Inicio Қоғам ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІҢ ҰЛТТЫҚ КОДЫ

ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІҢ ҰЛТТЫҚ КОДЫ

Әлемде екі жүзге тарта тәуелсіз мемлекет бар көрінеді. Олардың әрқайсының қалыптасу, өркендеу жолы бір‑біріне ұқсай бермейді. Ол әр мемлекеттің өзіндік мәдени һәм рухани өресіне, материалдық және техникалық мүмкіндіктеріне, табиғи жағдайына, т.б. толып жатқан факторлармен айқындалады. Алайда адамзат тарихы көрсеткендей, олардың тағдыры көршілерімен қарым‑қатынасқа да көп байланысты.

Қазақстанның ежелден іргелес бо­лып келе жатқан Ресеймен қарым-қа­ты­нас­тары туралы сөз еткенде Ба­тысқа әл­деқайда жақын жатқан мем­лекеттің озық мәдениеті мен ғылымы­ның қазақ қоғамына игі ықпалы аз болма­ғанын әркез есте ұстаған абзал. Әсіресе осында оқып, білім алған, қызмет те еткен қазақтың талай ардақтылары еліміздің ілгері жылжып, жаңаруына өлшеусіз үлес қосты, үлес қосып та келеді. Бұған тарих та, бүгінгі күніміз де куә.

Сонымен қатар патшалық Ресейдің империалистік саясатынан туындаған ора­сан зор зардаптар да жұртқа аян. Ұлы дала билігін қолға алып, басқару жүйесін өзінің ыңғайына бейімдеп алған отаршылдар Қазақстанның құнарлы, сулы, нулы аймақтарына ғана ие болумен шектелмей, жергілікті халықты озбырлық пен әділетсіздіктің небір сорақы нұсқаларын бастан кешіруге мәжбүр етті.

Ежелден осы жердің жалғыз иесі қазақ халқының күн­дердің күнінде құрып кетуінен тек Тәуелсіздік сақтап қалды. Егемендіктің елең‑алаңында еліміздің ұлтшыл азаматтары ең бірінші азаттықтың басты атрибуты ана тіліміз үшін күресті, барын салды. 1989 жылдың 22 қыркүйегінде өткен он бірінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Қазақ ССР-інің Тіл туралы» Заң қабылданды. Еліміз үшін аса бір сындарлы кезеңде, барлық 16,5 миллиондай халықтың 6534616-сы қазақ, 6227549-сы орыс­тар болып отырғанда дүниеге келген бұл құқықтық норма, шын мәнісінде, Алаш көшбасшыларының тәуелсіздікті тілден бастау керек деген дәстүрінің нақты көрінісі болатын.

Мемлекеттік тіл туралы мәселеге арнайы көшпей тұрып, өркениетті елдердің бірер тәжірибесіне назар сал­сақ. Солтүстік көршіміз өзінің Конс­титуциясының 68‑бабында орыс тілі мемлекеттік тіл деп атап көрсетумен, 1998 жылғы 24 тамызда Ресей Феде­рациясы халықтарының тілі туралы заңымен шектелмей, қауіптің төбесі көрінбесе де, орыс тілін қорғау мақ­сатымен 2005 жылы 25 мамырда Ресей Федерация­сындағы мемлекеттік тіл туралы Заң қабыл­дады. Қазір кешегі кеңес Одағына қараған ұлттық рес­­публикалардың барлығы дерлік мемлекеттік тіл туралы заңмен жұмыс істеуде.

Мемлекеттік тілді сыйлаудың жар­қын үлгісін алыс шет елдер де көр­сетіп келеді. Франция­да алғашқы тіл туралы заңдар осыдан бес ғасыр бұрын 1490 жылы қабылданған. Еуропалық Одақтың парламентаралық сессиясында Одақтың Орталық Банкінің басшысы француз Жак Клод Грише ағылшын тілінде сөйлегенде француз делегациясы залдан шығып кеткен. Ал БҰҰ алтыншы ресми және жұмыс тілі, көптеген халықаралық ұйымдардың тілі болып саналатын француздың ресми тілін әлемнің 300 миллионға жуық адамдары қарым‑қатынас құралы етеді.

1995 жылы қабылданған Ата заңның 7-бабында «1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылды. Ал 1997 жылы Қазақстан Республикасындағы тiл туралы Заң қабылданды. Әр он жыл сайын тілдерді қолдану мен дамыту­дың мемлекеттік бағдарламалары қабыл­данып келеді. Рас, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте түсуге бағытталған іс-шаралар аз жасалынған жоқ. Бірақ нәтиже мәз емес. Кейбір зерттеушілердің айтуына қарағанда, қазір қазақтардың 60 пайызы орыс тілінде сөйлейді.

