Түркістан облысына құны 300 млн. АҚШ долларын құрайтын инвестиция тартылып, 4 мың жұмыс орны ашылатын болды. Аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Xinjiang Lihua (Group) Co.,Ltd» компаниясының бас директоры Чжан Цихаймен кезекті рет кездесіп, маңызды мәселелерді талқылады. Аталған алпауыт компания Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға инвестиция салады.
– Түркістан төрінде өзіңізбен тағы да жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Біздің мақсат – мақта кластерін дамытып, жұмыс орындарын көбейту, мақтаны экспортқа шығару. Осы жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіледі, – деді Дархан Сатыбалды.
«Xinjiang Lihua (Group) Co.,Ltd» компаниясының бас директоры әріптестікке жол ашқан өңір басшысына алғысын жеткізді. Өңірде жоспарланған жобалардың сәтті жүзеге асарына сенімді екенін айтты.
Келісімге сәйкес, бұл компания Түркістан облысында бірнеше жобаны жүзеге асырмақ. Олар: «Тамшылатып суару өндірісі»; «Арнайы каналдарды қалпына келтіру және модернизациялау»; «Мақта талшығының өндірісі»; «Жіп иіру зауыты»; «Мата тоқу өндірісі» және «Киім шығару фабрикасы» жобалары.
Кездесуде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен «Xinjiang Lihua (Group) Co.,Ltd» компаниясының бас директоры Чжан Цихай меморандумға қол қойды.
Айта кетейік, бұл кездесуге дейін аталған компания өкілдерімен бірнеше кездесу болған. Облыс делегациясы инвесторлардың жұмысымен танысу мақсатында Тәжікстандағы мақта өндіретін өндіріс орындарына арнайы барып, қытайлық кәсіпкерлердің мақта өсірудегі технологиясымен танысқан болатын. «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компанясы – тоқыма және тігін өнеркәсібі секторы бойынша Қытайдағы ірі кәсіпорын. Нарықта 20 жылдық тәжірибесі бар.
Мақта өте нәзік, кірпияз өсімдік. Жауы көп. Құрттар мен түрлі зиянкетердің алдын алып отырмаса, мезгілінде су ішпесе, агротехникалық талаптар орындалмаса өнім бермей қалатын сәттері бар. Ливерпуль мақта биржасындағы бағаға тәуелділігі де шаруалардың қалтасына әсер етеді. Диқандар 40-50 градус аптаптың астында ерте көктемнен қоңыр күзге дейін өсірген осы өнімін шитін ғана айыратын мақта зауыттары арқылы шетелдерге су тегін сатып келді. Былай айтқанда, өздері өсірген ақ мақтадан дайындалған өнім Қазақстанға 5-6 есе қымбат бағаға келеді. Шаруалар осы мәселені жоғары билікке білдіріп, Үкімет қарауына ұсынып келген. Диқандардың бұл талабын орындауға қажетті алғышарттардың бәрі жасалды. Мақта кластерін дамыту мәселесін көтерді. Жеке меншік мақта зауыттары шаруалардың еңбегін қанамас үшін мемлекеттік алып мақта зауытын Жетісай өңірінде мемлекеттік бағдарламамен салдырды. Біз арнайы тоқталғалы отырған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы 2005 жылы тоқыма өндірісін дамыту мен бәсекелестікті жоғарылату, отандық мақта тұтынуды арттыру және қосымша құн салығы жоғары дайын тоқыма өнімдерін шығару, жаңа жұмыс орындарын және жоғары технологиялық өндірістерді құру мақсатында құрылған болатын. «Оңтүстік» аймағында бизнесті құру және дамыту үшін барлық қолайлы экономикалық жағдайлар жасаған. Инвесторлар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес корпоративті табыс, мүлік және жер салықтарын, сондай-ақ кедендік баж салықтарын төлеуден босатылған. “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағының басшысы Бақыт Мәуленовтің айтуынша, бүгінгі таңда АЭА аумағында 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында екі инвестициялық жоба іске асырылған. Біріншісі, есілген және иірілген жіптердің өндірісі бойынша «OXY TEXTILE» ЖШС – «Кешенді автоматтандырылған иіру-ширату фабрикасы» жобасы. Жоба «Қазақстанның даму банкі» және «Қазақстанның даму банкі – Лизинг» АҚ-тың қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны – 5 879,8 млн. теңге. Жаңа 260 жұмыс орны құрылды. Жоба – жергілікті мақта талшығын қайта өңдеу үлесін ұлғайтуды, аумақтың және еліміздің тоқыма өнеркәсібін дамытуды, экономиканың бір-бірімен байланысты салаларына оң әсер етуді көздейді. Екіншісі, гигроскопиялық мақта, целлюлоза және кабоксометилцеллюлоза өндірісі бойынша «Хлокопром-Целлюлоза» ЖШС – «Құрамында мақтасы бар шикізаттан ылғал жұтқыш мақта, мақта целлюлозасы және техникалық карбоксиметилцеллюлоза өндірісін ұйымдастыру» жобасы. Жоба «Қазақстанның даму банкі – Лизинг» АҚ-тың қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны – 3 850,0 млн.