтқандық бол­майды деп білеміз. Дүние жүзі қазақтарының Құрыл­тайын өткізу идеясын көтерген­дердің бірі – «Қазақ тілі» қоғамы болатын. Өзге қоғам­дық ұйымдармен бірге мұны ұйымдас­тырудың басы-қасында «Қазақ тілі» қоғамы жүрді. Сол кезеңдерден бері толассыз жүр­гі­зі­­­­ліп келе жатқан тіл майданы әлі тоқ­таған жоқ. Тілге байланысты қабыл­дан­ған әрбір құжаттың астарында осын­дай күрестер ізі жатыр. Өйткені, тәуелсіз­діктің басты шарттарының бірі – тіл тәуелсіздігі еді. Қоғам қызметінің алғашқы жылдары ерекше қарқынды әрі қызу болды. Еліміздің бүкіл аймақтарын, тіпті, шалғайдағы ауылдардың өзін де қамтыды. Көптеген өндірістік кәсіп­орын­дар да бұл елдік істен шет қалмады. Қазақ халқы бұл қоғамға айрықша үміт артты. Тәуелсіздіктің тірегіндей көрді. Қауымда­сып мүше болды, тілеулестік танытты, демеу­шілік көрсетті. Өз беттерінше бас­тама көтеріп, жергілікті ұйымдар мен бөлімшелерді ашты. Сондай-ақ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын мемлекеттік деңгейдегі аса ауқым­ды істі қолға алған іргелі, көп тар­мақ­ты қоғамдық ұйым деуге де болатыны анық. Өйткені, қоғамның жарғысын алғаш Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төр­аға­сы бекіт­ті. Бастапқы жылдары, атап айт­қан­да, 1993 жылға дейін мемлекеттік бюд­жет­тен қаржы­ландырылып келді. Қоғамға Тіл туралы заң мен мемлекеттік бағдар­ла­маны іске асыру міндеті артылды. Алайда, қоғам арнайы ресми мемлекеттік мекеме болма­ған­дықтан, бұл міндетті ойдағыдай атқаруы мүмкін емес еді. Бұл іс кейіннен қоғамның ұсынысы бойынша құрылған Тіл комитетіне жүктелді. Тіл комитеті ашылғаннан кейін барлық облыста тіл басқармалары құрыл­ды. Бұл шаралар мемлекеттік тіл саясаты­ның пәрменді жүргізілуіне айтарлықтай серпін беріп отырғанын ашып айтуға тиіспіз. Қоғам тәуелсіздік жылдарында тілге қатысты салалардың бәріне араласып, өзінің тіл жоқшысы, бірден-бір қамқоршысы екенін үнемі дәлелдеп отырды. Бір айтарлық жай, біз 1989 жылы «Қазақ тілі» қоғамын құрайық деп жатқанда, «Эстон тілі» қоғамы өзінің 70 жылдығын атап өтіп жатты. Ал Ататүрік негізін қалаған «Түрік тілі» қоғамы әлі күнге қызмет етіп, Түркия мемлекетінің ұлттық идеологиясының ошағына айна­лып отыр. Биыл құрылғанына 25 жыл толып отырған «Қазақ тілі» қоғамы қажет пе, қажет емес пе деген мәселенің күн тәртібіне қойылуы әлі ерте деп білемін. Сондай-ақ, елімізде осыншалық уақыт қызметін жалғастырып келе жатқан қоғамдық ұйым жоқтың қасы. «Қазақ тілі» қоғамының осы уақыт аралығында бағдарынан ауытқымай, өз қызметін қалыпты түрде жалғастырып келе жатуы ұстанған бағыты мен іс-әрекетінің оң екендігін тағы да бір дәлелдей түспей ме?! Нақтырақ айтатын болсақ, үкімет­тік емес ұйымдардың міндеті қоғам­да қордаланып қалған мәселелерге жұрт­шы­лықтың, тиісті органдардың назарын аудар­ту, қозғау салу, қоғамдық пікір қалып­тастыру, ұсыныстар беру, мемлекет­тік мекемелердің қызметіне қоғамдық бақылау орнату. Осыған орай «Қазақ тілі» қоғамы да өз Жарғысында көзделген міндеттерін тиісінше атқарып келеді. Ал енді, әсіресе, тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінің өрісін кеңейту жолын­­дағы мемлекетіміздің атқарып келе жатқан іс­те­ріне көз жұмып қарасақ, мұнымыз «көр­мес түйені де көрместің» керін кел­тір­гендік болар еді. Сондықтан да әрбір іске, әрқандай әрекетке баға бер­генде, әділеттің ақ жолынан ауытқыма­ғанымыз орынды. Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңей­ту үшін егемен еліміз не атқарып келе жатыр дегенге келсек, мемлекеттік тіл мәртебе­сіне ие болған қазақ тілінің мәселесі Елбасының назарынан ешқашан тыс қалып көрген жоқ. Мысалы, ана тілімізді ардақтау мақсатында 25 жылдың ішінде Елбасы 5 Жарлық, 3 Өкімге қол қойса, Үкімет мемлекеттік тілді өркендету тұрғы­сында 22 қаулы қабылдапты. Арнайы заң, Мемлекеттік бағдарлама бар. Тіл коми­теті, облыстық тіл басқармалары қызмет етуде. Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде елімізде жүздеген қазақ мектебі ашылыпты. Аралас мектептерді санамағанда, еліміз­дегі барлығы 7 721 мектептің ішіндегі  4 мыңдай мектеп таза қазақ тілінде білім береді екен. 2005 жылы мемлекет­тік тілді дамытуға бөлінген қаржы мен бүгінгі қаржыны салыстырып қарасақ, арасы жер мен көктей. Мұның бәрін айтып отырғаным – қалай болғанда да ілгерілеушіліктердің бар екендігін көрсету.