Қандай мемлекет болмасын, ондағы мемлекеттік тілдің өмір сүріп, қызмет етуінің негізгі шарттарының бірі – тілді қолданушылар санының жеткілікті болуы. Құдайға шүкір, қазір қазақ сан жағынан еліміздегі халықтардың басым көпшілігін құрап отыр. Сонан соң өзінің тарихы, тілінің байлығы жағынан, шешендігі мен көсемдігі жағынан қазақ тілі өзімен көршілес халықтардан артық демей‑ақ қояйық, әсте кем емес. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып отырған қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жа­ғынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы екені белгіСонымен, ана тілімізге шын мем­лекеттік көзқарастың жетіспеген­дігінен оның жеткен өресін биіктете түсетін тиісті саяси‑құқықтық қадам­дар жалғаса түспеді, мемлекеттік тіл тәуелсіз мемлекетіміздің негізгі рәміздері мен егемендігінің негізгі шарттарының бірі ретінде бағалануы керек еді, олай болмады. Ал 1997 жылғы Қазақстан Республикасындағы тiл ­туралы Заңның «Тілді құқықтық қорғау» деп аталатын тарауындағы «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады», «Уәкілетті орган тілдерді дамыту саласында бірыңғай мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамта­масыз етеді», «тілдерді қолдану мен дамытудың бағдарламасын және өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді» деген ешкімді еш нәрсеге міндеттемейтін сөздер көбіне қағаз жүзінде жалғаса берді. Мұның үстіне заңдағы «мемлекеттік, орыс және басқа тілдерде» деген 8-15 және 17, 18, 21 және 25‑баптардағы қосақтаулар мемлекеттік тілдің мәртебесін әлсіретумен келеді.

Кейінгі кезде қазақ тілінің мем­лекеттік мәртебесін елемеуге дейін апаратын ресми және бұқаралық ақпарат құралдарында жиі қолданатын «үш тұғырлы тіл», «үш тілдің бірлігі», «үш тілде білім беру» сияқты қайшылықты, тіпті қате ұғымдар жергілікті жерлерде ана тілінің шын жанашырлары мен мемлекеттік жүйедегі өздері ойлана алмайтын, жоғарыға ойланбай бас шұлғуды әдет еткен шала сауатты қызметкерлер арасында түсінбеушілік жағдайларға жиі әкеліп жүр. Тілдің жалғыз ғана түғыры болатыны, оның ана тілі екенін, мәртебелері әртүрлі қазақ, орыс және ешқандай құқықтық мәртебесі жоқ, өктемдікпен енгізіліп ағылшын тілдерін бір деңгейде деп түсіну, тұтас білім негізінен тек ана тілінде берілуі керектігін, қалған тілдер қатынас құралы ретінде және ана тілінде алған білімді толықтыратынын ескермеу жиі қателіктерге әкеліп жүр.

Осылай ана тіл кеңістігіндегі соңғы ғасырларда қордаланған аса күрделі жағдаймен санаспаушылық, бұл үшін тегеурінді құқықтық шара­лардың қолданбауы, ана тіліміздің мәртебесін мемлекеттік деңгейге кө­теретін пәрменді құқықтық бап­тар қабылданбауы, өзі де осал қабыл­данған заңның кейбір прин­ципті мәселелерінің орындалуын қадағалауға атқарушы органдар тарапынан жігерлілік, жүйелілік, прин­цип­шілдіктің жетіспеушілігінен мем­лекеттік тілді қорғау және қолдау мәсе­лелері құрғақ сөзден нақты іске көше алмай отыр. Тіл туралы заңда жазылған жалпы тілдің дамуы, мемлекеттік тілдің басымдығы және ісқағаздарын жүргізуді қазақ тіліне кезең‑кезеңмен көшіру Мемлекеттік бағдар­ламамен қамтамасыз етіледі дегеннің қателік екенін осы кезге дейінгі қабыл­дан­ған екі бағдарламалардың тағ­дыры айқын көрсетіп отыр. Бұл еліміздің әлеу­меттік-коммуникативтік жүйесінде мемлекеттік тіліміздің өзіндік орны мен рөлін көтеретін саяси‑құқықтық шешімдер қабылдаусыз мүмкін емесін дәлелдеді. Содан бүгін мемлекеттік мәр­тебе алған қазақ тілі мемлекеттік ор­ган­дарда аударма тілге айналып, іс жүргізу мен қызметтік қарым-қатынас жасауда екінші қатарда қалып отыр. Ал «ісқағаздары мемлекеттік тілге көшірілді» деген көптеген облыстарда ісқағаздарын қазақ тіліне көшіру процесі көбіне тиісті қазақ тілін білетін мамандардың есебінен емес, негізінен аз ғана аудармашылар тобымен жүзеге асырылуда.

