Inicio Қоғам ТҮРКІСТАН: ЕЛБАСЫ ҰСЫНҒАН ҚАҒИДАТТАР ЖИЫНТЫҒЫ ЕЛ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

ТҮРКІСТАН: ЕЛБАСЫ ҰСЫНҒАН ҚАҒИДАТТАР ЖИЫНТЫҒЫ ЕЛ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

Бүгін Түркістан облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері, партияның облыстық филиалы жанынан құрылған үгіт-насихатшылар тобы Елбасы Н.Назарбаевтың «ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ТҰҒЫРЫ» атты қағидаттар жиынтығын талқылау мәжілісін өткізді. Оған облыстық, қалалық мәслихат депуттары, фракция мүшелері мен қоғам белсенділері қатысып, көзқарастарын ортаға салды. Жиынды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды.

Алғашқы сөз Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің «Халықаралық қатынастар» кафедрасының Phd докторы, аға оқытушысы Юсупов Қуанышбекке берілді. Ол баяндамасында: «Кез келген елдің жарқын болашағы – отбасы. Отбасы деген үлкен құндылыққа және отбасы институтының қоғам үшін атқаратын қызметіне әрбір адам мән беруі тиіс деп ойлаймын. Сондықтан бүгінгі таңда отбасы институты әлсіреп, салт-дәстүр ұмытылып бара жатқан кезеңде осы олқылықтардың орнын толтыру үшін Елбасы бізге ел болып қамдануымыз керегін осы қағидаттар жиынтығында жеткізді» – деді.

Басқосуда «Aiqyn» респбуликалық қоғамдық-саяси газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Тельман Бейсен сөз алып, келелі пікірін айтты.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Елбасы, Тұңғыш Президентіміз, барша түркі әлемінің абыз ақсақалы Н.Әбішұлының кешегі өткен Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында ұсынған «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаты өте маңызды. Қазақ қашанда қағидамен өмір сүрген. Жеті тұғыр бір-бірінен ешқандай айырып алмайтын, бір-бірін ұштастырылған жақсы үндеу. Кез келген мемлекеттің ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы бар. Сол болмыстан ажырауға болмайды. Осы қағидат бізге үлкен серпін берді. Жылда Жолдауды асыға күтеміз. Жолдау мемлекетті алға қарай жылжытатын бағдарламасы. Сол бағдарламаның арқасында қаншама жетістіктерге жетіп отырмыз. Рухани-жаңғыру да керемет дүние. Ал «Елдіктің жеті тұғыры» да маңызды дүние» – дейді Тельман Бейсен.

Пікір алмасу барысында облыстық мәслихат депутаты, «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, Ғалымжан Елшібай: «Елдіктің жеті тұғыры – бір-бірімен салаласып, сабақтасып, тағдырласып, тамырласып жатыр. Біріншісіне келсек, Тәуелсіздік. Тәуелсіздіктің тірегі – тіл. Үшіншісі – отбасылық құндылық. Жетіншісі – прагматизм, бәсекеге қабілеттілік. Осы үшеуін бір-бірімен үйлестіріп, байланыстырып көрейік. Біріншіден IT саласында тілмаш бағдарламаларын қазақ тілінде пайдалнуды сол саланың мамандары мен іскер азаматтар қолға алса, қазақ тілі шетелде де бәсекеге қабілеттілігімізді көрсетер еді. Екіншіден, Тәуелсіздіктің төл ұрпақтары қазақша сөйлей алмайтын жағдайлар кездеседі. Ұлттық құндылық, ұлттық мінез бен рух туралы осы жеті тұғырдың ішінде айтылды. Осы мәселеде де ұлттық құндылықты, қазақша сөйлеуге бейімділікті әрқайсымыз өз отбасымыздан, бала тәрбиесінен бастайық», – деді. Мәжілісті қорытындылаған Бейсен Дәулетұлы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, “Елдіктің жеті тұғыры” қағидатының мән-маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, партияның облыстық филиалы жанынан аталған қағидаттар жиынтығын түсіндіру бағытында 35 азаматты қамтитын ақпараттық-насихат топ мүшелері құрылғанын айтты. Олар жеті бағыттағы қағидатты дәріптеу жұмыстарына атсалысатын болады.