теңге. Жаңа 237 жұмыс орны құрылды. Бақыт Мәуленов сондай-ақ төмендегідей инвестициялық жобалар іске асырылып жатқанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, «Ютекс-KZ» АҚ иірілген жіптер мен дайын маталар өндірісі бойынша «Жаңашыл тоқыма өндірісін ұйымдастыру» жобасы. Жобаның жалпы құны – 15,7 млрд. теңге. Жаңадан 1041 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «Шымкент-Кашемир» ЖШС қой және түйе жүнінен, сондай-ақ түбіттен сырып тігілген көрпелер өндірісі бойынша «Дайын тоқыма бұйымдарын өндіруді ұйымдастыру» жобасы. Жобаның жалпы құны – 560,1 млн. теңге. Жаңадан 272 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «АГФ» групп» Өндірістік Компаниясы» ЖШС киім өндірісі бойынша «Конвейерлі ағынды тігін фабрикасы және қолданбалы материалдар өндірісі бойынша цех» жобасы. Жобаның жалпы құны – 251 млн. теңге. Жаңадан 300 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «Есенжол-Назар» ЖШС кендірден жасалған кілем өндірісі бойынша «Кілем өнімдерін өндіру жөніндегі тоқыма фабрикасын құру» жобасы. Жобаның жалпы құны – 2,3 млрд. теңге. Жаңадан 52 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «TurKaz Textile» бірлескен кәсіпорны» ЖШС дайын өнімдер өндірісі бойынша «Үй тоқымасы өндірісін ұйымдастыру» жобасы. Жобаның жалпы құны – 10,3 млрд.теңге. Жаңадан 543 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «Чалык» Түрік холдингінің «Дайын өнімдер өндірісі бойынша тоқыма фабрикасының құрылысы» жобасы. Жалпы құны – 43,8 млрд.теңге. Жаңадан 2000 астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында әзірше осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Болашақта мақта кластерін дамыту арқылы тоқыма өнеркәсібінде жетекші салаға айналғалы отырған экономикалық аймақтың келешегі зор. Жақында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің халық алдындағы есебі тыңдалды. Осында сөз сөйлеген кәсіпкерлердің бірі бірқатар әріптестердің аймақ құрамына кіруге ықыласты екендіктерін айтты. Бұл дегеніңіз, оңтүстікте қазақстандық жеңіл өнеркәсіптің серпінді жобалары іске асады дегенді білдіреді.
Осы саладағы өзекті мәселелер өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қатысуымен өткен мақта зауыттарының басшылары мен шаруалардың кездесуінде талқыланды.
Серік Жұманғарин өңірді өнеркәсіптік дамыту жобаларымен танысты. Жақын арада Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара және Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикасын ашу жоспарланып отыр.
Нәтижесінде мақта талшығын терең өңдеу көлемі 17 мыңнан 66 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Мақтаарал ауданында 5 жыл ішінде мақта-тоқыма кешені құрылады, оның ішінде мақта өңдеу зауыты, логистикалық хаб, трикотаж өндірісі, бояу және әрлеу және тігін фабрикалары салынады. Облыстың осы ауданында келер жылы мақта жіп және иірілген жіп өндіретін зауытты іске қосу жоспарлануда. Ал биыл «Turkistan» индустриялық аймағы базасында шұлық бұйымдары мен костюмдер шығаратын кәсіпорынды іске қосу жоспарланған.
Түркістан облысында тәулігіне 2500 тонна томат өндіретін кәсіпорын және сағатына 10 мың шикізат шығаратын мұздатылған кептіру қондырғысы бар зауыт пен жеміс — көкөніс комбинатын салу жұмыстары қолға алынды. Жоба құны 25,5 млрд. теңге тұратын алып өндіріс кешені Шардара ауданында орналасады. 2027 жылы құрылысы аяқталатын тамақ өнеркәсібінде 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Мақтаарал ауданында мақта өңдеу зауыты мен тігін мата фабрикасы салынады. 10 мың гектарға өзбекстандық жоғары сапалы мақта сорты өсіріліп, жыл сайын ауқымы арттырылады.
Түркістан өңірі – Қазақстанда мақта өсіретін және жылыжай шаруашылықтары ең көп шоғырланған жалғыз аймақ. Жалпы ауданы 844 га республикадағы жылыжайлардың 67%-ы оған тиесілі.
Жыл сайын өңірде 300 мың тоннадан астам мақта өндіріледі, 22 мақта өңдеу зауытында 25 мың шаруа жұмыспен қамтылған.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша мәселе күрделі, жағдайды шешу үшін терең өңдеуді қарқынды енгізу қажет.
«Бүгінгі таңда елде мақтаны терең өңдейтін екі ғана кәсіпорын жұмыс істейді, екеуі де Түркістан өңірінде орналасқан, бірақ олардың қуаттылығы өңірде өндірілетін шикізаттың тек 15%-ын ғана өңдеуге мүмкіндік береді. Оны сату құны әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей байланысты болғандықтан, әлемде мақта өнімдерін артық өндірген кезде оның сату бағасы күрт төмендейді», – деп атап өтті Асылан Ибадуллаев.
Серік Жұманғаринмен кездесуде мақта зауыттарының өкілдері мен шаруалар саланың өзекті мәселелерін айтты. Екі негізгі мәселе – субсидиялар және жеңілдетілген несиелеу. Атап айтқанда, шаруалар мақта зауыттарын Аграрлық несие корпорациясы арқылы төмен пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру мәселесін қарастыруды сұрады. Екінші мәселе – аударылған субсидияларды өзгеріссіз қалдыру. Өсімдік шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялаудың қолданыстағы ержелерінде өтпелі өтінім көзделген. Осы механизмге сәйкес шаруа отандық тыңайтқыш өндірушіге тыңайтқыш құнының жартысын төлейді, ал екінші бөлігін субсидия түрінде зауытқа мемлекет тарапынан өтеледі. Дәл осы механизм Түркістан облысында ең көп танымал.