Осындай және тағы басқа себептерден қазір мемлекеттік тілдің шынайы мағынасы мен қызметі тек қағаз жүзінде қалып, тәуелсіздіктің биік талаптарын қанағаттандыра алмай отыр.Содан күнделікті өмірде қос тілділік салтанат құрып, Конституцияны да, заңды да мойындай бермеу қалыпты жағдайға айналды. Мұндай әрекет ең бі­рінші республиканың мемлекеттік ұйымдары мен мекемелеріне, жалпы мемлекеттік билік тармақтарына қатысты. Жоғары, облыстық және қалалық деңгейде өтетін мемлекеттік сипаты бар жиындар тек орыс тілінде өтеді. Аударма деген тіпті еске алынбайды. Ал халықаралық стандарт бойын­ша, мемлекеттік тілде сөйлемейтін мемлекеттік билік заңсыз билік болатынын ескерген жөн. Әйтпесе, Елбасы «Парламент, Үкімет мемлекеттік тілде сөйлесін» дер ме еді? Бірақ кейбір ­министрлер мен банк басшылары қазақ тілінде сөйлемек түгіл, оны түсінбесе не істейміз? Ал қазақ – басқарушы аппаратты ежелден сыйлап келе жатқан иманды халық. Мемлекеттің тағдыры тапсырылып отырған депутаттар мен қызметкерлер жаппай ана тілімізде сөйлеп, қара­пайым жұртқа үлгі көрсете алса, бұқара халық өздері сенім артқан азаматтардан әсте қалыс қалмас еді.

Көбіне ресми Қазақстан халқы тілдері аясында ғана насихатталатын мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің бүгінгі күйі осындай. Бұл Тәуелсіздік талаптарына сәйкес жүргізілуге тиісті ұлттық идеологияның әлі жүйелілікке жете қоймағанынан да болып отыр. Өкінішке қарай, көпшілігімізде ұлттық рух та, ұлттық намыс та төмен болып отыр. Әлі де құлдық психологиядан құтыла алатын емеспіз. Тіпті өзге ұлт өкілдері ұл‑қыздарын қазақ бала‑бақшасы мен мектептеріне беріп жатқанда қазақ мектептерінің мүмкіндіктеріне әлі сенбеуден, қазақ тілдерін еркін білмеуден ата‑аналар балаларын басқа жаққа алып қашуда. Орта арнаулы оқу орындарын әңгіме етудің қажеті жоқ болар, тіпті қазақ мектептеріндегі ұл‑қыздарымыздың сабақтан тыс уақытта, сондай‑ақ оқыған жастары­мыздың көбісінің өзге тілде сөйлеуі, кешегі кеңестік заманның ардагер әжелерінің қалыптасып қалған әдет­тері, т.б. елімізде ана тілдік орта қалып­тастыра алмай отыр. Бұл бүгінгі күні күшейе түспесе, азаятын түрі жоқ.

Қандай мемлекет болмасын, ондағы мемлекеттік тілдің өмір сүріп, қызмет етуінің негізгі шарттарының бірі – тілді қолданушылар санының жеткілікті болуы. Құдайға шүкір, қазір қазақ сан жағынан еліміздегі халықтардың басым көпшілігін құрап отыр. Сонан соң өзінің тарихы, тілінің байлығы жағынан, шешендігі мен көсемдігі жағынан қазақ тілі өзімен көршілес халықтардан артық демей‑ақ қояйық, әсте кем емес. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып отырған қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жа­ғынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы екені белгілі. Ана тіліміздің құрылым-жүйесі жетілген, лексика-фразеологиялық қоры ерекше бай, ежелден келе жатқан, барынша қалыптасқан жазба және ауызша дәстүрі бар тілдердің бірі ғана емес, бірегейі екені аян. Ал ана тіліміздің бағын жандырмай отырған өзіміз. Ең басты кемшілік осы тілдің егесі – өзімізде болып отыр. Анамыздың атын иеленген тілімізді құрметтемеу – бүкіл ата-бабамызды, еш халықтан кем емес аса бай тарихымызды ұмыту екенін мойындағымыз келмейді. Ұлтжанды да талантты ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыздың:

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте, – деген сөзін бір сәт ой елегіне салсақ, бүгінгідей күн кешпес едік. Мұндай жағдай іргелі елдің бірде‑біреуінде жоқ. Сөз соңында мемлекеттік тіл – тәуелсіз мемлекетіміздің басты ұлттық коды екеніне тағы назар аударғымыз келеді. Мұнсыз тәуелсіздікті тұғырлы ете алмаймыз.